|
Жерде жаңа климаттық белдеу пайда болуы мүмкін
|
Оңтүстік Америка құрлығындағы планетаның өкпесі саналатын Амазон өзені мен орманына қауіп төнді. Жаһандық жылынудан. Осыған байланысты жерде гипертропикалық климат белдеуі пайда болуы ықтимал. Бұл жайында islam.kz порталы Live Science ақпарат көзі мен Nature мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Халықаралық климатологтар тобы мұндай белдеудің осыдан он млн жыл бұрын болғанын алға тартып отыр. Зерттеу тобы Амазонка бассейнінің экожүйесі эоцен мен миоцен дәуіріндегі климатты еске түсіретін жағдайға жақындап келе жатқаны турасында қорытынды жасады. Алайда, бұрынғы өзгерістен айырмашылығы - қазіргі заманғы өзгерістер бұрын-соңды болмаған жылдамдығымен ерекшеленеді, осылайша өсімдіктерге қоршаған орта ахуалына эволюциялық тұрғыдан бейімделуге мүмкіндік бермейді. Өңірге төніп тұрған негізгі қауіп - «ыстық құрғақшылық» құбылысы. Бұл феномен аптап ыстығымен және ылғал тапшылығымен айрықшыланады - 2100 жылға қарай жылына 150 күнді қамтиды, тіпті, жауын-шашынның қалыпты маусымына да әсер етеді. Мұндай жағдайда физиологиялық коллапстың тізбекті реакциясы басталады, яғни, біртіндеп күйреу дәуірі туды. Бойындағы ылғалды сақтау үшін сағасын (тыныс алу жолын) жабуға мәжбүр ағаштар мен өсімдіктер транспирация арқылы табиғи салқындату қабілетін жоғалтады. Бұл міндетті түрде тіндердің 46,7 °C деңгейінде шектен тыс қызуына және фотосинтез процесінің тоқтауына әкеледі. Ғалымдардың айтуынша, ауытқу орын алады. Неғұрлым жұмсақ климатқа эволюцияланған (бейімделген) қазіргі заманғы қалың жыныс өсімдігі жұтаң өлкеге айналады. Климатологтар атап өткендей, бұрын тіркелген «көміртегі тыңайтқышының» әсері (атмосферадағы көмірқышқыл газының жоғары шоғырлануынан ағаштардың жедел өсуі) климаттық күйзелістің залалын өтей алмайды. Табаны күректей 30 жылға созылған бақылау жұмыстарының нәтижесі өсімдіктердің тіршілік ету тетіктері өз мүмкіндіктерінің мейлінше шарықтау шегінде жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Ғалымдардың ескертуінше, гипертропиялық климат Амазонияны көміртекті сіңіру рөлінен айырып, керісінше атмосфераны ең көп ластайтын ортаға айналдырып, жаһандық жылынуды тездетеді. Зерттеушілер құрғақшылық кезінде ағаштар ылғал тапшылығынан көмірқышқыл газын (CO2) сіңіруді тоқтатқанын анықтады. Бұл құрғақшылық кезінде булану жылдамдығының ұлғаюына, ал топырақтың ылғалдылығының төмендеуіне байланысты орын алатын процесс. Ағаштар ылғалды сақтап қалу үшін су мен газдың атмосферамен алмасуын бақылайтын жапырақтардағы саңылауларды жауып тастайды. Алайда, бұл тетік, сонымен қатар, бір мезгілде өсімдік тіндерінің өсуі мен қалпына келуі үшін қажетті СО2-нің сіңірілуін тежейді. Нәтижесінде ағаштардың бір бөлігі көмірқышқыл газына деген аштықтан қурап немесе солып қалды. Ал топырақтың ылғалдылығы 33% -дан төмен болған кезде ағаштардың шырынында адамның қан тамырларындағы тромбаларға ұқсас көпіршіктер пайда бола бастаған. Бұдан бөлек, Батыс Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты басқа аймақтарда да өсетін тропикалық ормандар да гипертропиялық климаттық режимге көшуі мүмкін. Бұл құбылыстың немесе ауытқудың жердің көміртегі циклі үшін елеулі салдары бар, өйткені, тропикалық ормандар атмосфераға бөлінетін СО2-нің үлкен мөлшерін сіңіреді.