Королдің АҚШ президентіне тарту еткен сыйлықтары естен тандырады
|
Сыйлық адамдар арасын жақындастыратын өзінше бір жоралғы десек болады. Тіпті, саясатта көңілін табу үшін тарту етілетін сыйлықтар да ертеңгі күні күлкіге қалдырмайтындай болуы керек. Сыйлық тарту етудің өз орны, өз жөні, өз жосығы бар. Сыйлық тартудың еш айыбы жоқ деп, кейде асыра сілтеп жіберетін кездерге де түсіністікпен қарауға болатын шығар. Десе де Саудия королінің өз еліне ат шалдырған АҚШ президентіне тарту еткен тарту-таралғысы бір керуенге жүк болады. Сөз реті келгенде айта кету керек, Ақ үйдің қазіргі қожайыны Дональд Трамп кезінде, яғни, сайлау алдындағы науқанда қарсыласын тұқырту үшін Хиллари Клинтонды Саудия королінен сыйлық алғанын, "Бұлар әйелдерді өлтіреді, әйелдерге мал секілді қарайды, солай бола тұра сіз олардан сыйлық алғаныңыз қалай" деп сынға алған болатын. Оның кебін енді өзі киді. The Daily Beast ақпарат көзі АҚШ-тың мемлекеттік департаментіне Ақ үйдің монархтан қандай сыйлықтар алғаны туралы деректі жариялауда сұрапты. Мемдепартамент аталған ақпарат көзінің өтінішін қанағаттандырып, саудиялық монархтың Ақ үй қожайынына аз уақыттың ішінде қанша тарту-таралғы жасағанын жайып салды. Тізімде ұзын саны 83 сыйлық қамтылған. Сыйлықтар болғанда қандай сыйлық дейсіз ғой. турасында, не сыйламаған дейсіз? Дональд Трамптың саудиялықтар салған портреті, саудиялық әйел бейнеленген портрет, жолбарыстың терісі дейсіз бе, күмістен соғылған қанжар, т.б.