Сегізаяқ жолақтары адамның саусақ іздері секілді бір-бірін қайталамайды
|
Ергежейлі зебра сегізаяқтарының жолағы адам саусақтары мен алақанындағы папиллярлы сызықтар секілді өзіндік ерекшелігімен айрықшаланады. Бұл теңіз жануары жауынан қорғану үшін немесе жыртқыштарға жем болмасы үшін, сондай-ақ, қорегін табу үшін өңін (дәлірегі, түсін) құбылта алатын қасиетке ие, соған қарамастан оның туабітті өрнектері өзгеріссіз қалады. Бұл жайында islam.kz порталы Naked Science ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Берклидегі Калифорния университетінің биологтері зертханада сегізаяқтарды туған сәтінен бастап, екі жыл бойы қадағалаған. Дәлірегі, күн сайын фото-суретке түсіріп, денесіндегі жолақтың қалыптасу процесін бақылаған екен. Нәтижесінде олардың денесіндегі өрнектер туған сәтінен кейін екінші аптада пайда болады, бір ай ішінде анық та қанық болады.