Қалалардың дамуы табиғаттың флорасы мен фаунасына қалай әсер етеді? – The Guardian
Қалалардың дамуы табиғаттың флорасы мен фаунасына қалай әсер етеді? – The Guardian
6 жыл бұрын 4336 Алтынай Қуанышбек

Жан-жануарлар қалаларда өздерінің өмір сүру тәртібін өзгертіп, драматикалық және басқа да керемет жолдармен жаңа эволюцияға ұшырайды, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardianбасылымына сілтеме жасап. 

Бұл мақала Quercus баспасы жариялаған Мэнно Шильтюйзеннің «Дарвин қалаларға барады» («Darwin comes to town») атты кітап мазмұнының негізінде жазылған.

Франция мен Португалия ойнаған Евро-2016 финалы жақындағанда Париждегі Стад-де-Франс қызметкерлері стадионнан қауіпсіздік туралы ескерту таратып барып кетті. Содан кейін бос алаңға жанып тұрған жарық прожекторлар арқылы мыңдаған көбелек келіп қонғаны анық көрінді. Лампаның ыстығынан өлмеген көбелектер ойын алаңындағы шөптерге барып қонды. Тек стадиондағы жарық сөндірілгеннен кейін ғана көбелектер үлкен матч өткен күні бойы көзден тасаланды.

Матч өз мәресіне жеткеннен кейін 80 мың көрермен өз орындарын тастап кетті. Жарық қайта жанды. Ұйқыдағы мыңдаған көбелектер оянып, ойыншылар арасында зигзаг жасап ұшып жүрді. Бұл түнде түсірілген суреттер футбол шенеуніктерін ашуландырғаны рас. Себебі, олар бір-бірінің үстіне қонған көбелектерді алып тастап, айналасын тазалаумен болды. Кейбірі телекамералардың линзаларын жауып, сол жерді аңдып тұрды.

Сол кеште ең әсерлі болған суреттердің бірі – футболшы Криштиану Роналду жарақат алып, орнынан тұра алмай отырғанда Silver Y көбелектерінің бірі оның көз жасын жанап өткені болды.

Португалиялық супержұлдыз дәл аңғарғандай, қаланың дамуы мен табиғат әлемінің бірігуі ерекше құбылыстарға әкелуі мүмкін. Бұл ретте қалалар ғалымдарға айналып, ақылға қонбайтын түрлі экологиялық жайттарға әкелуі мүмкін. Оның ішінде, қалалар қазанында табиғатқа жат элементтер пайда болуы да ғажап емес. Одан кейін жасанды жарық, ластану көрсеткіші, тас көшелер секілді көптеген проблемалар да бұл ретте әсер етпей қоймасы анық. Бүкіл әлем бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулердің барлығы жаһандану мен урбанизацияның жан-жануар эволюциясы мен табиғатына ерекше әсер етіп жатқанын көрсетеді.

Расымен де, бүгінгі таңда эволюцияны зерттейтін биологтарға Галапагос секілді алыс-алыс жерлерге барып, видео түсіріп, эволюция барысында пайда болған жаңа түрлерді зерттеп жатудың қажеттілігі азайған. Бүгінде бұл процесс қалаларда да, сол ғалымдар өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан жерлерде де жүріп жатыр.

Қаладағы эволюция

Қалалар тұрғылықты халқына байланысты ерекшеленеді. Олардың кейбірі бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен келген иммигранттардың жиналып, бір жерге қоныстануынан пайда болған. Адамзат бүкіл әлем бойынша флора мен фаунаның кейде жоспарлы түрде, кейде кездейсоқ өзгеруіне әсер еткен. Тіпті, сауда жасап, жер аралап жүріп те олар еріксіз бұл процестің өзгеруіне себепші болған.

Мысалы, Сингапурде көп кездесетін ява құстары бұл қалаға Индонезиядан 1925 жылы келген. Ол кезде бұл құстарды халық ерекше виртуозды имперсонатор ретінде қабылдаған. Ал бүгінде бұл құстар қаладағы адам санынан да көп екені айтылып жүр. Сондай-ақ, олар шығаратын шу да бүкіл қаланы басына көтеріп, тұрғындардың айғайынан да асып түсетіні айтылып жүр. Ал Үндістан мен Африкадан келген ашық жасыл тотықұс Еуропа қалаларында көптеп кездеседі. Оған 20-ғасырдағы сауда-саттықтың әсері болса керек. Сонымен қатар, Лондонда Грекиядан әкелінген талшын ағаштардың ұрығы кең тараған.

1974 жылы Брюссельде 40 тотықұс әкелінде. Сол кездегі бельгиялық кәсіпкер, зоопарк иесі оларды асырап, бүгінде бұл құстар санын 30 мыңға жеткізіп отыр.

XIX ғасырдың соңында Евгений Шиффелин есімді адам Шекспир шығармаларында аты аталатын барлық құстарды АҚШ-қа апару туралы шешім қабылдайды. Ал 1890 және 1891 жылдары ол Англиядан 80 жұп еуропалық қараторғайды (Генрих 4 пьесасы, 1 бөлім) апарып, Нью-Йорктің Орталық саябағына ұшырады. Ал бүгінде Солтүстік Америка халқы қанша болса, қараторғай да соншалықты екені есептеліп отыр.

Біздің бау-бақша, балкондар мен саябақтар әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктерге толып тұр. Бұлар өз кезегінде континенттің әр нүктесінен келген жан-жануарларға азық болып жатыр. Мысалы, Малайзияда еуропалық кептерлер гибискус деп аталатын қытай гүлдерімен қоректенеді. Ал Пертада 1898 жылы Үндістаннан әкелінген солтүстік тиіні африкалық пальма жемістері мен қаладағы басқа да экзотикалық өсмдіктермен қоректену арқылы көбейді.

Адам белсендігілі ерекше байқалатын жерлерде жан-жануарлардың жаңа экзотикалық түрлері пайда болады. Ал қалалық экожүйеге эволюцияның жылы мен жасы емес, халық белсенділігінің жылдам немесе баяу дамуы әсер етеді. Тіпті, урбанизация жан-жануарлардың өзін өзі ұстауына да, табиғи тәртіптерінің өзгеруіне де ықпал еткені байқалады.

Сендай қарғалары

Жапонияның Сендай қаласында жергілікті қарғалар көлік қозғалысынан қалай азық тауып, қоректену мүмкіндігін тапқан. Тіпті, жаңғақтарын шағу әдісін де жасап алған. Олар ақырын жүріп жатқан автокөліктер арасына жаңғақтарды тастайды да, көлік өтіп кеткен соң қоректерін көтереді.

Ұлыбританияда өмір сүрген сары, қара, көк түсті ән салатын құстар да жүздеген жыл бойы қалалардың сәні болды. Бірақ, олардың сүт бөтелкелерін ашып алу шеберлігі халықтың ашуына тиді. Ал сүт өндірушілер сүт ыдыстарының қақпақтарын темірден істей бастағанда, құстар оларды тұмсығымен тесіп, ішіндегі фольганы тартуды да меңгеріп алды.

Венада өрмекшілер табиғи түрде қараңғы жерде өмір сүруді ұнататынымен, көпір маңында флуоресцентті лампалармен жарықтандырылған жерді таңдағаны байқалған. Кейін белгілі болғандай, жасанды жарық ортада олар қараңғыдағы өрмекшілерге қарағанда торларына төрт есе көп азық түсірген екен.

Бір қызығы, Мексикадағы орнитологтар үй торғайларының ұяларынан темекі тұқылын көптеп тапқанда қатты таңғалған. Бұл ұяны жайлы етіп, жұмсарту үшін шығар деген де болжамдар жасалған. Бірақ, кейін белгілі болғандай, никотин – жәндіктерге, құрт-құмырсқаларға, шыбын-шіркейлерге қарсы құрал болып шыққан. Яғни, сол арқылы жәндіктерді торғайлар қорқынышта ұстай алған.

Қалалардың дамуы жан-жануарлардың тек әрекеттері мен өмір сүру салтына ғана әсер етпеген. Урбинизация сондай-ақ жан-жануарлар эволюциясын да өзгерткен.

АҚШ ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, америкалық қарлығаштар қанатының өлшемі 1980 жылдардағы бетон көпірлеріне қона алатындай болса, бүгінгі таңда екі миллиметрге қысқарғанын анықтап отыр. Әрине, бұл көп өзгеріс емес. Дегенмен, көпір маңындағы құстардың өлу көрсеткішінде көп өзгеріс байқалған. Мысалы, 2010 жылы жол бойынша өлген құстардың қанаты тірі құстарға қарағанда бр жарым сантиметрге ұзынырақ болған. Сондай-ақ көлік қозғалысының өзгермегенін, тіпті, жылдан жылға артып жатқанына қарамастан құстар өлімі 90%-ға азайған.

Құстар қанатының пішіні – эволюция әсер ететін дүние емес. Ол құстың өмір сүру салтына тығыз байланысты болады. Ұзын үшкір қанаттар еш кедергісіз жерде жылдам ұшуға мүмкіндік береді. Ал қысқа әрі ұшы дөңгеленіп келетін құстар жылдам бұрылып, тез ұшып-қонуға ыңғайлы келеді.

Бұдан шығатын қорытынды: қарлығаштар қанатының қысқаруына асфальттан ұшу, қарсы келе жатқан көліктен сақтану қажеттілігі әсер еткен. Бұл өз кезегінде қысқа қанатты гендердің тарауына әкеледі. Ал қанаты ауыр әрі ұзын қарлығаштар қалалы жерде өмір сүре алмай, өліп тынады. Ал тірі қалған құстар көлік қозғалысынан қашуға бейімделе береді. Осылайша құстардың өлуі де кеми түседі.

Зерттеушілер Солтүстік Америкадағы сегіз табиғи тарих музейіндегі құс коллекционерлерімен ақылдасқан кезде оларға 312 қараторғайдың қанаттарын өлшеткен. Бұл зерттеу нәтижесі көпшілік үшін қызық болды. Қараторғай қанаттарының уақыт өте келе дөңгелектене бастағаны байқалды. Бұның себебі – ұшуға мүмкіндік беретін екінші қауырсын (құс денесіне жақын «астыңғы қол») 4%−ға ұзарған.

Бұл ұшы дөңгеленген қанаттардың қараторғайлардың жылдам әрекет етуіне әсер еткен. Шиффелин қараторғайлардың аталарын 120 жыл бұрын Орталық саябаққа ұшырғалы бері Солтүстік Американың батысындағы адам популяциясы шамамен елу есе артты. Яғни, урбанизация деңгейі артып, мегаполисте құстар үшін жаңа қауіп-қатерлер пайда болды. Оның ішінде мысықтар мен автокөліктер санының артқанын ерекше атап өтуге болады. Ғалымдар америкалық қараторғайлар қанаты пішінінің өзгеруіне осы факторлар әсер етуі мүмкін деп болжам жасап отыр. Себебі мұндай қанаттар оларға мысықтан қашып, жылдамдық арттырған автокөліктерге соғылмауға мүмкіндік береді.

Қалалардың дамуы, тіпті, жан-жануарлардың жаңа түрінің пайда болуына әсер еткен. Мысалы, Turdus merula атты қара барылдақ торғай – қала құстарының ең ерте пайда болған және ең ерекше түрі.

Turdus urbanicus

Біріншіден, қалаларда қара барылдақ торғай қыстай бастады. Кейіннен, шамамен ондаған жылдардан соң қыстауға келген құстардың кейбірі көктемге қалып, көбейе берді. Бара бара олар миграциядан мүлде бас тартып, орманды тастап, қала құстарына айналды.

Бұл құстар туралы баяндамалар мен анықтамалықтардан табуға болатын ақпарат. Қара барылдауық торғайдың не істейтінін расымен түсіну үшін, оның атасы – орман барылдауық торғайынан қазіргі түрдің қандай айырмашылығы бар екенін білу үшін соңғы жирыма жылдағы қара құсты зерттеген ғалымдардың жұмысына, қала индустриясының оларға әсеріне ерекше мән бергеніміз жөн. Әрбір Еуропа мемлекетінде биологтар тобы осы бір ғана құс төңірегінде зерттеу жүргізіп, қала эволюциясын түгелімен қарастырып шықты. Бұл зерттеушілердің барлығы да тек бір бағытта жұмыс істеді – қаралық қара құс жеке түр ретінде эволюцияланған. Яғни, жаңа түр пайда болған.

Барлық Еуропа мен Солтүстік Африкадағы қалалық қара барылдауық торғайлардың ормандағы түрге қарағанда қанаттары қысқа болып шыққан. Бұған қаладағы қорек алатын жерлердің тікенексіз, таскенесіз болуы әсер еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ, дәл осы фактор әсер етті ме, әлде басқа себептен бе, қалалық құстардың тұмсықтары да өзгеше болып шыққан. Сонымен қатар, қаладағы шу құстардың дыбыс шығаруына да, дыбыс шығару уақытына да әсер еткен.

Ниерландтағы зерттеушілер үш мыңнан астам құстың дыбысын жазып алған. Олар келтірген зерттеу мәліметтері көрсеткендей, қалалық қара барылдауықтың дыбысы ормандағы түрге қарағанда мүлдем басқаша шыққан. Пол Маккартни болжағандай, неміс зерттеушілері қалалық қарабарылдауықтардың түннің ортасында ән салатыны анықталған. Лейпциг ортасында құстар түнгі сағат үштен бастап күн шыққанша, яғни, көліктер мен трамвайлар қозғалысы басталғанға дейін ән салған. Ал ормандағы қарабарылдауықтар тек таң атқанда ғана дыбыс шығарады. Қаладағы қара барылдауықтар жыл басында көбейеді, себебі олардың биологиялық сағаты бір айға алда жүреді.

Қалалық қара барылдауық торғайлардың ерте көбею себебінің бірі – бұл құстар миграцияланбайды, яғни, көшіп-қонбайды. Олар қысты қалада өткізеді. Өздеріне қажетті азық-түлікті молынан жинап алады да, өздері қалаған уақытта көбейе береді. Орман құстары көбінесе көшіп-қонып жүреді. Кейде суықтан қашады, кейде азық жетіспеушілігінен көшеді. Бұл құстар оңтүстік өңірлерде қыстайды. Сонымен қатар, тек отанына қайтып келген соң ғана көбейе алады. Ал бұл уақытта қаладағы қара барылдауықтар ұяларына жайғасып, көбейіп үлгереді.

Зертханада орман және қала барылдауық торғай арасында көптеген өзгешеліктер бар екені білгілі болды. Осылайша олардың табиғаты басқа, генетикасы өзгергендіктен, оларды жеке түр ретінде қарастырудың дұрыс екені анықталды. Яғни, олар әртүрлі өмір сүретін бір құстар емес, мүлдем екі түрлі құс екені айтылды.

Бүгінгі таңда Турдус Мерула жаңа түр шығарды деп айтуға болады. Бірақ, бұл уақыттың еншісінде. Жаңа түр Turdus urbanicus деп аталады. Алайда, бұл процестің аяқталуына әлі де уақыт керек.

Turdus urbanicus – қалада пайда болған жаңа түр ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Яғни, қалада эволюцияланған жаңа түр.

Қалалар Жер шарындағы жаңа құбылысқа әсер етуін тоқтатпайды. Бүгінде қаладағы жан-жануарлар мен өсімдіктердің көпшілігі енді ғана бейімделе бастады. Кейбіріне жүздеген жылдар, кейбіріне тіпті мыңжылдықтар қажет болуы мүмкін. Дегенмен, болашақта біз урбанизацияланған табиғатты сақтап қала алсақ, болашақ ұрпақ мүлдем жаңа қала экожүйесі мен ерекше эволюцияға куә болады.

0 пікір
Мұрағат