Күллі адамзат жинаған байлықтың мөлшері қанша?
Күллі адамзат жинаған байлықтың мөлшері қанша?
7 жыл бұрын 3720

Жер бетіндегі бар халықта қанша қаражат бар? Әлемдегі бар байлықтың 86 пайызын адамзаттың небәрі 10%-ы иеленіп отыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі densegodnya.ru-ға сілтеме жасап. 

Әлемдегі бар халықтың жинаған байлығының мөлшері бүгінде 280 трлн долларға жеткен. Адамзат байлығы бір жыл ішінде 16,7 трлн долларға артса, алдағы бес жыл ішінде тағы да 61 трлн-ға ұлғаяды деп болжанып отырған көрінеді.

Мұндай деректер швейцариялық Credit Suisse Group қаржылық кангломератының баяндамасында көрсетілді. Орта есеппен алғанда бұл қаржы Жер бетіндегі әрбір ересек тұрғынға 56 мың 540 доллардан келеді екен. Алайда бөлінген байлықтың деңгейі біркелкі емес, әлем халқының ат төбеліндей ғана тобы, яғни, 10% бар байлықтың 86 пайызын иеленіп отыр деседі. Ал, мемлекеттерге бөлсек, дүниежүзіндегі байлықтың үштен бір бөлігі (шамамен 96,3 трлн доллар немесе әлем байлығының 33%-ы) АҚШ-тың еншісінде. Мұнда әлемдегі миллионерлердің 43%-ы тұрады.

Өткен жылы АҚШ-тағы байлықтың өсімі 8,5 трлн долларды құраған. Бұл басқа елдермен салыстырғанда, үлкен көрсеткіш. Екінші орында Қытай тұр. Байлығы - 1,7 трлн доллар. Алайда, елдің табысын жан басына шаққанда әлемдік көшбасшы Швейцария болып отыр. Онда әрбір тұрғынға 537 мың 600 доллардан тиесілі. Осы көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа Еуропа елдерінен Норвегия, Дания, Белгия, Ұлыбритания мен Франция енген.

Еске сала кетсек, бұған дейін үш америкалықтың қаржысы АҚШ-тағы жарты халықтың байлығынан да асып кеткені хабарланған болатын. 

0 пікір
Мұрағат