Мәскеу университеті студенттерге диплом жұмысын жазу үшін нейрожеліні пайдалануға рұқсат етті
|

Мәскеу қалалық педагогикалық университеті студенттерге дипломдық жұмысты, яғни, біліктілігін дәлелдеуге арналған жұмысты жазуда чат-боттарды және жасанды зерде технологиясына негізделген өзге де құралдарды пайдалануға рұқсат етті. Бұл жайында islam.kz порталы knife.media ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш жоғарғы оқу орнының басшылығы бұл қадамын жасанды зерденің озық технология екенін ескере отырып барып отыр. Дәлірегі, АІ көмегімен алынған ақпарат жаңа шешімдер мен тың ойларға серпін беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Десе де мұндай технологияан алынған ақпаратқа шынайы білімнің көзі ретінде қараудан сақтану керектігін ескертіп отыр. Бұған қоса, чат-боттан тікелей көшіруге қатаң шектеу қояды. Ал Қытайда керісінше, China Daily ақпарат көзінің жазуынша, диплом қорғау жұмысында жасанды зерде технологиясын пайдаланған түлек студенттерге диплом бермеуді ұйғаратын заң жобасы талқыланып жатыр.




