АУЫЛДАН ЖЕКЕ БАЛАБАҚША АШУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
АУЫЛДАН ЖЕКЕ БАЛАБАҚША АШУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
7 жыл бұрын 9165 syrboyi.kz

«Ауылдан жеке балабақша ашқым келеді. Соған байланысты мемлекеттік қолдау түрлері туралы кеңес бересіздер ме?». Бұл Палатаның Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеңесшілеріне жиі қойылатын сауалдың бірі.

Сауалға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Айгүл Төлекова жауап береді.
«Ауылдық елді мекеннен қандай да бір кәсіп ашу үшін өзіңізге тиісті мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнінде Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алу арқылы толық мәлімет ала аласыз.

Ең алдымен, егер Сізде әрекет етуші жеке кәсібіңіз болмаса, мемелекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алу үшін міндетті талап: бизнес бастамаларына үйрету мақсатында ұйымдастырылатын 2 күндік тегін «Бизнес-кеңесші» курсын оқуыңыз қажет. Бұл курста Сізге кәсіпкерліктің негізгі ұғымдарын, кәсіпкерлікті бастау жолдарын түсіндіреді. Сонымен қатар, Сіз бизнес-тренелерден кәсіпкерлікті бастауға қатысты Өзіңізді толғандыратын сұрақтардың барлығына толық жауап ала аласыз.

Екіншіден, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес бастауыш кәсіпкерлерге 20 млн.теңгеге дейін несиелендіру қарастырылған. Оның талаптары бойынша Сіз бизнес-жоспарға сай Өз жобаңызға қажетті қаржының 15-30 пайызын банк депозитіне кепіл ретінде салуыңыз қажет, себебі, бастауыш кәсіпкерлер үшін кепіл тек ақшалай нысанда ғана алынады. Кейін несие толық жабылған соң бұл қаржы өзіңізге қайтарылады. Кейбір банктердің ішкі саясатына сәйкес кепіл ретінде жылжымайтын мүлікті де қабылдайды.

Бағдарлама бойынша несиені субсидиялау ауыл тұрғындары үшін 10 пайызды құрайды, яғни, Сіз несиені 9 пайызбен төлейсіз деген сөз. Субсидиялау 3 жылға дейін беріледі. 3 жылдан соң тиісті құжаттар тапсырып, субсидиялауға өтініш білдірсеңіз, тағы 3 жылға дейін созуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, егер Сіздің кепіл сомаңыз жеткіліксіз болса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қалған жетпей тұрған соммаңызға кепілдендіру алуыңызға болады. Ол үшін банкке құжаттар тапсырған уақытта кепілдендіруге қосымша өтініш бересіз.

Бағдарлама бойынша алған несиеңіздің 70 пайызы негізгі құралдарды, ал 30 пайызы айналым құралдарын алуға жұмсалуы тиіс. Тағы бір ескерте кететін мәселе, бағдарлама бойынша алынған несие Сіздің есеп шотыңызға түспейді. Ол қаражат Сіз бизнес-жоспарда көрсетілген құрал-жабдықтарды сатушының есеп-шотына түседі. Ал Сіз бірден осы құрал-жабдықтарды аласыз. Бағдарлама бойынша несиелендіруді екінші деңгейдегі банктер жүзеге асырады. Сондықтан несиелендіру бойынша шешімді банктер қабылдайды. Осы орайда Сіздің несие тарихыңыздың таза болуының (қара тізімде болмау, бұрын алған несиелеріңізді мерзімінен кешіктіріп төлемеу) маңызы зор.

Сондай-ақ, балабақшаңызды ашқаннан кейін Сіз «Балапан» бағдарламасы аясында әр бала басына 24280 теңгеден мемлекеттен қайтарымсыз субсидия ала аласыз. Аталмыш бағдарлама 2020 жылға дейін әрекет етеді.

Мұнымен қоса, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан 8 бағытта тегін қаржылық емес қолдау түрлерін алуға толық мүмкіндігіңіз бар. Олар:

Сонымен бірге, Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында кәсіпкерлік дағдыға үйрету жобасы бойынша шағын несие алуға да мүмкіндігіңіз бар. Бірақ, ол үшін Сіздің жобаңыз аудандық кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына ену қажет және осы бағдарламаның талабы бойынша арнайы оқу курстарын оқу керек. Сіздің жобаңыз бойынша шағын несие -1200-1400 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде беріледі.

0 пікір
Мұрағат