Жыл сайын өрттен бес миллиард тонна топырақ жарамсыз күйге түседі
Жыл сайын өрттен бес миллиард тонна топырақ жарамсыз күйге түседі
2 сағат бұрын 37 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жыл сайын өрт шалған аумақтарда 8,1 млрд тонна топырақ эрозияға ұшырайды. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Geoscience мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Күллі әлем бойынша  тозған топырақтың үштен екісі Африканың тропикалық саваннасы аумағына тиесілі. Антропогендік фактордың әсерін шектемесе, осы ғасырдың орта шенінде топырақтың тозу қарқыны 23 пайызға артады. Экологиялық жүйеде өрттің маңызы зор: ол өмірлік циклдің табиғи бөлігі ретінде сукцессияның тетігін қайыра іске қосады. Осының арқасында топырақ пен өсімдік қабаты жаңарып отырады. Алайда, климат дағдарысы кезінде өрт жиі болатындықтан күйретуші, тоздырушы факторға айналып кеткен. Табиғи құбылыс саналатын цикл жиі әрі ұзақ уақыт қайталанатындықтан топырақ жаңа жағдайға бейімделмей жатып немесе топырақ қабаты қалпына келіп үлгермей жатып тағы өрт шығады. Тілсіз жаудан тек өсімдік әлемі ғана емес, сонымен қатар, топырақ қабаты да зардап шегеді. Топырақтың ылғалдылықты сақтау қасиеті жоғалады, яғни, ылғалды сүзгіден қайта өткізу қабілетінен айырылады, органикалық заттар қышқылданып, топырақты түрлі микроэлементтермен байытатын микроорганизмдер жойылады. Испрадағы Еуропалық комиссияның Біріккен зерттеу орталығының өкілі Диана Виейра бастаған ғалымдар табиғи өрт тудыратын топырақ эрозиясын бағалау үшін   2001 жылдан бастап 2019 жылға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін қоспағанда, жер бетіндегі өсімдік жамылғысы мен өрттердің қарқындылығы туралы спутниктік деректерді, сондай-ақ, RUSLE (Revised Universal Soil Loss Equation) математикалық моделін пайдаланды. Моделдеу нәтижесіне сәйкес өртке ұшыраған аумақтарда топырақтың жылдық эрозиясы 8,1 ± 0,72 миллиард тоннаны құрайды. Егер бұл жерлерде өрт болмаса, эрозия үш миллиард тоннадан аспайтын еді, яғни, өрттің таза үлесі 5,1 миллиард тоннаға бағаланады. Бұл ретте осы массаның 31 пайызы өткен жылғы өрт салдарынан зардап шеккен топырақ бейінінен бөлінеді, ал қалған 69 пайызы бес жыл ішінде және бірқатар жағдайларда 18 жылға дейін болған бұрынғы өрттердің әсерінен болған. Мұншалықты апат өрттен кейін өсімдіктің қалпына келу қабілетін баяулатып, топырақ пен оның агрегаты құрылымының байланысу қабілеті мен беріктігін төмендеткен. Әсіресе, Африка құрлығының тропикалық белдеуіндегі өрттен кейін өсімдік жамылғысының тек 46 пайызы ғана қалпына келген. Жаһандағы өрттен топырақтың тозу көрсеткіші ең жоғары осы аймақ - 62 пайызы қайта қалпына келместей дегредацияға ұшыраған. Парникті газдардың антропогендік әсерін қатаң шектейтін сценаридің өзінде (олар құрғақшылық пен өрттің пайда болу жиілігіне әсер етеді) 2050 жылға қарай әлемдегі эрозияға ұшырайтынан топырақтың мөлшерін 11 пайызға, мұндай шектеу болмаған жағдайда - 23 пайызға арттырады. Бұл ретте Африкада эрозия бұрынғы деңгейде сақталады, ал Азияда 2019 жылғыға қарағанда 49-67 пайызға күшейеді. Қазір өрттің топырақ эрозиясындағы үлесі 19 пайызға жеткен. Өрт топырақтың тозуына ықпал ететін екінші факторға айналған, бірінші орында ауыл шаруашылығы тұр - тиімсіз жүргізуден .

0 пікір
Мұрағат