Тұңғиықтан жұмбақ жануар таспаға тартылып қалды (видео)
|
Шмидт атындағы океанология институты биологтерінің Тынық мұхитындағы Феникс аралына саяхаты кезінде табиғатта аса сирек кездесетін шыныдай мөлдір сегізаяқты таспаға тартып алудың сәті түскен екен. Бұл жайында islam.kz порталы schmidtocean.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл теңіз жануары 200 метр тереңдікте тіршілік ететіндіктен оны жан-жақты зерттеу қиындық тудырады. Ғалымдар бұл көрініске өздерімен бірге ала шыққан суасты роботының көмегімен қол жеткізген. Кейбір сегізаяқ түрлері мұхиттың тұңғиығында тіршілік етеді. Мәселен, Muusoctopus тобының өкілі үш шақырым тереңдікте жұмыртқаласа, ал Grimpoteuthis тобына жататын сегізаяқ шамамен жеті шақырым тереңдіктен байқалған. Тұңғиықта тіршілік ететін мұндай теңіз жануарларын осы заманғы озық технологияның көмегімен енді- енді зерделеніп жатыр. Шмидт атындағы океанология институты биологтері камерамен жабдықталған SuBastian атты роботтың көмегімен Vitreledonella richardi сегізаяғын таспаға тартып ала алған екен. Шыныдай мөлдір сегізаяқтың дене тұрпаты шағындау келеді: денесінің ұзындығы – шамамен 45 сантиметр, көзінің қарашығы мен көру жүйкелерінен және ас қорыту органдарынан басқа жері түгел мөлдір. Олар тропикалық және субтропикалық теңіз суларында 200 метрден 1000 метрге дейінгі тереңдікте тіршілік етеді. Бұл жануар 1918 жылы адамзатқа белгілі болса да (алғаш рет 1924 жылы хатқа түскен сипаты) осы уақытқа дейін ол туралы мағлұмат жұтаң болып келген еді.