Криптовалюта долларды ығыстыра ала ма?
|
1971 жылы АҚШ-тың Қаржы министрлігің хатшысы болған Дж.Коннели «Доллар - біздің валюта, бірақ сіздерге - проблема» - деген екен. Айтқаны айдай келіп, бүгінде барша мемлекеттің бас ауруына айналды. Дағдарыс дендеп, доллардың әуселесі артып тұр. Соңғы 70 жыл бойы үстемдік етіп келе жатқан бұл валютадан құтылмаса, дағдарыстан көз ашпайтынын түсінген әлем қауымдастығы енді тығырықтан шығар жол іздеп жатыр.
Өткен ғасырдың басында басымдық Ұлыбританияның фунт стерлингінде болатын. Дүниежүзілік екі соғыстың салдарынан фунт стерлинг күшін жоғалтып, Американың «көк қағазы» көш бастады. Қазір әлемдік резервтің үштен екісі (65%) доллармен сақтаулы. Ең ірі қор биржасы саналатын NYSE (капиталы 16 трлн доллар) пен NASDAQ АҚШ-қа тиесілі. Доллар әлем экономикасына әбден тамыр жайып алған. Басқа мемлекеттердің орталық банктері Американың 50% облигациясын ұстап отыр. Көп мемлекет капиталын долларлық активтермен сақтаған. Бірталайының Америкаға берешегі де бар. Долларға үстемдік әперіп отырған да осы екеуі: Американың қуатты экономикасы мен әлемдік қор биржаларындағы басымдығы. Сол себепті де бүгін-ертең «көк қағаздың» көзін құрта салу қиын іс. Әлем қауымдастығының оған қауқары да жетпейді. Жеткен күннің өзінде доллармен сақтаулы тұрған резервтерге қауіп төніп, күллі экономикалық жүйені есеңгіретіп жібереді. Осыны біліп отырған әлем елдерінде ақырын қимылдағаннан басқа амал жоқ. Долларды тек «тәубесіне түсіріп» қоюға болады. Соның шешімі ретінде доллармен иық теңестіріп, Американың экономикалық санкцияларына төтеп бере алатын балама валюта енгізу мәселесін оқтын-оқтын көтеріп жатыр. Дегенмен, ортақ шешімнің шеті көрінер емес.
Мұны сарапшымыз, Forex Club компаниялар тобының қызметкері Валери Полховский былайша түсіндіреді: «Ешқандай ұлттық валюта әлемдік валютаға айнала алмайды. Еуропа одағы болсын, Жапония болсын, қай-қайсының ақшасы әлемдік валютаның функциясын атқара бастағанда бұл ақшаның эмитенті кім деген сұрақ бірінші орынға шығады. Яғни, бұл ақшаны кім шығарып, басады? Біреулер ол ақшаны еңбектеніп, ішкі өнімін өндіріп, экспорт шығарып, еңбекпен табуы керек те, біреу құр отырып ауадан басып шығарып ала беруі керек пе? Әрине онда эмитент болған елдің төлем қабілеті деген сияқты мәселелерге басы аурымайды. Қазір доллар үстемдік етіп тұрғанда бірде бір валюта алға шықпайды. Сондықтан мұндай жағдай жасау үшін ешбір елге тәуелсіз, орталық институт болуы керек. Ол ұйым жаһандық масштабта ортақ ақша саясатын жүргізуі қажет. Әділдігі осы болар еді. Орға жықпайтын жалғыз жол. Сондықтан, долларды қанша ауыстыру керек дегенмен мәселе осыған келіп тіреле береді».
Әділ болады деп әлемдік ұйым құрудың қаншалықты қисынсыз екені айтпаса да түсінікті. Әркімнің бүйрегі бұра тартып, саяси ойындардың салқыны тиетіні айдан анық. Бұл тұрғыда жоғарыда біз айтқан бір-ақ жол қалып отыр. Алпауыт Америкамен күш теңестіріп, «тәубесіне түсіретін» екінші мықтының халықаралық аренаға шығуы. Заңдылық бойынша, мықтыға мықты ғана тойтарыс бере алады. Демек дамыған, өзге елдердің экономикасын бақылай алатын қуатты мемлекеттің валютасы ғана долларды «орнына қоймақ».
Ал әлемдік валюта атануға дәмесі бар дегенде ең алдымен еске түсетіні еуро. Еуро әуелден екінші резервті валюта саналады. Жалпы мұнай саудасының 45 %, Иран мұнайының экспортынан түсетін табыстың 65 % еуромен есептеледі. Десек те бұл аздық етеді. Себебі еуроаймақ экономикасы АҚШ-тан әлсіз әрі қаржылық қорларында қуат жоқ. Әлемдік қордағы үлесі тек 15 - 20 % құрайды. Оның үстіне Еуроодақ құрамындағы мүше мемлекеттердің қауқары әрқилы, бәсекелестік қабілеті тең түспейді. Соның салдарынан құрамындағы экономикалық жағынан аз дамыған әлсіз елдер әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшырап, бүгінгі қиын жағдайда сүрініп-қабынып келеді. Іштен ірігін одақтың оза шығуы осылайша күмән тудырып отыр.
Халықаралық сарапшылардың жиі тілге тиек етіп жүрген екінші валютасы - юань. Тіпті, Қытай валютасының еуроның алдын орап кететін мүмкіндігі бар екен. Standard Bank есебі бойынша қазір Қытай-Африка сауда-саттығының 40% айналымға юаньмен түскен. Алтын-валюта қоры да қомақты. Сарапшымыз Валерий Полховский де Қытайдың мүмкіндігін қуаттай түсті. «Валютаның эмитенті яғни шығарушысы болатын елдің экономикасы үлкен болуы керек. Қазір мұндай елдер аз және ақшасы белгілі бір деңгейде ықпалды. Сондықтан, қазіргі қалыптасқан жүйенің жақын болашақта өзгеруі қиындау. Тек қытайдың валютасы әлемдік ақша ретінде ықпалын күшейте түседі. 20-30 жылдарға қарай еуро мен долларға бәсекелес болуы ықтимал»-дейді.
Саясаткер мен сарапшы біткеннің ең алдымен ауызға алатыны осы екеуі. Бұдан бөлек бірде-екілі мамандар жапондардың иенасы мен орыстардың рублін тілге тиек етеді.
«Қара алтынды» доллармен сату көлемін 15 % азайтқан Иран Жапониямен мұнайды иенамен саудалау туралы келісім жасасты. Иранның мұнай нарығында ірі өндіруші, Жапонияның ірі тұтынушы екенін ескерсек, бұл ондаған жылдар бойы мұнай нарығында үстемдік етіп келген АҚШ долларына көрсетілген дөңайбат. Сондай-ақ, Жапонияның Бразилиямен жасасқан келісімдерінде де доллардан бас тартқаны белгілі. Десек те әлемдік қаржы нарығында арзан валюта ретінде ең көп бәске тігілетін иенаның иесінде дәл қазір сес көрсетерлік күш-қуат кем.
Ал Ресей доллармен салынатын активтерге салымды азайтып, алтынға басымдық берген. Бұл дегеніңіз долларсыздандырудың ұзақ мерзімді жоспары жасалғанын айғақтайды. Бірақ, Ресейдің алтын-валюта қоры қомақты болғанымен, экспортында шикізаттың үлесі басым. Тек мұнайдың өзі жалпы экспорттың 25 пайызын құрайды. Сол себепті де Ресейге әзір долларлық экономикалық кеңістік тиімді. Ресей рублі бәсекелес болады-ау деген күннің өзінде экономикадағы басты серіктестері саналатын ТМД елдерінің экономикалық дамуы бұған мүмкіндік бермейді.
Жоғарыда Американың «көк қағазымен» тізгін теңестіре алады-ау деген, көзбен көріп, қолмен ұстайтын валюталарды тізбектедік. Соңғы кездері осы аталған валюталардың бәрінен асып түсуі бек мүмкін биткоин дейтін электронды ақша жиі талқыға түсіп жүр. Бұның жалпылама атауы - крипотвалюта. Көп назарын аударуының себебі - эмиссиялық орталығы, яғни, шығарушысы жоқ. Әркім өзі шығара алады. Биткоин жүйесінің барлық шарттарын орындап, талаптарына сай келсе кез келген мемлекет тең құқықты түрде эмитент бола алады.
Тауарлар мен қызметтердің құны биткоинмен есептеліп, электронды түрде төлем жасалынады. Тек балама құны белгіленсе болды. Қазір оның қолданыс аясы күн санап артып келеді. Мәселен, Берлин мен Кипр универсиеттері оқу ақысына биткоинды қабылдауға дайын екендіктерін мәлімдеп, іске кіріскен. Себебі, оны қағаз ақшаға айырбастауға да мүмкіндік бар. Forex, Libertex сынды әлемдік қаржы саудасының платформаларында аптасына жеті күн үздіксіз саудаға түсетіні де осы криптовалюта. Басқа валюталар тек бес жұмыс күнінде ғана келісімшартқа жүреді. Қазір қаржы нарығында биткоинмен инвестиция салу артып келеді. Өйткені, оны сақтау, көбейту жолдары тиімді.
Бірақ, биткоин жүйесі әбден жетілдірілмегендіктен қатері көп. Кепілдігі жоқ. Жүйенің талаптарынан өткен әр мемлекет қалауынша қаржы шығарып алуы мүмкін. Криптовалютаның сериясы болмайтындықтан заңсыз алынған қаражатты заңдастыруға да жол ашық. Дегенмен халықаралық ірі қаржы ұйымдарының биткоинның электронды сауда-саттық саласында көп ұзамай алға шығатына сенімі кәміл. Әлбетте, қазіргі сандық технологиялар шапшаң дамыған ақпарат ғасырында адамға қолайлы мәселенің бәрі бірінші орынға шығатыны анық. Электрондық сауда, қолма қол ақшасыз сатып алулар да жыл сайын өрлей түсіп жатыр. Сол тұрғыдан алсақ долларды ығыстыратын бірден бір құрал интернет-валютасы аталып жүрген осы криптовалюта болып та қалуы ықтимал. Дегенмен, бәрін де уақыт көрсетеді.