Қазақстанда зағип балаларға арнап жұмсақ матадан кітаптар шығарылды
Қазақстанда зағип балаларға арнап жұмсақ матадан кітаптар шығарылды
7 жыл бұрын 4711 Назерке Абибулла

Орталық коммуникациялар қызметінде «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында көру қабілеті нашар балаларға арналған тактильді оқу құралдарының таныстырылымы өтті, деп xабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 145 мың бала бар. Оның ішінде 10 мың баланың көру қабілетіне зақым келген. Ал Қазақстан мектептерінде 420 зағип бала білім алады. Арнайы оқу-әдістемелік материалдармен бұл балалар аз қамтылған. Дегенмен бұл мәселені шешу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі «Ашық әлем» Жастар еріктілер үйі» ҚҚ мен «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры бірлесе көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы тактильді кітаптар басып шығарды.

«Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігімен зағип балаларға арналған Брайль қарпімен терілген оқулықтар, көру қабілеті төмен балаларға арналған ірі қаріпті оқулықтар мен ОӘК қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесе отырып жүзеге асырылып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында қазір көру қабілеті нашар және зағип балаларға арналған тактильді оқулықтар дайындалды», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің инклюзивтік және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Айгерім Күдеринова.

Оның айтуынша бұл жоба бюджет есебінен жүзеге аспайтынын айтады. Бұдан бөлек 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, көру қабілеті төмен балаларға (Брайль бойынша) және ақыл-ойында ауытқуы бар балаларға арналған оқулықтар әзірлеу жоспарланып отыр. Республикалық бюджетте зағип және көру қабілеті төмен балаларға арналған оқулықтар мен ОӘК-ні кезең-кезеңмен әзірлеу үшін жыл сайынғы қаржы қарастырылған.

«Осы жылы Қазақстанда алғаш рет жаңартылған бағдарламаға сәйкес Брайль жүйесі бойынша «Сауат ашу» және «Сауаттылықты дамыту» 1-сынып оқушыларына арналған оқулықтар мен ОӘК дайындалды. Осы ретте «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасы біз үшін өте маңызды болып отыр. Басып шығарылған барлық 250 кітап тиісті білім беру мекемелеріне табысталатын болады”, - деді ол.

Бұл тактильді кітаптар Қазақстан бойынша көзі нашар көретін балаларға арналған 29 мамандандырылған мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріне таратылады.

Тактильді кітаптардың басты мақсаты – көзі нашар көретін балаларға қоршаған ортаны танып-білуіне көмектесу. Қазақстандағы барлық 100 түзету мектебін тиісті құралдармен жабдықтау «Samruk-Kazyna Trust» қорының басты мақсаттарының бірі. Алдағы уақытта жаңа құрал-жабдықтарды Қазақстанның 7 облысындағы 85 мектеп алатын болады. 2017 жылдың соңына дейін Қор құлағы нашар еститін және көзі дұрыс көрмейтін балаларға арналған түзету мектептерінің барлығын дидактикалық және сенсорлық құралдармен қамтамасыз етеді. Бұл кітаптардың ерекшелігі – жұмсақ матадан жасалған және оны жууға болады.

0 пікір
Мұрағат