Қазақстанда құстың 20 жаңа түрі табылды
Қазақстанда құстың 20 жаңа түрі табылды
2 сағат бұрын 43 kaz.inform.kz Мейірман Лес, Мұрат Аяған, Алпамыс Файзолла. Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

KAZINFORM – Кейінгі жылдары Қазақстан аумағында бұрын тіркелмеген құстардың 20-дан астам жаңа түрі табылды. Бұл туралы орнитолог, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко айтты.

– Қазақстанда қазір 520-дан астам құс түрі бар. Жыл сайын ел аумағына жаңа түрлері ұшып келіп жатыр. Оларды көбіне өз бетінше бақылау жүргізіп, фотосурет арқылы дәлелдейтін әуесқойлар анықтайды, - деді ол Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Оның айтуынша, әуесқойлардың ғылымға қосатын үлесі артып келеді. Қазақстан үлкен болғанымен, бізде кәсіби орнитологтар аз, сондықтан энтузиастардың биоалуантүрлілік туралы білімді кеңейтуге көп көмегі тиіп жатыр. Олардың бақылауы мен деректерді тіркеуі құстардың көші-қоны мен таралуы туралы жаңа ғылыми мәліметтің пайда болуына сеп болады.

Спикер орнитофаунаның қазіргі жағдайына тоқталып, жекелеген түрлердің азаюы – жаһандық үрдіс екенін айтты. Қазақстанда бүгінде шамамен 60-қа жуық құс түрі әртүрлі деңгейде қауіп-қатерге ұшыраған.

– Құстардың тіршілігі әрдайым жайлы емес, басты қауіп – олардың мекен ету ортасының жойылуы. Бұл инфрақұрылымның дамуы, пайдалы қазбаларды өндіру, ландшафттың өзгеруі мен сулы-батпақты алқаптардың құрғауымен байланысты. Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануы мен мазалау факторы да әсер етеді. Әлемдік деректерге қарағанда, бар құстың санының шамамен жартысы азайған, - деді Скляренко.

Сұлу тырнаның саны қыстайтын елдердегі жағдайға да байланысты өзгеріп отырады, бұл халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетеді. Ителгінің саны заңсыз аулау салдарынан айтарлықтай қысқарған. Сондай-ақ электр желілері де жыл сайын мыңдаған жыртқыш құстың өліміне себепші болып жатыр. Жел энергетикасының дамуы да әсерін тигізіп отыр.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконың сөзінше, ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі – диклофенак ветеринарлық препараты. Ол бұрын Үндістанда өлексемен қоректенетін құстар санының күрт азаюына әкелген. Қазіргі уақытта ол елде препаратқа тыйым салынғаннан кейін жағдай біртіндеп жақсара бастады, алайда басқа елдерде оны қолдану жаңа қауіптер тудыруы мүмкін. 

Қаланың орталық бөлігінде торғайлар мен қарлығаштардың саны айтарлықтай азайған, бұл қалалық ортаның өзгеруімен байланысты. Ал су құстары, керісінше, қалада қыстап қалуды жиілеткен. Мысалы, барқылдақ үйректер мұз қатпайтын су айдындарында мекендеп, адамдардан сескенуді қойған. Сонымен қатар қалада оляпка мен сирек кездесетін көк құс сияқты түрлер жиірек байқала бастады.

Айта кетейік, бүгін, 1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Бұған дейін «Бурабай» ұлттық паркі мамандары құстар табиғаттағы мінсіз жүйені қалай сақтайтынын айтып берген еді.

Мейірман Лес

Ертіс орманында құстардың 90 түрі бар

KAZINFORM — 2025 жылы резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімі жүргізген далалық зерттеулер нәтижесінде резерват аумағында бұрын тіркелмеген 40 құс түрі анықталған. Олардың ішінде Павлодар облысы бойынша алғаш рет тіркелген түрлер де бар.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты — еліміздегі биоалуантүрлілігі жоғары және ғылыми маңызы зор аумақтардың бірі. Қазіргі таңда мұнда құстардың 90 түрі тіркелген. Оның ішінде 10 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Сондай-ақ өсімдіктердің 307 түрі мен сүтқоректілердің 21 түрі анықталған.

Ертіс орманында құстардың 90 түрі бар
Фото: Ертіс орманы
— Былтыр ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары зерттеу жүргізе келіп, қарағай арасында бұрын болмаған 40 құс түрін анықтады. Олардың ішінде кәдімгі жыланжегіш (Circaetus gallicus), ементұмсық (Coccothraustes coccothraustes), азиялық қарабас шақшақ (Saxicola maurus), қызылқұлақ сұлыкеш (Emberiza cioides) түрлері бар. Біразы бұған дейін Ертіс-Баян өңірінде ұшыраспаған, алғаш тіркеліп отыр, — деп хабарлады резерваттан.

Ертіс орманында құстардың 90 түрі бар
Фото: Ертіс орманы
Резерват басшылығы алдағы уақытта да жүйелі мониторинг жұмыстарын жалғастыра беретіндерін хабарлады. Табиғи байлықты сақтау мен қорғауда «Ертіс орманының» алатын орны айрықша.

Ертіс орманында құстардың 90 түрі бар
Фото: Ертіс орманы
Бұған дейін Ертіс орманына түлкілер қайта оралып жатқанын жазғанбыз. 

Ертіс орманынан қыста қандай құстарды кездестіруге болады. 

Бурабай ормандарындағы әсем ән: құстар табиғаттағы мінсіз жүйені қалай сақтайды

KAZINFORM – Бүгін, 1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Бұл – олардың экожүйедегі сүбелі рөлін еске салатын маңызды күн. Экологиялық датаның, әсіресе, «Бурабай» ұлттық паркі үшін мәні айрықша. Себебі, көктем келгенде, онда жыл құстары оралып, орман-тоғайды әсем әнге бөлейді.  

Бурабайда құстардың 221 түрі тіршілік етеді. Олардың 16-сы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Ал 21 түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының тізімінде бар. Жойылып бара жатқан құстар ретінде сұңқылдақ аққу, балықшы тұйғын, бүркіт, аққұйрық субүркіт, лашын, дала қыраны, ақбас тырна және үкіні атауға болады. Бұл құстардың экожүйені сақтаудағы орны ерек.

ы
Фото: «Бурабай» ұлттық паркі
Жазғытұрым табиғат қайта тірілгендей әсер қалдырады. Мәселен, қазірдің өзінде көлдерге аққулар қонған. Мұндай әр құбылыс – кездейсоқтық емес, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан табиғи жүйенің мінсіз үйлесімі.

«Бурабай» ұлттық паркінің экожүйесінде негізгі рөлді құстар атқарады. Олар жәндіктермен және ұсақ жануарлармен қоректеніп, зиянкестердің көбейіп кетуіне жол бермейді. Сондай-ақ ағаш және өсімдік тұқымдарын таратуға үлес қосып, орманның өсіп-кеңеюіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, құстар – биоиндикатор, яғни олардың жағдайы мен санына қарап, тұтас табиғаттың жайы жөнінде білуге болады.

а
Фото: «Бурабай» ұлттық паркі
Халық арасында «Құстарды қоректендіруге бола ма?» деген сұрақ жиі туындайды. Жалпы, ұлттық парк аумағында жабайы жануарларға қорек беруге тыйым салынған. Бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы бұлжымас ереже. Алайда жылы жақтарға ұшпай, қыстап қалатын ұсақ құстар үшін арнайы жем салғыштар бар. Олар көлдердің жағасында, елдімекендерде орнатылған. Оқушыларды табиғатты қорғауға тәрбиелеу мақсатында осындай арнайы орындарда құстарға жем беруге рұқсат етіледі. Әдетте, балалар шымшық, көктеке, сауысқан және көгершіндерді қоректендіреді.

құс
Фото: «Бурабай» ұлттық паркі
Ескеретін маңызды жайт – аққу, бүркіт т.б. ірі, жабайы және жыртқыш құстар қолдан қоректендіруге мұқтаж емес. Олар өз азығын өзі тауып жей алады және адамнан қашып, аулақ жүреді. Қанаттылардың тіршілігіне араласып, килігу оларға кері әсерін тигізеді, қоректену, тіршілік ету дағдысын бұзады.

ф
Фото: «Бурабай» ұлттық паркі
Құстар – көктемнің символы ғана емес, сонымен қатар экожүйенің нәзік әрі ажырамас бөлігі. Оларға зарар келтіру бүкіл табиғатты ойрандауы мүмкін. Сондықтан ұлттық паркте құстар мен жануарлардың ұяларын, апандарын, індерін және құмырсқа илеулерін бұзуға қатаң тыйым салынады. Бұл – қағаз жүзіндегі ереже емес, табиғатты сақтауға ауадай қажет шаралар.

а
Фото: «Бурабай» ұлттық паркі
Бүгінде Бурабай ормандарында құстар сайрап, төңіректі әуез бен әуенге толтырған. Осындай әсем әнді ертең ести аламыз ба? Бұл біздің табиғатқа деген қамқорлығымызға тікелей байланысты.

аспан
Фото: «Бурабай» ұлттық паркі

Алпамыс Файзолла

Павлодар облысында көктемгі мезгілде қандай құстарды аулауға болады

KAZINFORM — Өңірдегі аңшылық алқаптарында құстардың бірнеше түріне аңшылық жасауға рұқсат беріліп отыр. Аңшылық мерзім 18 сәуірден басталып, екі аптаға созылады.

Бұл туралы Павлодар облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан хабарлады.

— Ертіс-Баян өңіріндегі аңшылық жасауға болатын алқаптарда көктемгі аңшылыққа рұқсат беріледі. Заңнамада белгіленген талаптарды сақтай отырып, үйректер мен құрдың аталығына ғана мылтық кезеуге болады. Көктемгі аң аулау кезінде құстардың жыныстық белгілеріне ерекше назар аударуды сұраймыз. Аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген, — деп мәлімдеді инспекциядан.

Атап айтқанда, 18 сәуір — 2 мамыр аралығында Ақтоғай, Железин, Май, Баянауыл, Павлодар, Аққулы аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында, ал 25 сәуір — 9 мамыр аралығында Тереңкөл, Ертіс, Шарбақты, Успен аудандары аумағындағы аңшылық шаруашылықтарда мылтық кезенуге болады.

Мұрат Аяған

 

0 пікір
Мұрағат