Ерекше тұқым: шегір көзді ақбоз жылқы (фото)
|
Талдықорғанда «Жетісу асылы» деп аталатын ерекше тұқымды жылқылар өсіріле бастады. Қазіргі уақытта мұндай жылқылардың бір үйірі, дәлірегі, 50 басы бар.
Алматы облысының орталығында 17 жылға созылған тәжірибеден кейін Қамбар ата түлегінің жаңа түрі пайда болды. Бұл жылқылардың сыртқы ерекшелігі түсі ақ, көздері шегір келеді. Алтын түсті жалы бар, көздері не көк, не сұр емес тұлпарларды осы уақытқа дейін «альбинос» немесе «изабелла» түстес деп атап келді. Жалпы көздері шағыл, өн бойында бір мең жоқ ақбоз жылқы табиғатта сирек кездеседі.
Жылқышы Александр Софин мұндай жануарларды топтастырып, ғылымға бір жаңалық енгізбек ниетте. Қазір ол өз шаруашылығында өңі ақ, көздері көгілдір түсті жылқылар санын 50-ге жеткізіп отыр. Шаруаның бұл бағытта жұмыс істеп жатқанына 17 жылдан асыпты. Бүгінде ақбоз жылқының бірнеше буынын өсіріп, олардан түр-сұрпаты айнымайтын құлындар алуда. Александр Софиннің мақсаты қазақ жылқысын әлемге танытуға саяды. Осы мақсатта селекциялық жұмыстармен айналысып жатыр. Алдымен тұрқын шығарып, одан кейін бөлек тұқым ретінде сұрыптап алу жұмысы тұр. Ақ түсті немесе изабелла түсті жылқының басты ерекшелігі оның көгілдір көздерінде болмақ. Шаруаның бұл ізденісіне ғалымдар да назар аударып отыр. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, болашақта сүле немесе тип, тіпті, жаңа тұқым ретінде тіркеуге болатынын айтуда. Профессор Болатхан Махатұлы ақбоз жылқыны сұрыптап шығарып алып, ұрпағына сол түсті таза беріп отыратындай жағдайға жеткізу керек дейді. Тек сол жағдайға жеткізгенде ғалымдардың да жұмысы зая кетпейтін болады. Қазіргі таңда барлық сараптамалар Қостанайдағы ғылыми зерттеу институтында жүргізілді. Ал сараптамаға қажет материалдар Чехиядан алынған.
Осылайша қазір ақ жылқылардың жеке сүлесі ғалымдармен расталып отыр. Десе де өз алдына дербес, толыққанды тұқым ретінде шығару үшін әлі де талай жұмыс пен уақыт және қаржы қажет. Аграрлық университет мамандарының есептеуінше бұл жұмыстарға 250 млн теңгедей қаржы керек. Егер қаражат табылса, ақбоз жылқылардың жаңа тұқымын әлемге 2020 жылы таныстыруға болады. Жалпы бұл жылқылардың өзгелерден тек түр-түсімен ғана емес, жеке қасиеттерімен де ерекшеленді. Оны малдың басы-қасында жүрген жылқышылар байқап келеді. Мәселен, жылқышы Данияр Матайбаев бұл тұлпарлардың ештеңеден қорықпайтынын, үрікпейтінін, шыдамдылығы мен шапшаңдығын ерекше бағалап отыр. Бұған қоса, қолға тез үйренеді.