Шерлі бақа (фото+видео)
Шерлі бақа (фото+видео)
5 жыл бұрын 3726 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Африканың шөлін шарласаңыз да, орман-тоғайын кезсеңіз де жақын маңнан наразылық пен налаға толы шиықтаған үні құлағыңыз шалады. Егер бажайлап, зер салып қарасаңыз, түрі ренішті, көңілі ештеңеге толмайтын тіршілік иесін байқар едіңіз. Бұл – тек осы құрлықта ғана тіршілік ететін африкалық тар ауыз бақасы. Тар ауыз бақа (Breviceps) – Африка құрлығының шығысы мен оңтүстігіндегі құрғақшылық жайлаған шөлді және шөлейтті аймақтарда тіршілік ететін, қос мекенділердің Brevicipitidae тобына жататын құйрықсыз тіршілік иесі. Бақалардың ішіндегі ең ебедейсізі: аяғы өте қысқа болғандықтан секіре алмайды, тасбақа секілді баяу жылжиды. Оның денесі де тез қозғалуына мүмкіндік бермейді, ішіне жел үрлегендей томпақ денесін әзер алып жүреді десе де болады. Егер қандай да бір қауіп төнсе, күллі әлемге деген наласы мен наразылығын, жеккөрінішін сыртқа шығарғысы келетіндей одан сайын ісініп-кеуіп, тұтамдай басы шақшадай болады. Аузы тар болғанымен қоймай, езуі төмен тартып тұрады. Бұл оның онсыз да келіспеген бас терісін одан сайын сүйкімсіз етіп жібереді. Әлбетте, күллі мақұлық Алланың жаратылысына тіл тигізуіге біздің хақымыз жоқ. Оны бейнелеп беруде тек біздің түсінігімізге салып отырмыз, неғұрлым нақты кескін-келбетін көз алдыңызға әкелу үшін. Жотасы бөртіп тұратын осынау қос мекенді өзге тұқымдастарына қарағанда  шалшық суда емес, құрғақ жерде тіршілік етеді: өзіне ін қазады, сонда ұрпақ өрбітеді. Оларды інінен тек жаңбыр жауғанда ғана шығады, дәлірегі, жауынды ерте сезіп, іні суға толып қапыда қалмасы үшін ерте қамданады. Ұсақ жәндіктермен және құрт-құмырсқамен қоректенеді. Әсіресе, көз байланып, ымырт түсе бастаған кезде жемтігін аулайды. Тар ауыз бақалардың ең осал жері – қорғансыздығында. Қорғанатын уы немесе айбат шегетін басқа құралы жоқ, ақырын қозғалатындықтан қаша да алмайды. Десе де олар жауынан қорғанудың өзінше тәсілін тауып алған: қатер төнгенде барынша қатты шиқылдап, ісініп-кеуіп, жауын үркітуге тырысады. Бұдан бөлек, тар ауыз бақалар осы дыбысымен өзімен жұп құрғысы келетін сыңарын іздейді. Денесінің ебедейсіздігіне байланысты шағылысып та жарытпайды. Әдетте еркегі ұрғашысына қарағанда ірілеу келеді. Содан шығар, олардың ұдайы әрнәрсеге көңілі толмай жүретіні. Жұмыртқаны ініне салады. Қашан жұмыртқа жарып шыққанша ұрғашысы іннен алыстамайды. Африкалық тар ауыз бақалар арасындағы ең харизмасы мықтысы – өзге тұқымдас бақаларға қарағанда түсі қара болып келетін, жауын бақасы (Breviceps fuskus). Аталмыш тіршілік иелері де жойылудың алдында тұр. 

Bernard DUPONT.jpg

8655717450_7b26d6d8ae_k.jpg

Ashley Wahlberg (Tubbs).jpg

Фото: Ashley Wahlberg (Tubbs)/Flickr

 

0 пікір
Мұрағат