ҚАЗАҚТАР ДУБАЙДАН ЕТ ДҮКЕНІН АШТЫ (ВИДЕО)
ҚАЗАҚТАР ДУБАЙДАН ЕТ ДҮКЕНІН АШТЫ (ВИДЕО)
1 жыл бұрын 780 24.kz Бибігүл Ғаділбекқызы, Нұраш Райс

Дубайда алғашқы қазақстандық тауарлар дүкені ашылды. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі мәлім етеді.

Енді қазақтың қазы-қартасы мен жал-жаясы Әмірліктер жерінде де қолжетімді. Бұдан бөлек табиғи бал, кондитерлік өнімдер де сатылады. Қазір Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы алыс беріс көлемі артқан. Тауар айналымы 632 миллион АҚШ долларына жетті.  Екі ел арасындағы салықсыз режим, экономикалық байланыс пен сұраныс отандық кәсіпкерлердің еркін бизнес жасауына қолайлы жағдай туғызып отыр.

Енді Дубайда қазақтың ет дүкені бар. Сауда орнын қазақстандық екі жігіт бірігіп ашты. Алғашқыда қос кәсіпкер бұл елге тек ет экспорттаумен айналысқан. Кейін жергілікті нарықты зерттеп әріптестік бизнес бастады. Жуырда осындай үш дүкен ашуды көздеп отыр. 

Алмат Берденов, кәсіпкер: - Дүниежүзілік бәсекелестік қой. Бүкіл дүниежүзінен келіп жатыр тауарлар. Бұл еттің мәселесінде де. Пәкістаннан, Индиядан, Африкадан барлық жақтан келіп жатыр. Бағалары әртүрлі. Сондықтан, өзінің өнімі нарыққа әкеле салып, сата салған оңай емес. Адамдарға таныстыру керек. Сондықтан осы төрт жылдан бері Қазақстанның етін осы әмірлікте ұсынып жатырмыз. Негізі танымал болып жатыр.

Қазақ даласында жайылған төрт-түліктің етіне сұраныс көп.  Экологиялық таза өнімдер бұл елде жоғары бағаланады. Кәсіпкерлер етті Алматы мен Жамбыл облыстарынан тасмалдайды. Негізінен қой, сиыр мен жылқы етін жеткізеді. Аптасына 3 тонна ет өткізуге мүмкіндік бар.

Мақсат Мирзаев, кәсіпкер: - Қазір бізде қойдың еті бар, сиырдың етін әкелеміз. Жақында өзіміздің жерлестеріміздің сұранысымен конина, жылқы еті де келеді. Осы жерде қазыны да жасаймыз. Пельмени жасаймыз, барлық продукт Қазақстанның етінен болады. Арабтарға өте ұнайды, өйткені, осы елдің қойына ұқсас қазақи қой дейді құйрығымен, олардың да құйрық қойлары бар. Сондықтан дәмі сәйкес келеді соларға.

Дүкеннің ашылу рәсіміне осы елдегі отандастар көп жиналды. Дәстүр бойынша шашу шашылды. Қазы-қарта, жал-жая дәмін сағынғандар ет алып саудасын жүргізді. Енді қазақстандық кәсіпкерлер «ет сатумен шектелмейміз»,- дейді. Олар ұлттық брендтерімізді әлемге танылтып, сауда-саттықты дамытуды  мақсат етіп отыр. 

0 пікір
Мұрағат