Қазақстанның Қызыл кітабына қандай жануарлар енгізілген
Қазақстанның Қызыл кітабына қандай жануарлар енгізілген
5 жыл бұрын 5850

Stan.kz Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар туралы мәлімет ұсынады.

Қазақстанның аумағы кең және табиғи жағдайлар мен жануарлар дүниесінің ауқымы өте үлкен. Бірақ, өкінішке орай, браконьерлік және адамдардың тіршілік ету ортасындағы тым белсенділігінен көптеген жануар түрлері толықтай жойылу қаупіне ұшырады. Бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына 40 жануар кірген. Жоғалу, саны азаюына байланысты оларды бірнеше санатқа бөлген.

І санат – жоғалып бара жатқан немесе мүмкін жоғалып кеткен;
ІІ санат – апатты түрде саны қысқарып бара жатқан;
III санат – сирек кездесетін, саны аз табылған;
IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген);
V санаты – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген жануарлар.

  • Қарақұйрық

Қарақұйрық сирек кездесін түр. Кейбір аудандарда саны азайып, мекендейтін жерлері тарылуда. Олар бекітілген төбешік құмда, шақпатасты және сазбалшықты шөлдерде, ойлы-қырлы құрғақ аңғарларда, сексеуіл, жүзгін, теріскен басқан тоғайларда немесе тастақты, құмды, сазды топырақты шөлді аймақтарда мекендейді. 1930 жылдардың ортасында Қазақстанда қарақұйрықтардың саны 200 мыңға жуық болған. Соның ішінде Үстіртте және Маңғышлақта 100 мың басқа дейін жеткен. Қазір Қазақстанда жалпы саны 30-50 мың бас.

  • Алтай арқары

Алтай тауының арқары елімізде толықтай жойылу қаупіне ұшыраған жануар. Қазақстанда 50-60 бас шамасындай бар. Олар теңіз деңгейінен 800-3000 метр биіктікте мекендейді. Алтай арқарын Шығыс Қазақстан облысының аумағынан, Күршім жотасының оңтүстік сілемінен, Қалмақшы өзенінің жоғары ағысындағы биік таулы шоқылардан, сондай-ақ Бұқтырма көлінің солтүстік-шығыс беткейлерінен кездестіруге болады.

  • Қазақстан арқары

Қазақстан арқарының таралу аймағы кеңіп, саны қалпына келуде.  Қазіргі уақытта Қазақстан арқарының саны 11,8 мың басқа дейін өсті. Олардың ішінде Сарыарқада, Балқашта, Қалбы Алтайында, Тарбағатайда, Маңырақ пен Сауырда таралған. Бұл жануар таудың жазықтау учаскелерінде мекендейді. Олар орын ауытырып, шамалы маусымдық көшу жасайды. Ал, құрғақшылық кезінде және қыста қар қалың түссе алыс қашықтыққа ауысады. Әдетте таңертең және кешке белсенді. Қыста олар жиі тамақтанады.

  • Қаратау арқары

Қаратау арқарының жоғалып кету қаупі бар. Олар таулардың далалық тегістелген аймақтарында мекендейді. Бірақ, олар осындай жерлерден үй жануарлары тарапынан жиі қысылып жатады. Сондықтан, жиі бұталармен қоршалған қатты құзды шатқалдарда жүреді. Қаратау арқары 1976 жылы шамамен 150 бас болса, онда қазіргі уақытта 100-ден асуы екі талай. Оларды Сырдария Қаратауының солтүстік-батыс бөлігінен, Мыңжылқының ең биік сілемі мен оның солтүстік-батысында орналасқан жерлерден кездестіруге болады.

  • Тянь-Шань арқары

Тянь-Шань тауы арқарының саны күрт төмендеуде. Олар негізінен теңіз деңгейінен 200-ден 4000 метр биіктікке дейінгі тегістелген таулы аймақтарда мекендейді. Қыс мезгілінде қорегі мол, қар аз түскен беткейлерде жүрсе, жазда орман шекарасынан жиі жоғары көтеріледі. Олар Торайғырда, Көксу, Үсек өзендері орналасқан Жоңғар Алатауының оңтүстік бөлігінде көп кездеседі.

  • Қызылқұм арқары

Қызылқұм арқары Қазақстанда жоғалып кеткен жануар. Бірақ Өзбекстанда оның саны ішінара қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта бұл арқар Нұратау жотасының батыс бөлігінде және Өзбекстан аумағындағы Ақтау тауында, Орталық Қызылқұм облысында сақталған. Қызылқұм арқары – бұл таулы жануар. Қазір олар Қызылқұм және Нұратау тауларының орта және жоғарғы белдеулерінде кездесе береді.

  • Үстірт арқары

Саны мен таралу аймағы шектелген Үстірт арқары жоғалып кету қаупі бар жануарлар қатарында. Үстірт арқарының Қазақстанда мекен ететін жері толығымен Маңғыстау облысының аумағы. Қазіргі уақытта ол барлық қолайлы мекендейтін жерлерде кездеседі, оның ішінде Үстірттің Батыс шыңында жиі кездеседі. Олар көбіне ағынсыз ойыстардың жарлы бөктерлерінде, тау жоталарында, биік емес қалдық тауларда, шыңдарда, тау мен қырда мекендейді. Қазақстандағы Үстірт арқарының жалпы саны – 5,5-6,5 мың бас.

  • Тоғай бұғысы

Соңғы тоғай бұғысы өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында Қазақстан аумағынан толығымен жойылып кеткен.  Олардың мекендейтін жері негізінен тоғайлы ормандар мен шөлді өзен алқабтарының қамыс қопасы. Қазақстан жерінен жойылып кеткен тоғай бұғысы 1981 жылы Іле өзенінің бойына жерсіндірілді. Қазақстанда жалпы саны – 200 бас.

  • Қызыл қасқыр

Қызыл қасқыр Қазақстан аумағында жойылып кеткен түр. Қызыл кітапқа енген бұл жыртқыш Тянь-Шань мен Алтайдың биік жоталарында тараған. Қызыл қасқыр негізінен таудың жоғарғы белдеуінің жартасты шатқалдарында, субальпі және альпі шалғындықтарда, сырттар, үстірт тәрізді таулы далалы және орманды учаскелерде, әсіресе теңіз деңгейінен 2500-4000 м биіктікте мекендейді. Қасқырдың бұл түрі барлық жерде өте сирек кездеседі. ХХ ғасырдың басында бірнеше рет Тарбағатай мен Жоңғар Алатауында табылған. Бірақ, соңғы 40 жылда республика аумағында осы жануардың бірде-бір кездесуі тіркелмеген.

  • Қабылан

Бұл түр өте сирек кездесетін жыртқыш. Қабыландар түрлі типтегі шөлдерде мекендейді. Және олар тропиктік және субтропиктік аймақтардағы ормандарда, тау беткейлерінде, жазық далалар мен саваннада, өзен бойындағы тоғайларда тіршілік етеді. Қабылан қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жоғалып кету шегіне жетті, мүмкін жоғалып та кетті.

  • Сабаншы

Сабаншы таралу аймағы бойынша сирек кездесетін түр. Бұл жануардың да таралу аймағы тарылып, саны кемуде. Олар Маңғыстау, Үстірт, Ембі (Жем) өзенінің бойында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Қаратау, Қырғыз жотасында, Тянь-Шань, Шу-Іле тауларында, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Қалбы және Оңтүстік Алтай мен Сарыарканың оңтүстігінде, Қарқаралы таулары мен Баянауыл және Ертіске дейінгі жерлерде таралған. Сабаншылар негізінен жартастарға апаратын аласа таулар мен бұталы алқаптарда, сондай-ақ биік таулы қыраттар мен далаларда мекендейді. Бірақ, Қазақстанда саны аз.

  • Шағыл мысығы

Қазақстанның жануарлар әлемінде кездесетін саны аз, сирек түр. Шағыл мысығы Қазақстанда Маңғышлақ түбегінде және Үстіртте тараған. Бұл мысық Қарынжарық және Сам құмдарында өмір сүруі мүмкін. Сондай-ақ, барлық Қызылқұмды солтүстіктен Сырдарияға дейінгі аумақты мекендейді. Шағыл мысығының Қазақстандағы таралу аймағы оңтүстіктің құмды шөлін алып жатыр. Олар көбіне құмды шөлдерді, әсіресе қыратты, белесті, негізінен бекітілген құмдарды мекендейді. Қазақстанда нақты саны белгісіз.

  • Қарақал

Қарақал 1-санатқа жататын сирек кездесетін түр. Оның Қазақстандағы таралу аймағы елдің солтүстігі. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында, Үстіртте, негізінен Батыс, Солтүстік және Оңтүстік аймақта, Бозашы, Маңғышлақ, Түпқараған түбегінде, Қарынжарық, Бостанкұм, Сеңгірқұм, Сам, Матайкум және басқа жерлерде таралған. Қарақал – сексеуіл, жыңғыл, жүзгін және басқа да бұталар өсетін жартылай бекітілген құмдарда, сондай-ақ құз-жартастарда өмір сүреді. Қазақстанда қарақалдың Үстіртте, Маңғыстау облысында 10 шақты дарабасы бар деп есептеледі.

  • Түркістан сілеусіні

Түркістан сілеусіні сирек кездесетін түр. Бұлардың да таралу аймағы тарылып, саны кемуде. Олар Тянь-Шань жотасы мен Қаржантау, Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей, Теріскей, Кетмен, сондай-ақ Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр тауларында таралған. Бұл түр негізінен қылқан жапырақты және жапырақты ормандарда, қалың бұталы тоғайларда, көбінесе орман және субальп белдеулердегі бұталар мен тасты үйінділерде мекендейді. Олар жартасқа шығаратын тік беткейлерде және ұсақ тасты тау жыныстарында көп жүреді. Алматы қорығында 10-ға жуық аң тіршілік етеді.

  • Қар барысы

Барыс саны мен таралуы азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Қазақстан, Тянь-Шань, Қаржантау мен Өгем, Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей, Теріскей, Кетмен, Жоңғар Алатауының шеткi сілемдері, Алтын Емел, Шолақ, Maнтай және Қайқан, сондай-ақ Тарбағатай, Сауыр мен Алтайдың биік жоталарында таралған. Олар жалпы таулардың альпі және субальпі белдеулерінде, құзды, жартасты жерлерді мекендейді. Қар барысының Қазақстанда жалпы саны 180-200 басқа жетеді деп есептеледі.

  • Орта азия өзен құндызы

Бұл түр сирек кездеседі. Себебі таралу аймағы тарылып, саны азаюда. Олар Іле өзенінің жоғары ағысы мен оның салаларының жайылмаларында, Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауында таралған. Көбіне балығы мол су қоймаларын мекендейді. Барлық жерде саны сирек, деседе жеке қолайлы учаскелерде оның тығыздағы бір шаршы шақырымда бір басқа дейін жетеді.

  • Орта азия тас суыры

Бұл сирек кездесетін түр, бірақ Орал өзенінде оларды айтарлықтай көп кездестіруге болады. Қазақстанда оның перифериялық бөлігі бар. Орал өзені бассейнінің жайылмалы ормандарында және Солтүстік Қазақстан ормандарында кездеседі. Бұл суыр орманмен тығыз байланысты. Олардың Орал өзенінің бассейндегі негізгі тіршілік ортасы қаратерек, ақ терек, емен, үйеңкінің ескі ағаш екпелері.

  • Итаю

Итаю 1-санатқа жататын сирек кездесетін түр. Шектеулі аумақтардан 1-2 бас кездестіруге болады. Оңтүстік және оңтүстік-батыс Үстіртте және Қарынжарық ойпаттарында, Маңғыстау облысының оңтүстік бөлігінде таралған. Итаюлар негізінен сексеуіл өсетін жазықты және шағын қыратты жерлерде мекендейді. Сол сияқты баялыш, қараған, түйесіңір өскен жерлерде де кездеседі. Қазақстандағы итаю саны бірнеше ондаған басқа жетеді деп есептелінеді.

  • Еуропа қара күзені

Бұл түр Қазақстанда жойылған. Негізінен Батыс Қазақстанда мекендеген, ал Солтүстік Қазақстанда бір аң ғана кездескен. Соның ішінде Ақтөбе облысының аумағындағы Ілек, Қарғалы, Жаман-Қарағалы өзендерінде де кездескен. Күзендер тұщы су қоймаларында тіршілік етеді. Негізінен ластанған ағындар мен өзендерде, көлдерде, арналарда, көптеген аралдар мен тығыз өсімдіктер бар өзен сағасында мекендейді.

  • Шұбар күзен

Шұбар күзен таралу аумағы жылдам қарқынмен тарылып бара жатқан сирек жануар. Негізінен Волга мен Орал өзендерінің арасында, Орталық Қазақстанда және Предалтай даласында, жалпы Қазақстанның шөлейтті-шөлді аймақтарында таралған. Бірақ, бұл түр кейіннен жоғалып кетті. Қазақстанның кей өңілерінде бір-екі аң кездеседі. Олар жалпы жартылай шөлде, құмды, сазды, қиыршықтас жерлерде, көбінесе сексеуіл, теріскен, жүзгін, қараған, таспашөп өсетін жазық құмдарда кездеседі.

  • Тянь-шань қоңыр аюы

Сирек, таралу аймағы тарылып, саны азайып бара жатқан түр. Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауында таралған. Қазір Өгем, Піскем, Алтын Емел, Тоқсанбай, Қоржынтау, Кетпен, Талас, Іле, Күнгей, Теріскей, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында, Тянь-Шанның Қазақстанға қарайтын аумағында кездеседі. Тау шыршалары мен самырсынды ормандарда, арша өсетін сирек ормандарда, қайың, терек, алма, долана, өрік, бұталары жерлер мен таулы шалғындарда мекендейді. Тянь-Шань қоңыр аюының Қазақстанда жалпы саны 500 бастан аспайды.

  • Кеңқұлақты жарқанат

Жатқанаттың бұл түрі сирек кездесетін, көп зерттелмеген түр. Олардың Қазақстандағы таралу аумағы елдің солтүстік-шығыс шекарасы. Алғаш рет Піскем өзенінің бойынан Тянь-Шань тауының оңтүстік-батыс тарамдарынан табылған. Кейіннен Шымкент қаласының солтүстігіндегі Ақмешіт үңгірінде табылды. Жалпы Қаратау мен Талас Алатауының жапсарында, жатық келген шөлді тау бөктерлерінде кездеседі. Үңгірлер мен қуыстарды тасалайды. Кейде тау бөктерінің тегістелген шөлдерінің арасында, тайғақ шатқалдарда кездеседі. Бірақ, Қазақстанда саны белгісіз.

  • Азияның жалпаққұлақты жарқанаты

Бұл сирек кездесетін, зерттелмеген түр. Қазақстанда екі жерден табылған. Олар Бартоғай мекеніндегі тау жыныстарын алу үшін қазылған үңгір мен Қорам ауылының маңындағы үңгір. Қыста таудың жазығында, үңгірлер мен тау бөктерінде кездеседі, ал жазда тауларға көшеді. Бірақ, Қазақстанда жалпы саны белгісіз.

  • Бобрин жарқанаты

Бұл көп зерттелген және таралу аймағы тар түр. Олар әдетте солтүстік шөлде және жартылай шөлдердің оңтүстік жиегінде мекендейді. Сондай-ақ, құмда, сазды жерлерде, жусанды жусан-дәнді жазықтарда кездеседі. Қазақстан аумағында Торғайдың төменгі алқабы мен Ырғыз-Шелқара, Арысқұм, Бетпақдаланың солтүстік-батысында, Тұран ойпатында таралған. Олардың Қазақстанда жалпы саны бірнеше мың ғана.

  • Иконников жарқанаты

Саны аз, зерттелмеген, таксономикалық жағдайы белгісіз түр. Олар Батыс Алтайдың таулы аймағында таралған. Иконникова жарқанаты – тайга жануары, негізінен таулы тайгада өмір сүреді. Олар үлкен және кіші тайга өзендерінің алқабында, жартастың кертпешінде мекендейді, Бірақ қыста үңгірлерде сирек кездеседі. Негізінен олар жалғыз жүреді. Күндіз тұрып қалған ағаш қабығының астында, жартастардың саңылауы мен жарықтарында, ағаш ғимараттардың қаптауының астында тығылып жатады. Сондай-ақ, олар қазақстандық Алтайдың үш орнынан – Бұқтарма өзенінің алабынан табылған. Бірақ, Қазақстанда саны белгісіз.

  • Ақбауыр жарқанат

Сирек кездесетін көп зерттелмеген түр. Қазақстанның солтүстік шекарасында кездеседі. Республикада екі жерде – Сырдария Қаратауының батысындағы Ақ-мешіт үңгірі мен Үстірттің батыс жағындағы Қарамая тауынан табылған. Қаратаудың қайраңды жерінде, Ақмешіт үңгірінің маңындағы аса терең емес тасты жарларды мекендейді. Бұлардыңң да саны белгісіз.

  • Көптісті жертесер

Бұл мүлде зерттелмеген сирек түр. Қазақстанда солтүстік Үстірт пен Арал теңізінің солтүстік жағалауында табылған. Оның таралу аймағы Қазақстанның шалғай жерлері. Тау бөктерлері мен таудың төменгі белдеулерінде өмір сүруге бейімделген. Сондай-ақ, өзендер мен көлдердің бойындағы қалың тоғай бұталарды және мәдени ландшафт аймақтарда мекендейді. Қазақстанда саны белгісіз, бірақ айтарлықтай аз тіркелген.

  • Жұпар

Жұпар тышқан тұрақты азайып бара жатқан түр. Қазақстанда жұпар көбінесе Орал өзенінің алқабында таралған. Орынбор мен Орал өңірлерінің шекарасында ең тығыз орналасқан. Жайық өзенінің жайылмасында, Еділ мен Үй, Тобыл, Обаған және Тоғызақ өзендерінің жайылмаларында кездеседі. Жалпы жұпарлар су өсімдіктеріне бай жайылма көлдер мен ескі арналарда, ағыстарда, жылғаларда мекендейді. Қазақстанда жалпы саны – 2,5-3,0 мыңға жетеді.

  • Түрікмен құланы

Саны мен таралуы өте шектеулі Республикадағы сирек кездесетін түр. Қазақстанда өткен ғасырдың соңында Үстіртте және Маңғышлақта кездесіп, 30-шы жылдары жоғалып кетті. Ал 1953 жылы Қазақстанға жерсіндірілді. Сондай-ақ, Қапшағай мемлекеттік аңшылық-қорық шаруашылығында, Бетпақдала, Маңғыстауда жерсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады. Тегіс және шалғай шөлейтті шөлдер мен жартылай шөлдерде, таудың құрғақ арналарымен қиылысқан тасты-сазды жерлерде, аласа таулар мен тау бөктерлерінде де жайыла береді. Қазақстанда жалпы саны – 700 бас деп есептелінеді.

  • Сары алақоржын

Сирек кездесетін, таралу аймағы шағын аң. Олар негізінен Зайсан ойпаты мен солтүстік-батыс Тарбағатайда таралған. Жазық жерлерде, соның ішінде тау бөктерінде, сазды, сазды-қиыршық жерлерде, сондай-ақ сортаң жерлерде көп жүреді. Саны күрт өсетін жылдарда таралу аймағынан шығып кетсе, депрессия кезеңінде тек мезофильді жағдайда ғана өзендер мен жыраларда, өзен салаларында кездеседі.

  • Роборов атжалманы

Қазақстанда таралу аумағы өте шағын, сирек кездесетін жануар. Олар тек Зайсан ойпатының шығыс бөлігінде Қара Ертіс құмдарының оң және сол жағалауында ғана таралған. Бұлар көбіне әт түрлі типтегі құм төбелерден басқа құмдарды, сирегірек-қиыршық тасты-сазды биотоптарды мекендейді. Бірақ, Қазақстанда саны аз, орташа есеппен алғанда, 10 шақырым автомаршрутта 0,15 – 0,43-тен 0,9-1,8 бас кездеседі.

  • Бессаусақты ергежейлі қосаяқ

Бұл сирек кездесетін түр Қазақстанның Солтүстік Балқаш өңірінде таралған. Солтүстік Алакөл өңірінде де кездесуі мүмкін. Жақында Қытайдың Қазақстан шекарасына жақын Ұйғыр ауданында табылды. Олар көбіне ұсақ-қиыршық тасты шөлдердің жазықты, беткейлері көлбеу жерлерді, сирегіректік құламалы учаскелерді мекендейді. Саны аз, автокөлікпен санақ жүргізгенде орта есеппен 35 шақырым қашықтықта 1 қосаяқ есепке алынды.

  • Үшсаусақты ергежейлі қосаяқ

Зайсан ойпаты бұл жануарлардың ТМД-да мекен ететін жалғыз мекені. Ергежейлі қосаяқ Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ойпатының барлық құмды тілемдерінде тараған. Олар таза шағылдардан басқа, Зайсан ойпатындағы құмдардың барлық түрлерінде мекендейді. Незінен олар ақ құмды шөгінділермен жабылған, жеңіл құммен шектелген тар аумақтарда кездеседі. Кейбір жылдары қоныстану тығыздығы 1 га-да 10 және оданда көп басқа жетеді.

  • Гептнер ергежейлі қосаяғы

Жандарияның ежелгі аңғарының шуыл аудандарының маңындағы Солтүстік-Батыс және Солтүстік Қызылқұмда таралған. Олар құмды шөгінділермен жабылған тақыр тәріздес жазықтықтарда, құм тізбегінің бөктерінде, ұсақ бөктерлі құмдарда және шөл өсімдіктері сирек өсетін жерлерде тіршілік етеді. Қазақстанда Жандарияның оң жағалауында табылған жалғыз тірі үлгі ғана белгілі.

  • Бозтүсті ергежейлі қосаяқ

Солтүстік Арал аймағы мен Оңтүстік Балқашқа жататын жергілікті түр. Олар таралу аумағы тар, сирек кездесетін жануар. Жалпы Арал өңірінің Қарақұмында, Оңтүстік Балқаштың Іле-Қаратал және Қаратал-Ақсу аралықтарында таралған. Бұл түр бекіген құмдар мен жусан-дәнді дақылдар тұқымдастары өскен құмды жазықтарда, сондай-ақ ұсақ түйіршікті бедері әртүрлі құмдарда, сол сияқты құмды-сазды шөлдерде қоныстанады. Арал өңірінде саны 10 шақырым қашықтықта 0,1, ал Оңтүстік Балқашта – 1 га-да 8-10 қосаяқ кездеседі.

  • Үнді жайрасы

Аз зерттелген, сирек кездесетін түр. Үнді жайрасы Оңтүстік Маңғышлақта, Таласта, Қырғыз бен Іле Алатауында және Қаратауда, Шу-Іле тауларында таралған. Қазақстанда олар теңіз деңгейінен 2000 метрден аспайтын биіктіктегі тау бөктерінде және аласа таулы аумақтардың қатты мезо-рельефті жерлерінде өмір сүруге бейімделген. Бұл түр барлық жерде өте сирек кездеседі, бірақ Қазақстанда бұрынғы саны туралы нақты деректер жоқ.

  • Көк суыр

Таралған аймағы тар, Батыс Тянь-Шанның жергілікті түрі. Олар альпі, субальпалық шалғындар және астық тұқымдас шөптер өсетін далада мекендейді. Төменгі белдеуде қар көп түскен солтүстік және солтүстік-шығыс беткейлерде, жоғарғы бөлікте оңтүстік және оңтүстік-батыстың қар аз жауған және жылы жерлерінде кездеседі. Бұл терісі бағалы аң, майының шипалық қасиеті бар. Қазақстандағы жалпы саны – 20-25 мың,ал тығыздығы 54-94 құрайды.

  • Орман сусары

Орман сусары айтарлықтай сирек кездесетін түр емес, бірақ кейбір аудандарда саны азаюда. Республикада Талас және Қырғыз, Қаржантау, Қаратау, Шу-Іле, Кендіктас тауларында, Іле және Күнгей Алатауында, Кетмен және Жоңғар Алатауында, Тарбағатай мен Сауырда таралған. Олар тау беткейінен альпі аймағына дейінгі барлық биотоптарда кездеседі. Сондай-ақ, жапырақты және қылқан жапырақты ормандарда мекендейді. Қазақстанда жалпы саны 200 бас шамасында деп есептелінеді.

  • Жалман

Жалман Қазақстанда өте сирек кездесетін жануар. Ол Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінің эндемигі. Бұл түр Орталық Қазақстанның оңтүстігі мен батыстағы Арысқұммен шектесетін Қарсақпайдан және Дарялық шөлінен бастап, Алакөл ойпатының Жоңғар қақпасына және Зайсандағы Монрақтың солтүстік ететіне дейінгі тасты-сазды шөлдер мен жартылай шөлді жерлерде таралған. Әртүрлі биотоптарды, көбіне өсімдіктері жақсы жетілген жерлерді мекендейді. Қазіргі уақытта ғылымда тек 40 жалман тіркелгені ғана белгілі.

  • Алып көртышқан

Таралу аймағы шағын, сирек кездесетін Каспий өңірінің жергілікті түрі. Алып көртышқан ТМД аумағында ғана кездеседі. Олар Каспий өңірінің жартылай құмды жерлерінде, Қалмақияның оңтүстігінде тіршілік етеді. Бұл түр тiршiлiк ететін оқшауланған аудандар Батыс Қазақстанда, Орал-Ембі аралығында, Ақтөбе және Орал облыстарының аумағында кездеседі. Олар сол маңдағы құмды жиектерде мекендейді. Әртүрлі типтегі құмдардың ылғалы мол, жазықты және дөңесті учаскелерінде, терең сайлардың беткейлері мен құрғап қалған өзен арналарында кездеседі. Қазақстанда жалпы соны белгісіз. Қоныстау тығыздығы 1 га-да 0,26-дан 4 басқа дейін ауытқып отырады.

0 пікір
Мұрағат