Коронавирус жүкті әйел мен құрсақтағы нәрестеге бірдей жұға ма?
Коронавирус жүкті әйел мен құрсақтағы нәрестеге бірдей жұға ма?
5 жыл бұрын 2169 baribar.kz Еңлік Сақтан. Dribbble.com/©Tejal Mistry

Коронавирус инфекциясын жүкті әйел жұқтырса, ол құрсақтағы балаға да беріле ме? Дәрігерлер карантин жағдайында босануы мүмкін келіншектерге қандай кеңес беріп отыр?

Инфекционист дәрігер Мутабар Шерметованың айтуынша, жүкті әйел коронавирус жұқтырса, инфекция құрсақтағы баласына берілмейді. Себебі, бұл вирус қанмен емес, ауа арқылы жұғады.

Коронавирус құрсақтағы балаға қауіп төндірмейді. Жүкті әйел ауру жұқтырып, жазылып шықса, баланың жағдайы бірқалыпты болады. Көбіне бұл вирустан жасы үлкендер сақтануы керек. Олар созылмалы аурулармен ауырады әрі иммунитеті әлсіз. Дәрігерлердің мұндай пациентті емдеп шығуы қиынға соғады. Бүгінде жастар да вирус жұқтырып жатыр, демек, олардың да иммунитеті төмендеген. Сонымен қатар, вирус гематология ауруларымен ауыратын кез келген жастағы адамға қауіпті, – дейді ол.

Коронавирустың құрсақтағы және ана сүтімен емшек еметін балаға берілетіні туралы да дәлел жоқ. Бұл туралы бір ай бұрын Ұлыбританияда Акушерлер мен гинекологтар король колледжі, Акушерлердің король колледжі мен Педиатрия және балалар денсаулығы король колледжі бірге жариялаған арнайы нұсқаулықта да айтылады.

Елімізде де коронавирусты жұқтырған жүкті әйелдер болғанымен инфекцияның әйел құрсағындағы балаға берілген жағдайы тіркелген жоқ. Мұны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 30 наурызда онлайн брифинг барысында айтты. Министрлік мұндай жағдайды жіті қадағалап отыр. Сала басшысы жүкті әйелдерге арнайы ем жоқ екенін де айтты, бәрі сақтыққа тіреледі. Осы себепті де аяғы ауыр әйелдер әдеттегідей перзентханада босанады, әлеуметтік желілерде тараған “енді жүкті әйелдер үйде босануы керек екен” деген ақпарат жалған.

Жүкті әйелдер қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақырып немесе перзентханаға өзі барып босана алады. Құрсақтағы балаға анасынан коронавирус жұққан жағдай тіркелмеді. Жүкті әйелдерге қандай да бір клиникалық ұсыныс жоқ. Бізде коронавирус жұқтырған балалар бар. Оларды емдеу халықаралық стандартқа сай жүріп жатыр, асқыну болмады. Кез келген санаттағы пациентке көмек беруге дайынбыз, – деді Елжан Біртанов.

Қазір еліміздің емханаларында дәрігерлер жүкті әйелдерге онлайн кеңес беріп жатыр. Нұр-Сұлтандағы №11 емхананың акушер-гинекологы Гүлбану Әбубәкірованың айтуынша, қазір бұл мекемеде үш-төрт дәрігер ғана бар. Себебі, пациент көп емес. Оларға коронавирус тарауы себебінен үйде отырып, қажет болған жағдайда ғана дәрігер шақыру керек екені айтылған.

Жүкті әйелдерге WhatsАpp арқылы кеңес беріп жатырмыз. Олардың жағдайын күнделікті біліп отырамыз. Айы-күні жақын келіншектер кейде емханаға келеді. Келсе, қан қысымын тезірек өлшеп, тексеріп жібереміз. Кабинетте тек дәрігер мен пациент болуын қадағалаймыз. Үйде отыру керек екенін айтамыз. Емханаға келген әр жүкті әйелге бес маскадан беріледі, – дейді акушер-гинеколог.

Дәрігерлер жүкті әйелдерге үйден мүлдем шықпауды қатаң ескертіп отыр. Айы-күні жақын келіншектер бөлмені таза ұстап, жиі желдетіп отыруы қажет.

0 пікір
Мұрағат