Шариғат шәлісін жамылған әйел пойыз жүргізеді
|
Әйелдерді осы заманғы өмір сүру салтына бейімдейтін зайырлы қоғамның өзінде көп кездесе бермейтін кепті шариғат шәлісін жамылған әйелден кездестірсеңіз қандай күйде болар едіңіз? Әлбетте, таңырқайсыз. Тек таңырқап қоймай, сүйсінесіз. Мұмтаз К. Қазы есімді мұсылман ақ жаулықтысы «Азиядағы пойыз жүргізетін алғашқы әйел» атағын жеңіп алды. Осыдан 20 жыл бұрын біздің кейіпкеріміз осы уақытқа дейін тек ер-азаматтар атқарып келген мамандықты игеріп, дизел отынымен жүретін пойыздың жүргізушісі болды. Ол Үндістан- Чатрапати-Шиваджи – Махарадж-Терминус-Тхане бағытындағы пойызды жүргізіп келеді.
Қызық болғанда, Мұмтаз К. Қазы шариғат талаптарын берік ұстанған мұсылман отбасында дүниеге келген. Теміржолшы әкесі қызының да пойыз жүргізгісі келетінін естігенде қызының бұл тілегін құптай қойған жоқ. Алайда, бірбеткей қызының тілегін қабыл етіп, оның осынау кәсіпті игеруіне көмектесті. Жуырда ғана өткен халықаралық әйелдер күнінде Мұмтаз К. Қазы беделді Nari Shakti Puraskar сыйлығын қанжығасына байлады. Әйелдің құқығы мен мүмкіндігін танытуда белсенділік танытқаны үшін. Аталған сыйлықты Үндістанның президенті Пранаб Мукерджи өз қолымен табыс етті. Сондай-ақ, Мұмтаз К. Қазы 1995 жылы тепловозды алғаш жүргізуші әйел ретіндн LIMCA рекордтар кітабына енген еді. Ал 2015 жылы Railways General Manager Award сыйлығын еншіледі.
Жасы 45 келген мұсылман әйел күллі үнді әйелдеріне үлгі болып отыр. Ол осылайша ислам әйелдердің құқығын шектейді деген тар түсінікке тойтарыс беріп отыр. Өзінің табандылығымен, еңбегімен.