Қазақстандық арабтанушы студенттер Катарда тағылымдамадан өте алады
|
Қазақстан Катармен арабтанушы студенттердің тағылымдамадан өтуіне қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР СІМ өткен брифингте Қазақстанның Катардағы төтенше және өкілетті елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті.
«Катар мемлекетінің білім министрлігімен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Осы айдың басында мен Катардың білім министрімен кездестім. Кездесу барысында екі елдің ЖОО-дағы оқытушылары мен студенттерінің тәжірибе алмасуына қатысты келіссөз жүргіздік. Шығыстану факультетінің түлегі әрі арабтанушы маман ретінде мен үшін бұл келісімнің маңызды екенін атап өткім келеді. Әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ және басқа жоғары оқу орындарында білім алып жатқан арабтанушы мамандардың Катарда тағылымдамадан өтуі маңызды», - деді ол.
БОЛГАР ИСЛАМ АКАДЕМИЯСЫНДА ОҚУ АРАБ ТІЛІНДЕ ЖҮРГІЗІЛМЕК
Болгар ислам академиясы магистратура мен доктарантура бағдарламалары бойынша жыл сайын 25 адам қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресей ислам институтының ректоры Рафик Мухаметшин хабарлады. Ол: «Болгар академиясында профессорлар негізінен араб елдерінен келеді. Дәрістер араб тілінде жүргізіледі. Сондықтан араб тілі мен ислам негіздерін жетік білу – негізгі талаптардың бірі»-деді. Оның сөзіне сүйенсек, академияда классикалық ислам бағыттары болады: ислам құқығы, Құрантану, хадистану. Египет, Марокко, Сирия, Иордания сынды елдерден белгілі дін мамандары оқытушылыққа шақыртылмақ.
Швеция билігі имамдарға арналған курстар ашпақ
Швеция билігі алғаш рет қаржыландырғалы отырған имамдар курсы Стокгольмде алдағы күзде басталады. Дәрістің басты мақсаты дін қызметкерлерін дәстүрлі исламның негіздерімен таныстырып, шетелдегі діни радикалдық түсініктердің таралуына жол бермеу болып табылады. Стокгольмде ислам бағдарламасына келесі оқу жылында білім беру бойынша үкіметтік грант бөлінді, деп хабарлайды RTсайты. Оқу бағдарламасы бір жылға шақталған. Онда исламның діни ілімдері негіздері мен дін басшысы болу үшін өз білім жалғастырғысы келетіндер үшін нұсқаулық лекциялар оқылады.