Қарулы шабуыл кезінде қандай әрекетке бару керек? (видео)
|
Соңғы 3 жылда әлем бойынша, қауіпті шабуылдардан көз жұмғандар саны 80 пайызға өсті. Оның ішінде 51 пайызы лаңкестік әрекеттерден қаза болған. Мұндай статистиканы халықаралық экономика және әлем институты жариялап отыр. Олардың есептеуінше, осы уақыт аралығында жаһан елдері экстремистік іс-әрекеттер кесірінен 52,9 млрд долларға жуық залал шеккен. Одан бұрын көп адам қаза болды. Сондықтан, қауіпсіздік шаралары алдыңғы орынға шығып отыр. Эльвира Тағайқызы, тілші: - Жаһанды жайлаған лаңкестік оған дайын болудан басқа амал қалдырмай отыр. Бұрын тек шытырман кинолардан көріп жүрген қанды оқиғалар бүгін күнделікті жағдайға айналды. Әлемнің қай түкпірін алсаңыз да қауіпсіз деп айта алмайсыз. Осы кезде әр азаматтың қауіпсіздік кезінде өзін қалай ұстауы қажет екенін білуі шарт. Егер өмірін сақтап қалғысы келсе, әрине. Жаман айтпай жақсы жоқ. Бірақ, қауіп ошағында қалған болсаңыз ең алдымен әбіргерге салынбау қажет. Оқиға орнынан қашуды, тіпті, ұмытыңыз. Ондайда қаскөйлер сізден қауіптеніп, бірден оқ жаудыруы мүмкін. Одан да жақын жердегі панаға тығылғаныныз дұрыс. Айналаға көз тігіп, атыс-шабыстан әрірек кетудің жағдайын жасау қажет. Бірақ, таса іздеп, көлікке тығылмағанының жөн. Әдетте қырғын кезінде қылмыскерлер ең алдымен көліктерді жарып немесе оларға оқ жаудырып жатады. Өзіңіз де жолаушылап, көлікпен келе жатқан болсаңыз, оны жолдың жиегіне қалдырып, жаяу қауіпсіз жерге барғаныңыз абзал. Ал қылмыскермен бетпе-бет келген жағдайда одан көзіңізді тайдырып, келбетіне мүлдем қарамауға тырысыңыз. Себебі, олардың кез келгені өзін басқалардың танып қалуын қаламайды. Оған қарап айқайлап, мінез көрсетуден де аулақ болғаныныз жақсы. Адам көп шоғырланған орындарда болсаңыз, барлығымен бірге үрейге бой алдырмаңыз және топпен бір бағытқа қарай қашпаңыз. Ондайда әдетте сығылысу басталып, аяқ астында қалып кетуіңіз мүмкін. Мазасы кетіп, жан-жаққа бытырлай қашқан халық қарулы қылмыскерлердің нысанасына айналады. Ең бастысы – сабырлық. Барлық жағдайға байыппен қарап, асықпай аңдап басу. Айтуға оңай. Бірақ, осы ережелер ғана өміріңізді сақтап, кез келген шабуылдан үйге аман оралуыңызға мүмкіндік береді.