Министр Қазнетте заңға қайшы пiкiр жазатындар қалай анықталатынын айтты
Министр Қазнетте заңға қайшы пiкiр жазатындар қалай анықталатынын айтты
7 жыл бұрын 2702 Қымбат Елтайқызы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев Қазнетте заңға қайшы пiкiр жазатындар қалай анықталатынын айтып бердi. Дегенмен, министр лақап атпен жазу мүмкiндiгi қалатынын жеткiздi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi. 

«Қазiр өкiнiшке орай, жазылған пiкiрлерден ұлтаралық алауыздық жиi туындап жатады. Азаматтарға тiл тигiзу мен жағымсыз ақпарат көп тарайды. Бiз оларды анықтауға мүмкiндiк бермекпiз. Бұл ақпараттық порталдарға кiм пiкiр жазатынын бiлуге жағдай жасайды. Дегенмен, бiз лақап атты пайдалану құқығына тыйым салмаймыз. Бұнда ешқандай проблема жоқ. Бiрақ, ақпараттық портал осы лақап аттың артында белгiлi бiр азаматтың тiркелгенiн бiлетiн болады. Ал ұлтаралық алауыздық туындап, Конституцияға қайшы келетiн жағдай болса, менiң ойымша, оны тауып, құқық қорғау органдарына арыздануға мүмкiндiк болады», - дедi Абаев Үкiмет отырысынан кейiн берген сұхбатында.

Министрдiң айтуынша, бұған дейiн заң бұзған пiкiр жазғыштар IP-адрес бойынша анықталған. Қазiр IP-адрестi техникалық жағынан жасыруға болатындықтан осы жаңашылдық енгiзiлiп отыр.

«Бұл қалыпты жағдай. Әр адам өз пiкiрiн ашық жариялай беруi тиiс. Бұнда тұрған ештеңе жоқ. Бiз қандай да бiр сын, бағалы кеңес пен басқа да қажеттi мәлiмет үшiн қудаламаймыз ғой. Дұрыс түсiнiңiздер, бiз осылайша пiкiр бiлдiрудi жойып отырған жоқпыз», - дедi министр.

Дәурен Абаев министрлiкте ешкiм пiкiрлердi арнайы қадағаламайтынын айтты.

«Бұл сайт әкiмшiлерi мен модерация мәселесi. Онда министрлiк қызметкерлерi отырмайды. Ал әлеуметтiк желiлерден бiзге азаматтардың шағымдары түседi. Бiз соларды тексеремiз», - деп толықтырды ведомство басшысы.

Еске салсақ, Мәжiлiс 23 қарашада «Ақпарат және коммуникациялар мәселелерi туралы» заң жобасын мақұлдағанболатын.

0 пікір
Мұрағат