Жерлестеріне ислам негіздерін оқытып жүрген жапон азаматы
|
Түркияға қоныс аударған Қайым Наоки Иамамото есімді жапон ғылымы Стамбұлдағы жапон студенттеріне ислам негіздерін үйретіп жүр. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кония қаласында өткен халықаралық діни конгреске арнайы келген 32 жастағы мейман исламның моралдық құндылықтарының өзіне қатты әсер еткенін жеткізді. Осы әсердің жетегімен ислам тарихын зерделеу әрі мұсылмандардың өмір сүру салтын өх көзімен көру үшін Түркияға арнайы келгенін жасырмады. Ол Түркияда жүріп түрік, араб және парсы тілдерін меңгеріп алды. Бұдан бөлек, Стамбұлдағы ағарту орталығында қасиетті Құран мен ислам ғылымхалына ден қойған. «Қазіргі уақытта мен Түркияға келген жапондарды ислам мен осы діннің мәдениетін үйрету жобасымен айналысып жүрмін. Олар (жапон студенттерін айтады – ред.) түрік, араб және парсы тілдерін қоса меңгеруде. Біз ислам интеллектуалын қалыптастырудамыз, оларға білім алу мүмкіндігін береміз. Біз оңаша орындарда, қандай да бір қордың оқу залында жиі кездесеміз. Бұған қоса, онлайн оқимыз»,- деді ол. Осылай деген ол Жапонияға оралған соң өзінің шәкірттері де оқытушылықпен айналысатынын, Жапонияда ислам дінінің негіздерін үйрететінін, осылайша өз ісін жалғастыратынын жеткізді.