Кедейлерге арналған кинотеатр ашылды (видео)
Кедейлерге арналған кинотеатр ашылды (видео)
8 жыл бұрын 3354 24.kz Б.Тұрмаханов

Үндістан астанасы Дели мегаполисінде ерекше кинозал ашылды. Джамна өзенінің жағасында орналасқан ойын-сауық орны жай халық емес, үй-күйі жоқ, кедей жандарға арналған. Бағасы қымбат емес, қызықты фильмдері бар кинозал  аптап ыстықта демалатын таптырмас орынға айналған. Бұл - Дели қаласындағы көпірлердің бірі. Үстімен өтіп жатқан көліктер мен пойыз жолаушылары көпір астында да тіршілік қайнап жатқанын мүлде сезбейді. Бұл - рикшалар, арба итерушілер мен ескі-құсқы заттарды сатып, күн көріп жүргендердің ауыр жұмысынан кейін бойын жазып, демалатын орны. Мұнда арзан тағам мен ұсақ-түйек сататын дүкендер, тіпті, кинотеатр да бар. Мұхаммад Нұр Ислам, сатушы:  - Ішімдік, есірткі немесе ойынханаға құмар адам көп. Ал кино болса тіпті өзге нәрсе. Біз үшін осында келіп, кино көруден жақсы демалыс жоқ. Әрине, бұл орынды біз үйренген кинотеатр, деп, атау қиын. Бірнеше адам қосылып, теледидар мен VCD плеерді жалға алып, шығынын ақтау үшін азғантай ақшаға кино көрсетеді. Жұрт 4 фильмді көру үшін біздің ақшамен есептегенде 50 теңгедей төлейді. Бұл өмірлеріндегі қиындықтарын уақытша болса да ұмытып, көңіл сергітудің жолы.  Бұл жер Делидегі аптап ыстықта кедейлердің салқындап демалуына арналған орын. Кинотеатр иелерінің бірі Ишфактан 25 теңгеге тағам да сатып алуға болады. Мұндай кәсіп жүргізуге рұқсаты болмағандықтан, Ишфак сұхбат беруге әрең көнген. Ишфак, кинотеатр иесі: - Дала ысып тұрғанда, бұл жер демалуға салқын, жайлы. Қасымызда ағып тұрған Джамна өзенінен самал жел соғады, кондиционер істеп тұрғандай. Мұнда ауыр жұмыстан кейін демалуға болады. Ал күн батқанда бұл жер көрермендердің қонатын орнына айналады. Күн сайын бұл жерге жүзге жуық адам келеді. Үндістанда 67 млн адам далада немесе лашықта тұрады. Осындай адамдардың 500 теңге төлеп, кәдімгі кинотеатрға баруға мүмкіндіктері жоқ. Ал кино болса жергілікті халықтың басты ермегі. Көбісі үшін тіпті демалудың жалғыз түрі болып тұр. Үндістан әлем бойынша ең көп фильм шығаратын ел екені белгілі.

 

0 пікір
Мұрағат