|
Роботтарға арналған спорт зал ашылды
|
Мюнхен техникалық университеті мен NEURA Robotics компаниясы бірігіп, әлемдегі алғашқы «роботтарға арналған спорт зал» деп аталатын бірегей жобаны қолға алды. Ерекше жоба TUM RoboGym деп аталды. 2,3 мың шаршы метр ааумақты қамтитын спорт зал Мюнхен әуежайының жанында орналасатын болады. Инвесторлардан аталмыш жобаға 19,8 млн. доллар тартылды, бұдан бөлек, NEURA Robotics12,8 млн долларды роботтарды сатып алуға бөледі. Бұл ғимарат көп ұзамай гуманоидты роботтарды түрлі дағдыларға үйрететін жаттығу алаңына айналады. Бірінші кезекте - жүктерді қораптарға орау немесе бөлшектерден жасалған заттарды жинау сияқты күнделікті операцияларға машықтанады. Мұндай жобаның қажеттілігі әлемде гуманоидты роботтар үшін оқыту контентінің тапшылығынан туындады. Нейрожелілерден айырмашылығы - олар интернеттен түрлі жұмыстар мен әрекеттер көрсетілетін бейнелерді өздігінен іздей алмайды. Десе де мұндай жобаның сәтті шығатынына сарапшылар күмәнмен қарайды. Біріншіден, гуманоидты роботтардың нақты жұмысқа келгенде басқаларына қарағанда тиімділігі аз. Екіншіден, авиалайнерді басқару немесе реакторды жөндеу сияқты күрделі тапсырмаларды орындауға қабілетсіз келеді. Ал қарапайым жұмысты әдетте көп нәрсені білетін адамдарға тапсыру арзанға түседі. Сондықтан орталықтың «түлектеріне» деген сұраныстың боларына әзірге белгісіз.
