Қытай зертханасында тауық ақуызымен күріш дәндері өсірілді
Қытай зертханасында тауық ақуызымен күріш дәндері өсірілді
5 ай бұрын 597 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Қытайлық биоинженерлер ет қосып, қоректік заттарға бай күріш өндіру технологиясын ойлап тапқанын хабарлады. Зертханада тексерілген әдіс «ет жасушаларын тікелей күріш дәндерінде өсіруді» қамтиды. Бұл бағыттағы зерттеу әлі рецензиядан өтпесе де ғылыми ортаны елең еткізді. Бұл жайында islam.kz порталы South China Morning Post мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Күріш дәнінде ет ақуызын өсіру процесі мал шаруашылығына негізделген ет өндірісіне қарағанда экологиялық жағынан таза. Ғалымдар ең алдымен күріш дәндерін «алдын ала өңдейді», дәлірегі, талшыққа және басқа да пайдалы қоректік заттарға бай күрішті таңдап іріктеп алады. Содан кейін оларды зертханада дәндердің бетіне тікелей тауық немесе өзге жануар жасушаларының жұқа қабаттарын өсіру үшін пайдаланады. Бұл тараптағы зерттеу жетекшісі Уан Шоуей бұл күріштің қарапайым күріштен еш айырмашылығы болмайтынын айта келе пісіргеннен кейін күріштің де, еттің де иісі шығатынын алға тартты. Сонымен қатар, ет жасушаларының ақуызы қосылған күріш пісіргеннен кейін кәдімгі күріштің диеталық талшықтарын, көмірсуларын, дәрумендері мен минералдарын сақтайды. Зерттеушілер осылайша құрамы қоректік заттарға бай тағам түрін ұсынып отыр. Ет өндірісі, дәлірегі, мал шаруашылығы қоршаған ортаға орасан зор ауыртпалық түсіреді. Ол жер, су ресурстарын және энергияны көп қажет етеді және атмосфераға парниктік газдардың көптеп бөлінуіне ықпал етеді. Сондықтан мұндай технология экологияға зиянын тигізбейді әрі жылдан жылға қарасы көбейіп келе жатқан адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Осы орайда жасанды ет балдырлардан, жәндіктерден, генетикалық түрлендірілген дақылдардан алынатынын және  3D принтерде басып шығарылатынын айта кетпекпіз.

0 пікір
Мұрағат