Жануарлар әлемі: Аю, арыстан және жолбарыс 15 жыл тату-тәтті бірге тіршілік етуде (ВИДЕО)
Жануарлар әлемі: Аю, арыстан және жолбарыс 15 жыл тату-тәтті бірге тіршілік етуде (ВИДЕО)
9 жыл бұрын 8798

Американың Джорджия штатында «Нұқ кемесі» жануарлар үйінде үш алып жыртқыш - аю, жолбарыс, арыстанның бірге тұрып жатқандарына 15 жыл болды.

15 жылдай бұрын алан, шөнжік және қонжықты полиция арнайы жасағы рейд жүргізу барысында наркобаронның үйінің жертөлесінен тапқан болатын. Ол кезде олардың жастары бірге де толмаған, әрі күтімсіздіктен әлсіреп қалған еді. Үшеуінен де паразиттер табылды. Мамандар оларды  босатып жіберсе өліп қалады деп санады.

Содан бері үш жыртқыш BLT (bear, lion, tiger) жануарлар үйінде бір-бірінен ажыраған емес. Тек бір мәрте аюға ота жасалған кезде екеуі ғана қалды.

Олардың аттары да қызық, мультфильмнен таңдалған. Америкалық қара аюдың аты - Балу, африкалық арыстан - Лео. Бенгал жолбарысының аты - Шерхан. Олар қазір ажырамас достықтың үлгісіндей,   шат-шадыман тіршілік кешуде.

Олардың бір-бірімен қарым-қатынасы ерекше. Әдетте мұндай жыртқыш аңдар бір-бірімен тіл табыса алмайды. Алайда 15 жыл ішінде бұл үшеудің бір-біріне мейірім ғана байқалады.

Жануарлар үйінде жыртқыштардың мінез-құлқы кішкентай кезінен бастап осы уақытқа дейін мүлдем өзгермеген. Мысалы, Шерхан о бастан тентек, шолжаң болды. Әлі күнге солай.

«Үшеуі бірге тынығады, бірге тамақтанады, ойнайды. Олардың бұлай жақын қарым-қатынасына өткен кезеңде бірге кешкен ауыр сәттері себеп болған шығар»,  деп жазады The Telegraph басылымы.

 

0 пікір
Мұрағат