Отасыз-ақ тәбетті тежеудің амалы табылды
|
Тәбетті бақылауда ұстау мүмкіндігі пайда болды әрі бұл жаңалық өз кезегінде пышаққа түспей-ақ (ота жасатпай) артық салмақтан арылуға көмектеседі. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Cell Reports Medicine мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы зерттеуде ғалымдар салмақ жоғалту операциясының метаболикалық (зат алмасудағы) артықшылықтарын, атап айтқанда, оның өт қышқылы деңгейіне әсерін және тәбетті реттеудегі рөлін анықтады. Зерттеушілер артық салмақтан арылту операциясын жасатқандардың өт қышқылдарының деңгейі әлдеқайда төмен екенін анықтады. Бұл тәбет пен метаболизмге әсер етеді. Амстердамдағы операциядан кейінгі пациенттер тобының, сондай-ақ, басқа екі хирургияға жүгінбеген пациенттердің өт қышқылының деңгейін зерттей отырып, зерттеушілер талшықты қоспалардың табиғи түрде өт қышқылының деңгейін төмендететініне көз жеткізді. Ноттингем университетінің медицина мектебінен Ана Валдез есімді аталмыш зерттеуге атсалысқан ғалым: «Біздің зерттеуіміз диеталық талшықтардың аз болса да бариатриялық хирургияның кейбір әсерін беретінін көрсетті. Бәлкім, тоқтық сезімін тудыратын (қанықтыратын) және бауырдың саулығын жақсартуға бағытталған тағамдық қоспалар пайда болуы мүмкін», деп мәлімдеді. Осылайша организмнің зат алмасу процесінің тетіктерін тереңірек білуден артық салмақтан қауіпсіз әрі тиімді жолмен арылуға көмектесетін ем тәсілі пайда болмақ.