Ит «индустриясы»
Ит «индустриясы»
5 жыл бұрын 3397 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Батыстың қаңсығын таңсық көретін қаракөздер итті үйде ұстауды сәнге айналдырғалы қашан. Мақұлықтың аты мақұлық, әсіресе, итке сенім жоқ, қанша жерден үйретсең де өзінің табиғатынан асып кете алмайды – тұмылдырықсыз көпшілік жүретін жерлерге серуендетіп алып шығудың өзі қоғамға қауіпті екенін ескере бермейді. Жануарлар дәрігеріне қаратып, екпе алып тұрған күннің өзінде иттің сілекейі одан залалсызданып кете қоймайды. Үйінде ит ұстаған адам қанша жерден тазалыққа ұқыпты болғанымен ол үйді таза дей алмайсыз. Елімізде үйінде ит ұстайтындар туралы нақты дерек жоқ, десек те соңғы жылдары бұл жат әдет қалалық жерлерде етек алып келеді. Тек итпен шектелсе, бір сәрі, үйінде қауіпті жабайы жыртқыш ұстайтындардың қарасы көбейіп келеді. Өз алдына бөлек тұтас бизнеске айналғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Осы орайда қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, бір ғана АҚШ-тың өзінде ит «индустриясының» қалыптасқанын айта кетуді жөн көріп отырмыз. Биылға статистикаға қарасаңыз, 2019 жылы америкалықтар үй жануарлары үшін 75 млрд доллардан аса қаражатын ысырап еткен. Ит пен мысық, тіпті, жылан асыраудың шығыны шаш-етектен. Осы тақырыпта арнайы зерттеу жүргізген Мария Искуснова есімді автордың жазуынша, америкалық үй қожайындарының 67%-ы немесе 84,9 млн отбасы үйінде жануар ұстайды. Америкалықтардың жануарларға арналған тауар өндірушілер қауымдастығы (APPA) келтірген статистикалық дерекке қарағанда, америкалықтардың дені ит асырайды, яғни, үйінде ұстайды – 63,4 млн отбасы. Ал мысық ұстайтын америкалықтар қарасы - 42,7 млн. Үйінде, сондай-ақ, балық, құс, жәндік асырайтындар саны да әжептуір. 4,5 млн жыртқыш ұстайтындар тіркелген, ал қазаққа таңсық емес жылқыдан 1,6 млн басты эстеиткалық ләззат алу үшін асырайды. Кей америкалық отбасылар тек итпен немесе мысықпен шектелмей, өзге де жануарларды үйінде ұстайды. Яғни, бірнеше жануарды қатар асырайды. APPA болжамы бойынша америкалықтар үйінде ұстайтын жануарлар үшін 75,38 млрд долларға шығындалады. Жылына. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, олардың тамағына 31,68 млрд доллар, дәрі-дәрмегіне 16 млрд доллар, ветеринарлық жәрдемге 19 млрд доллар жұмсайды екен. Бұдан бөлек, оларды түрлі тәттілер мен тауарлар үшін 2 млрд доллар және түрлі қызметке 6 млрд долларды қалтасынан санап берген. Жануарлар үшін сауда-саттық және сауық-сайран орталықтары ашылған. Онда не жоқ дейсіз: үнемдеуші эконом класс тағамы, түрлі қоспалар мен сапалы өнімдерден дайындалған премиум тағамы, органикалық тағам, диеталық тағам, т.б. толып жатыр. Мәселен, СIF-тегі хайуанаттар дүкенінде тек тағамдар сатылып қоймай, сонымен қатар, жануарларды ұстауға арналған торлар, үйшіктер, маникюр бұйымдарын, т.б. табуға болады. Тіпті, жануарларға арналған қонақ үйлер мен салондар, ветеринарлық емхана, т.б. кездестіре аласыз. Ол ол ма, ит шаштаразын да жолықтыруға болады. Адамдарға арналған шаштараздан бағасы әлдеқайда қымбат - 80-120 доллар аралығында. Керек десеңіз, ит компаньоны деп аталатын танымал мамандық түрі де бар – жұмыста немесе басқалай себеппен итіңізге қарай алмасаңыз, ол итіңізді сіз келгенше көңілін аулап, тамағын беріп, қарай тұрады. Тек ақысын берсеңіз болды. Мұндай қызмет түрі тәулігіне 20-60 долларды құрайды. Ал жануарды қонақ үйде ұстағыңыз келсе – тәулігіне 40 долларды қалтаңыздан санап бересіз. Жануарларды аурудың алдын алу үшін екпе салдыру, емдеу – өз алдына бөлек тақырып. Аталған елде ветеринарлардың қызметі бас айналдырар қаржыны талап етеді. Мәселен, құтыру, т.б. аурулардың алдын алу үшін салдыратын екпеңіз жылына кем дегенде 500 доллар тұрады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, бұл елде құтыруға қарсы екпе салу заңмен міндеттелген профилактикалық шара. Барлық жануарлар түріне. Жылына көшеге бір рет шықсаңыз да екпе салдыруға міндеттісіз. Жануарлар рентгені үшін шамамен 400 доллар төлейсіз. АҚШ-тың кей штаттарында жануарларды піштіру міндеттелген. Піштірілмегені үшін жылына 50 доллар айыппұл төлеп отырасыз. Америкалықтар өзімен мінезі үйлесе қоймаған, тіл табыса алмаған жануарларды, я болмаса қартаюына байланысты немесе ауырып шамасы келмейтін кезде асырауындағы жануарды жануарлар үйіне өткізеді. АҚШ-та жылына бір миллионнан аса ит пен мысық укол салып өлтіріледі. Былайша айтқанда, әрбір 10-12 секунд сайын бұл елде бір жануар осындай жолмен өлтіріледі. Алайда, жануарлар үйіне тап болған жануарлардың бәрі өлтіріле бермейді – асырап алғысы келетіндер табылады. Әдетте жануардың күтімсіздіктен күйі қашып, көзін былшық басып, қабырғасы ырсиып тұрса немесе өздігінен тамақтана алмайтын күйге жетсе, ауру айналдырғандары болса, америкалықтар алдымен соларды асырап алуға құмбыл. Жаны ашығандықтан сөйтеді. Бірыңғайда бұл жануарға көрсеткен құрметі болмақ. Бұл елдегі жануарлар үйіне мемлекет қазынасын қаражат бөлінбейді, бәрі қайырымдылық қаражаты есебінен. АҚШ-та жануарларды серуендету, ойнату, т.б. ашылған арнайы саябақтар бар. Бұл саябақтарда өз автотұрағы, дәретханасы, жануарлар шомылатын, ішетін суы, т.б. болады. Мәселен, Иллинойс штатында мұндай орынды пайдаланудың жылдық ақысы 50 долларды құрайды. Тек осындай жануарларға арналған саябақтарда ғана иттерді тұмылдырықсыз немесе қарғыбаусыз жібере аласыз. Ал қоғамдық жерлерде тұмылдырықсыз жүргеніңіз үшін 500 долларға дейін айыппұл арқалайсыз. АҚШ-та қаңғып жүрген ит пен мысықты көшеде кездермейсіз. Бәрінің қожайыны бар. Егер сізден итіңіз бөлек кетіп қалса, оны ұстауға кинолог полиция қызметкерлері көмектеседі. Егер жанында қожайыны жоқ итті немесе мысықты кездестірсе, оны міндетті түрде ұстап алып, жергілікті жануарлар үйіне өткізеді. Америкалықтар жануарларына жиі кеш ұйымдастырып тұрады – қожайыны итін немесе мысығын сәндеп, киіндіріп, тіпті, киім тіктіріп осы кеш үшін алашапқын болып жатады. Осындай кеште иті мен мысығы өзге ит пен мысықпен бірге ойнайды, тәтті-дәмді тоқаштарын жейді. Таяуда ғана бұқаралық ақпарат құралдарында Испанияның Самора қаласында баладан гөрі иттің саны көп болып шыққаны турасында ақпарат тарады. Осыған байланысты билік орны ит асырайтындарға қатысты жаңа салық түрін енгізуді көздеп отырғаны айтылған. Келесі жылдан бастап қолданысқа енетін заң жобасына сәйкес ит асыраушылар жыл сайын 9 еуро мөлшерінде салық төлеуі тиіс. Мұндай заң Нидерландының Гаага қаласында да қолданылады: әрбір ит басына жылына 120 еуро салық салынады.

0 пікір
Мұрағат