Қазір ел ішінде «Зейнетақы қорындағы мол қаражат талан-таражға түсіпті, енді ешкім де ала алмайды екен» дегендей әңгіме көп. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Астана филиалының мамандары осындай алып-қашпа әңгімеге нүкте қойғандай болды.
Зейнетақы қорында қанша қаражатыңыз бар екенін білесіз бе?
|
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнетақы жарналарының сақталуына толық кепілдік бар. 1998 жылдан бастап Қазақстанда бірнеше зейнетақы қоры болғаны белгілі. Жарнамасы жақсы болса, салымшылар бір қордан екіншісіне оңай ауыса беретін еді. Осыған 2013 жылы тоқтау қойылды. Қаптаған зейнетақы қорлары бірыңғай жинақтау жүйесіне біріктіріліп, акционерлік қоғамға айналған болатын. Бұл қордың құрылтайшысы әрі ондағы жарналардың сақталуына кепілдік беруші – Қазақстан Республикасының Үкіметі.
– Тағы бір баса айтатын мәселе – зейнетақы қоры тек зейнет жасындағы адамдарға ғана қатысты деген қате түсінік бар. Жоқ, бұл үлкендерге де, жастарға да қатысты. Жұмыс берушілер еңбек етіп жүрген адамдар үшін ай сайын зейнетақы жарнасын аударуға міндетті. Екіжақты келісімшартта бұл тайға таңба басқандай көрсетілуі тиіс. Кейбір жастар «Неге біздің шотымызға жарна түспеген?» деген сауал қояды. Бұл сұрақты өздерінің жұмыс берушілеріне қою керек. Бұған біз араласа алмаймыз, бұл салық органдары мен басқа да тиісті тексеру мекемелерінің құзыретіне жатады, – дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Астана филиалы директорының міндетін атқарушы Мұрат Шәріпов. – Бүгінгі «Ашық есік» күнін көпшіліктің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына байланысты осындай сауалдарына нақты жауап беру үшін арнайы ұйымдастырдық.
Көп адам өзінің жеке зейнетақы шотында қанша жарна жинақталғанын біле бермейді. Оған мән бермейтіндер де аз емес. Ал, негізінде бұл туралы ақпарат алудың ешқандай да қиындығы жоқ. Оның түрлі жолдары бар. Соның бірі – мобильді қосымша. Android, iOS және Windows Phone операциялары бойынша смартфондар мен планшеттерге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандары әзірлеген ақпараттарды мобильді қосымша арқылы алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште көрсетілген электронды пошта бойынша да ақпараттар алуға болады. Қажет десеңіз, мекен-жайыңызға пошта арқылы жібереді. Демек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына байланысты жан-жақты және толық ақпарат алуға мүмкіндік бар деген сөз. Осы арқылы әркім өз зейнетақы шотындағы деректерді тексере алады. Жарна уақтылы аударылмай жатса, дабыл қағуына болады. «Ашық есік» күніне осындай жағдайға тап болғандар әдейі келген екен. Олар зейнетақы жарналары түсіп жатыр ма, жоқ па, дер кезінде ақпарат алмаған, тексермеген. Нәтижесінде бірнеше айдың зейнетақы жарнасы аударылмағаны белгілі болған. Сол екі ортада олар жұмыс істейтін компания банкротқа ұшыраған. Мұндай жағдай көптеген еңбек ұжымдарына тән. Осындайға тап болмас үшін шотыңызды ай сайын қадағалап, тиісті ақпараттарды алған артық болмайды.
«Жинақталған қаражатты қай уақытта және қанша мөлшерде алуға болады?». «Ашық есік» күніне келушілердің көбі осындай сауалға жауап алғысы келді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша төлемдер заң шеңберінде орындалады. Салымшы зейнеткерлікке шыққан кезде жинақтаушы зейнетақы шотынан 844 440 теңгені алуға мүмкіндігі бар. Егер шотындағы қаржы бұдан көп болса, оны тиісті тәртіппен бірте-бірте алады. Бұл ең төменгі зейнетақының 30 есе мөлшері. Егер салымшы қайтыс болған жағдайда оның жинаған жарнасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сай мұраға қалдырылады.
Қамсыз қарттық үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының орны ерекше екенін түсінген абзал.