Жұмыс істеуге қолайлы 10 мемлекет
Жұмыс істеуге қолайлы 10 мемлекет
8 жыл бұрын 6683 7kun.kz Kapital.kz Мөлдір Иманмәди

Адамдар басқа мемлекетке, жаңа жұмыс орнына көшуді ойластырғанда көптеген факторларды негізге алады. Отбасымен көшетіндерді қауіпсіздік пен жақсы оқу орындарының болуы алаңдатады. Ал жалғыз баратындар өмір сүру деңгейіне және қызметтегі өсу дәрежесіне мән береді. InterNations компаниясының сарапшылары мемлекеттерді адамдардың жеке қауіпсіздігі, қылмыс деңгейі, қызмет өсімі және жергілікті тұрғындардың татулығы сияқты 43 түрлі көрсеткіштер бойынша бағалады. Сауалнамаға Еуропа, Азия, Таяу Шығыс сынды әлемнің 191 елінде тұратын 14 мың шет ел азаматы қатысты. Айта кетсек, ерікті түрде өз елінен басқа елге көшетіндердің (экспат) назар аударатын негізгі факторы – жеке басының қауіпсіздігі екен.

Люксембург

Фото: lowcostar.com

Рейтингте бірнеше рет алғашқы орынға шыққан Солтүстік Еуропадағы шағын мемлекет. Бұл жолы дүние жүзіндегі ең қауіпсіз ел аталымымен көш бастады. Халық саны — 500 мың адам. Қылмыстық әрекеттер бойынша ең төменгі көрсеткішке ие.

Люксембург — өнеркәсібі дамыған ел. Электроника өндірісі, химия өнеркәсібі, цемент, тоқыма кәсіпорындары бар. Экспортқа химия, металлургия өнімдерін, тағамдар мен киім-кешек шығарады, сырттан астық, металл, мұнай, көмір, т.б. әкеледі. Туризм дамыған. Мал, егін, жүзім шаруашылығы, шарап жасау жақсы дамыған.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір айлық орташа жалақы — 52 мың еуро (2014 жылғы статистика бойынша).

Сингапур

Фото: tonkosti.ru

Аралдағы мемлекет екінші орынға ие болды. Сингапур ең бай мемлекет қана емес, жеке бас қауіпсіздігі бойынша да жоғары көрсеткішке ие. Бұл елде корпоративтік қылмыстар мүлдем жоқ десе де болады.

Инвистициялық ахуалы өте жақсы, бәсекелесу деңгейі өте жоғары, экономикалық бостандығы жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елдердің тізімінде. Оңтүстік-Шығыс Азия Елдері ынтымақтастыңының (ASEAN) беделді мүшесі.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 35 мың еуро.

Жапония

Фото: farpost.ru

Шығыс Азиядағы аралдық мемлекет. Жергілікті тұрғындардың татулығы жөнінен үшінші орынға тұрақтады. Мемлекет экспаттар мен қосымша жұмыс күшін тарту үшін барынша күш салып жатыр.

Техника өте жақсы дамыған. Toyota, Nissan, Mitsubishi автокөліктерін және тұрмыстық техника өнімдерін шығарумен айналысады. Бір жылдық орташа жалақы — 34 500 еуро.

Канада

Фото: youtube.com

Канадада қатер деңгейі төмен, соғыс жоқ және экономикасы тұрақты. Осы факторлар бұл елді өмір сүруге қолайлы етті.

Канаданың экономикалық секторын үлкен жетістікке жеткізіп отырған тау-кен өндірісі, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашық саласы және қызмет көрсету салалары болып саналады. Бидай мен астық тұқымдас дақылдарды үнемі шет елдерге сатып отырады. Мырыш, уран, алтын, никель сынды бағалы металлдар Канадада көптеп өндіріледі. Алмаз өндіруден әлемде екінші орын алады. Оңтүстік Онтарио мен Квебек провинцияларында автокөлік жасау мен әуе және ғарыштық техникалар индустриясы дамыған.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 34 500 еуро.

Мальта

Фото: traveling.dn.ua

Жерорта теңізіндегі аралдық мемлекет. Мұнда қосымша табыс табу үшін келетін шет елдік қызметкерлерді жеке қауіпсіздіктің жоғары деңгейі және қыс мезгілінің болмайтындығы қызықтырады. Халық саны 400 мың адамды құрайтын мемлекет британдық жұмысшылар арасында танымал.

Мальта экономикасының негізгі саласы — туризм. Ағылшын тілін үйрететін ең ірі орталықтардың бірі, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер оқуға келеді. Сонымен қатар, ST Electronics микрочиптері өндірісімен, De La Rue қаржы белгілерін шығарумен, ұшақтарға қызмет етумен (Lufthansa Technics), бағдарламалау т.б.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 13000 еуро.

Швейцария

Фото: studybridge.com.ua

Сауалнамаға қатысқан шет елдік азаматтардың көбісі Швейцарияны ең қауіпсіз ел деп мойындады. Бұл бірнеше жылдар бойы сақталып келе жатқан көрсеткіш. Қызметкерлердің айтуынша бұл, ел өмір сүрудің қажетті деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, отбасымен көшіп келгендерге тыныш, бейбіт тіршілік сыйлайды.

Швейцария — жоғары дамыған өнеркәсібі мен өнімді ауыл шаруашылығы бар мемлекет.Жетекші салалары — машина жасау мен металл өң-деу, химия, тамақ өнеркәсіптері. Машина жасауда ұсталық-престеу жабдықтарын, дәлдігі жоғары металл өңдеу станоктарын, дәл өлшеу аспаптарын, сағаттар шығару жоғары дамыған.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 81 мың еуро

Норвегия

Фото: bookblister.com

Норвегия отбасымен келетіндер үшін үлкен қызығушылық тудыратын ел болып қала бермек. Себебі, жоғары аталғандай мұнда да қылмыс деңгейі төмен және жұмыссыздар саны аз. Сонымен қатар, еңбек шарттары тиімді.

Ел экономикасындағы негізгі сала — мұнай мен газ өндірісі. Бірақ Норвегия мұнайы түгелімен экспортқа шығарылады. Энергияны олар су көзінен алады. Теңіз шаруашылығы, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығымен айналысады.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 47 мың еуро

Жаңа Зеландия

Фото: cmpt.com.ua

Солтүстік, Оңтүстік аралдарында және көптеген ұсақ аралдарда орналасқан. Халық саны 4,5 миллионға жуық. Жаңа Зеландия экспаттар үшін тыныш әрі жайлы ел болып есептеледі.

Жаңа Зеландия – өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған ел. Ішкі жиынтық өнім жеке адамға шаққанда 16786 АҚШ долларын құрайды. Өнеркәсібінің негізгі салалары: тамақ, қағаз шығару, машина жасау, химия, тігін, т.б. Соңғы жылдары экспортқа балық шығару жедел дамып келеді. Жаңа Зеландия ет-сүт өнімдерін өндіруден, қой өсіруден дүние жүзінде жетекші орында.

Сағатына еңбек құны 10-18 доллармен есептеледі.

Финляндия

Фото: geliostour.kz

Жеке бас қауіпсіздігі басты принцип. Бұл елге көшіп келушілер де соған баса көңіл аударады. Он шет елдік компания қызметкерлерінің жетеуі Финляндияны сол себептен таңдағандығын айтады.

Финляндия –жоғарғы дамыған индустриялы-аграрлы ел. Экономикасының негізгі салалары: машина жасау, кеме жасау, негізінен мұзжарғыштар, теңіз буксирлері, паромдар, целлюлоза-қағаз, ағаш өңдеу, қара және түсті металлургия, химия, тоқыма, тігін, тамақ, тау-кен, мұнай өңдеу, отын-энергетика, электроника, т.б.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 32 300 еуро.

Тайвань

Фото: tourisminchina.ru

Ондықты Тайвань аяқтайды. Мұнда көшіп келу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Экспаттар жұмыс процесімен қанағаттанады. Қызмет өсімінің болашағы бар және қауіп-қатер деңгейі төмен.

Тайвань металлургия өнеркәсібі импорттық шикізатқа негізделген. Негізінен жеңіл өнеркәсіп және киім, тамақ өнеркәсібімен айналысады. Сауарларын сыртқа шығарып сатады.

Салық кредиттері мен жәрдемақыны қосқандағы бір жылдық орташа жалақы — 45 мың доллар. 

0 пікір
Мұрағат