Бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімі қысқарды
Бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімі қысқарды
8 жыл бұрын 7075 Дәурен Ерболат

Бұрын бала асырап алғысы келетін азамат мемлекеттік органға 19 құжат тапсырып келген. Ал қазіргі таңда ол құжаттардың саны 8-ге дейін қысқарған. Бұл туралы Baq.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берген ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хатында айтылады. 

ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы кодексін қабылдағанға дейін (2011 жыл, желтоқсан) баланы асырап алуға тілек білдірген азаматтардан 19 құжатқа дейін талап етілген. Ал бүгінгі күні құжат тізімі 8 құжатқа дейін азайды. Яғни, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматы болып саналатын және балаларды асырап алуға тілек білдірген баланың туыстары бала тұратын жердегі органға немесе республикалық деректер банкі арқылы тек қана 8 құжат тапсырады.

Олар:

1.Өтініш;

2.Жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3.Тұрғын жайға меншік құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын растайтын құжат (тұрғын үй жағдайларын тексеріп-қарау акті)

4.Жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама;

5.Отбасының жағдайы туралы анықтама;

6.Денсаулық жағдайы туралы анықтама;

7.Сотталмағандығы туралы анықтама;

8.Баланы асырап алуға жақын туыстарының жазбаша келісімі», - делінген министрліктен келген хатта.

Елімізде 2000-нан астам отбасы бала асырап алғысы келеді – БҒМ

«2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар әрі балаларды асырап алғысы келетін отбасылардың республикалық деректер банкі жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда деректер базасында 7 236 бала тіркелген. Оларды асырап алуға 2010 отбасы тілек білдірген», - делінген хатта. 

0 пікір
Мұрағат