|
Араның жаңа түрі табылды
|
Энтомологтар Техас штатының ресми бұтасы Техас шалфейінен тек бір ғана өсімдіктің тозаңымен қоректенетін андрена бал арасының жаңа түрін тапты. Бұл туралы islam.kz порталы Phys.org. жаңалықтар қызметіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңа түр Andrena cenizophila деп аталды, мағынасы «ценизо әуесқой» дегенді білдіреді. Ғалымдардың мәліметінше, бұл түр топырақта ұя салатын және жалғыз өмір салтын ұстанатын аралар тобына жатады. Оның таралу аймағы Техастың оңтүстік-батысын және Мексиканың Коауила штатының орталық аудандарын қамтиды. Үлгілерден табылған тозаңның талдауы техас шалфейінің осы түрге арналған жалғыз азық көзі екенін көрсетті. "Біздің мәліметтер бойынша, бұл әлемдегі нақты бір бұтаға шоғырланған жалғыз бал ара. Осы бал арасынан табылған барлық тозаңдар - тек күлгін шалфей гүлдерінен", - деп мәлімдеді зерттеу жетекшісі Силас Боссерта. Табиғатта сирек кездесетін бірегей жәндікті алғаш рет он жыл бұрын Орталық Техас мелиттологиялық институтының мелиттологы Жек Неф жинаған екен. Алайда, мамандар оны тек енді ғана жіктеп, сипаттамасын берді. Ғалымдар антенналар мен репродуктивті органдардың (яғни, өсіп-өну ағзаларының) құрылымын қоса алғанда, анатомиялық ерекшеліктерді, сондай-ақ, генетикалық деректерді салыстырып көрді, осылайша бұл түрдің эволюциялық тізбектегі орнын анықтауға мүмкіндік берді. Техас шалфейі жаңбырдан кейін шамамен бір апта бойы жаппай гүлдейді. Мұндай құбылыс жылына бірнеше рет қайталануы мүмкін, алайда, гүлдеудің шарықтау шыңы көктем мезгілінің соңына таман болады. Осы қысқа мерзім ішінде ара ұрпағын қоректендіру үшін тозаңның барлық қорын жинап үлгеруі тиіс. Мамандардың айтуынша, мұндай жаңалық түрлерді тек жүйелеу немесе жіктеу үшін ғана емес, жалпы экожүйені түсіну үшін де маңызды. Жаңа түрдің қайда және қалай ұя салатыны туралы мәселелер әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Ғылыми қауымдастықтың атап өтуінше, жыл сайын жүздеген жаңа бал арасының түрлері сипатталады. Әрбір осындай табылған жәндік биологиялық әралуандылықты және түрлер арасындағы эволюциялық байланыстар туралы түсініктерді нақтырақ құруға көмектеседі. Жаңа түрдің үлгілері Смитсон институтының жинақтарын қоса алғанда одан арғы зерттеу және салыстыру үшін мұражай коллекцияларына берілді.