Ерте ояну әдетін қалай оңай қалыптастырамыз?
Ерте ояну әдетін қалай оңай қалыптастырамыз?
8 жыл бұрын 14928 szh.kz

Бір күнде барлығына үлгеру үшін, ерте тұру керек екенін сіз де жақсы білерсіз. Бүгінгі материал осы тұрғыдан көмекші болмақ. Алайда мұнда айтылған кеңестерді бірден орындаудың қажеті жоқ. Тек төмендегі ақыл-кеңестің өзіңізге қолайлысын таңдауыңыз қажет.

Ақжарқын Қыдырханова

1.  Ұйқыдан ояну уақытын біртіндеп өзгертіңіз. Әдеттегіден бірден ерте емес, 15-30 минуттан ертерек тұруға бейімделіңіз. Мұны бірнеше күндер аралығында орындағаныңыз жөн. Сондай-ақ көздеген межеге қол жеткізгенше, бұл әрекетті жалғасытыра беріңіз.

2. Ерте ұйықтауға бейімделіңіз. Кеш ұйықтайтын болсаңыз, әлбетте ерте тұру қиын. Мұны да бірден қолданудың қажеті жоқ. Бүгін 23.00, ертең 22.30, содан кейін 22.00-де ұйқыға аттаныңыз. Егер сағат кешкі 10-да ұйықтайтын болсаңыз, еш қиындықсыз таңғы 5.00-де оянасыз.

3. Қоңыраулы сағатты төсегіңізден алыс жерге қойыңыз. Егер оятар қасыңызда болса, оңай сөндіріп, ұйқыны жалғастыруыңыз ғажап емес.

4. Оятарды өшіргеннен кейін бірден жатын бөлмеден шығып кетіңіз. Сағатыңыздың үнін өшіріп қайтадан төсекке отырмаңыз, «5 минут жата тұрайын» деген ұйқы тілегінен тіптен бас тартыңыз. Ол үшін жай ғана ас бөлмеге барып, су ішіңіз. Салқын яки жылымық сумен беті-қолыңызды шайыңыз.

5. Кесірлі ойдан аулақ болыңыз. Егер сізге миыңыз «сен бүгін ерте тұрдың, ұйқың қанбады» деген сигнал беретін болса, онда сіз сол күні шаршаңқы жүресіз. Таңды позитивпен бастаңыз! Күн нұрына қуанып, құстардың әдемі үнінен рахат алыңыз.

6. Күндіз бір сәт демалыңыз. Егер күні бойы ұйқыңыздың қанбағанын сезініп жүрген болсаңыз, бір сәт тынығып алудан қашпаңыз. Кешке де қатты шаршамайтын боласыз. Күндіз 30 минуттан 1,5 сағатқа дейін ұйықтауға кеңес береміз.

7. Оятарды әр күні бір уақытқа қойыңыз. Әдет адамда 21 күнде қалыптасады. Кей адамдарда бұл процесс жылдам орындалуы мүмкін. Егер әдет қалыптасса, қоңыраусыз өзіңіз оянатын боласыз.

8. Ерте тұруды шынайы қалау. Қазіргі уақытта ішкі талпыныс пен шынайы мақсат ете білудің күшін барлығы білетін болар. Егер жан-тәніңізбен ерте тұруды әдет ретінде қалыптастыруды қаласаңыз, көздеген нәтижеге қол жеткізе аласыз.

0 пікір
Мұрағат