Жануарлар әлемі: Қытайда масалар зауыты ашылды (видео)
Жануарлар әлемі: Қытайда масалар зауыты ашылды (видео)
8 жыл бұрын 7166 24.kz Ж.Атагельдиева, Ж.Джазина, Е.Қашқынов

АҚШ-тың Флорида штатында соңғы бірнеше күнде 14 адам Зика безгегіне шалдыққан. Ауру адамнан емес, масалар арқылы жұққан. Мұндай жағдай бүкіл ел бойынша алғаш рет шілде айының 29-ы күні тіркелген болатын. Енді штат басшылығы елдегі ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі федералдық орталықтан көмек сұрап отыр. Ал Қытай жұртшылығы бүкіл әлемге қауіп төндірген вируспен күресте тың тәсіл қолдануға көшті. Қытайдың Гуанчжоу қаласында орналасқан әлемдегі ең үлкен масалар зауытында аптасына миллиондаған жәндік өсіріліп шығарылады. Басты мақсат – жаһанды жаулай бастаған Зика мен Денге безгегі секілді аурулармен пәрменді күрес жүргізу. Мамандар індет тарататын зиянкестің ұрығын жойып жіберетін арнайы бактерия жұқтыртады. Сосын еркіндікке жіберілген олар өзге масамен жұптасып, бактерияны оларға да дарытады. Си Чжиюн, Сун Ятсен университетінің профессоры: - Біздің негізгі міндетіміз – масалар популяциясын азайту. Соның арқасында түрлі аурулардың таралуын елеулі түрде тежеуге болады. Бұл індеттердің қатарында Зика, Денге және Сары безгек бар. Сондай-ақ, осы кеселді емдейтін дәрі-дәрмек ойлап табу жолында да тер төгіп жатырмыз. Профессор масаға жұқтырылған арнайы бактерия оларды генетикалық өзгеріске ұшыратпайды деп отыр. Сондықтан, бұл әдіс тиімділігімен қатар қауіпсіз саналады. Лян Джинтянь, жергілікті тұрғын: - Біздің аймақта бұрын маса көп болатын. Мына тәжірибенің пайдасы тиеді деген үміттемін. Жергілікті халық арасында бактерия жұқтырған жәндіктер еркіндікке жіберілгенде қайта олардың саны арта түспей ме деген пікір де айтылып жүр. Алайда, өз басым керісінше ойлаймын. Зауыт басшылығы бүгінде Мексика, Пәкістан және Үндістандағы ғалымдармен келісім жасасып үлгерді. Себебі масалар тарататын аурулар мәселесі бұл елдерде өткір тұр. Ал ғалымдар кәсіпорынға мемлекет тарапынан нақты қолдау қажеттігін айтады. Өйткені, мамандар зауыттың халықаралық маңызы зор деп санайды.

Мексикада қоңыздар туризмді дамытудың құралына айналды (видео)

Мексикадағы орман кәсіпорындары туристерді тарту арқылы кіріс көлемін ұлғайтудың тың тәсілін тапты. Бұл мақсатта мамандар кәдімгі жарқырауық қоңыздарды қолдана бастаған. Туризмді дамытудың ерекше жобасы ел астанасы Мехиконың маңайында қолға алынды. «Пьедра Кантеда» саябағы қараңғылық түскеннен кейін ерекше түрге енеді. Ол ел астанасы Мехикодан 75 шақырым жердегі үлкен аумақты алып жатыр. Мыңдаған жарқырауық қоңыздар тастай қараңғы орманды нұрға бөлейді. Осындай керемет көрініске куә болуды армандаған адамдар саябаққа ағыла бастады. Карлос Ланда, турист: - Бұл керемет көрініс. Бір ғана жерден мұншама жарық қоңызды бұрын-соңды көрген емеспін. Ең ғажабы, тамаша үндестік бар. Бәрі бір мезетте жарқырап тұрады. Бұл ғажайып нәрсе. Ертегілер әлеміндегі орманға тап болғандай сезімге бөленесің. Орман шаруашылығына иелік ететін кәсіпорын басшылығы бұл жобаны еріккеннен қолға алмады. Әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген тұста ағаш өнімдеріне деген сұраныс төмендеді. Бағасы құнсызданды. Жарқырауық қоңыздар арқылы туристерді тарту идеясын кәсіпорын мамандары алғаш 2011 жылы ойластыра бастаған. Бірақ, жобаны толық іске қосу тек биыл ғана мүмкін болды. Сальвадор Моралес, ағаш кесетін кәсіпорынның менеджері: - Қазір біз кәсіпорынның саясатын өзгертіп жатырмыз. Ағаш кесуді азайтып, туристерді көптеп тартудың қамында жүрміз. Жаңадан қолға алған бағытымыз осы. Бұған дейін біз табысты тек ағаш сатылымынан ғана алатын едік. Осыған орай, өндіріс көлемін 60-70 пайызға кеміттік. Бұл шара орманды сақтауға да себін тигізеді, сондай-ақ туризмнен түсетін кірісті арттырамыз. Десе де бұл бизнес қысқа мерзімді. Себебі, жарық қоңыздар сәулесін тек маусым мен тамыз айының аралығында ғана шашады. Сондықтан, жылдың басқа мезгілінде ағаш кесіп, сату кәсібінен түскен азғантай кірісті қағанат тұтуға тура келеді.

 

0 пікір
Мұрағат