Илон Маскқа капсула әзірлеген қазақ баласы
Илон Маскқа капсула әзірлеген қазақ баласы
5 жыл бұрын 3173 dalanews.kz Нұртуған Шыған

Оның аты – Санжар, сойы – Тайжан. Жасы 21-де. Бұл бала туралы әуелі «Форбс Қазақстанның» бас редакторы Асқар Аукенов өзінің «фейсбуктегі» жеке парақшасында жазды. 

«SpaceХ», «Hyperloop» деген мега жобаларды естіген боларсыз. Бұлар америкалық кәсіпкер, қалтасындағы қаржысы миллиардпен есептелетін (Forbes тізіміндегі 54-орында тұрған) Илон Маскқа тиесілі. 

Ал біздің Санжардың үлгі тұтар тұлғасы басқа-басқа емес, тап осы Илонның өзі екен.

Санжар былдырлаған бала күнінен сандарға әуес, есепке епті болып өскен екен. Тіпті сол кездің өзінде-ақ, көшедегі көліктердің нөмірлерін жаттап алатын көрінеді.

 Ал мектеп табалдырығын аттаған соң математика мен физикаға ыңғайланады. Тіпті 9-сыныпта Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түседі. 

«2013 жылы Эшли Вэнстың «Илон Маск: Tesla, SpaceX және таңғажайып болашақ» атты кітабын оқыдым. Осыдан кейін-ақ, инженерияға ықыласым оянды. Илон Масктың: «Әрқайсымыз өз саламыз бойынша мына әлемге ешкім ойлап таппаған жаңа дүниелерді беруіміз керек» деген сөзі қатты әсер етті» 

– деп еске алады данышпан бала.

Республикалық физика-математика мектебін «Мектеп мақтанышы» деген атпен тамамдаған соң, Кембридждегі «Bellerbys» колледжінің «A-level» бөліміне оқуға түседі. 2016-2017 жылдың «Үздік студенті» атанады.

Сөйтіп, 2017 жылы Ұлыбританияның ең үздің 10 білім ордасының қатарына кіретін «Warwick» университетінің студенті атанады.

 Бұл білім ордасы «QS» рейтингі бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы 60 университетінің сапына енеді.

«Бұл оқу орны дәл осы машина құрастыру саласы бойынша әлемнің ең үздік университеті болып есептеледі», – дейді Санжар.

Илон Масктың «Hyperloop» жобасына арналған транспорттық капсула әзірлеу жарысына қатысу Санжардың арманы болған екен.

Бұл транспорттық капсула – құбырлық желі жоғары жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді екен.

(Бұл үшін «SpaceX» 2015 жылы Калифорнияда арнайы полигон салып, «Hyperloop Pod Competition» жобасына студенттік команда жинау үшін турнир жариялаған еді.)

Сөйтіп, біздің Санжар өзі оқитын «Warwick» университетінен команда жасақтай бастайды. 

Әуелгі келіп түскен  200 өтініштің ішінен 60 адамды іріктеп алып, «Warwick Hyperloop Team» деген команда құрады. Сосын 2018 жылдың ақпан айынан бастап, капсула құрастыру ісіне бел шеше кірісіп кетеді.

Жоспар бойынша күзге қарай капсула әзір болуы керек.

«Бұл жоба үшін маған көп дүниеден бас тартуға, тіпті достарыммен араласудан да бас тартуға тура келді», деп еске алады қазір Санжар. 

Ақырында төккен тер, еткен еңбектің нәтижесінде өзі мақсат тұтқан капсуланы құрастырып шығады. 3D-нұсқасын (моделін) дайындап біткен соң, оны сынақтан өткізу керек болады. 

 Ол үшін симмулятор бағдарламасында тестілік сынақ жасайды. Бұдан бөлек, жігіттердің қолында бір жарым метрлік прототип те болған. Оны университеттегі аэродинамикалық құбырда сынақтан өткізеді. 

«Біздің капсуламыз 11-12 секундта 500 км/сағат. жылдамдық  алды. Біздің бұл капсуламыз  «Bugatti», «Tesl»a тіпті, «Boeing» ұшағынан да жылдам екенін көрсетеді», 

дейді Санжар Тайжан.

Осыдан кейін Санжар мен оның командасы өз капсулаларының виртуалды нұсқасын «Hyperloop Pod Competition» жобасына жібереді. Ал қараша айында оларға ресми жауап хат келеді.

Үшбу хатта Санжар мен оның командасы үздіктер қатарына енгенін, олардың жобасы 52-орында тұрғаны жазылған екен. Ал бұл жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ден астам өтініш келіп түскен екен.

«Hyperloop Pod Competition» жобасының ендігі аралық қорытындысы биыл жарияланады. Бұл кезеңде ең үздік деп танылған 20 жоба іріктеледі.

Демек, бұл 20 жобаның авторлары Илон Маскпен жеке кездесуі мүмкін.

Ал енді «Warwick Hyperloop Team» деп аталатын Санжардың командасы бұл жиырмалыққа енбей қалған жағдайда не болмақ деген сұраққа:

«Біздің командамыз тарқамайтыны сөзсіз. Біз Англияда алғаш болып «Hyperloop» құрастырмақпыз», дейді.

Санжардың айтуынша, Масктың жарысына қолдау көрсеткен «Warwick Manufacturing Group» пен «Advanced Propulsion Centre» арасында тестілік трек құрылысын бастау жөніндегі келісім бар.

Бұдан бөлек, Санжар мен оның командасының жобасы Ұлыбританияның Үкіметтік құрылымының да қызығушылығын тудырған.

Тіпті, команданы компания ретінде тіркеп, Үкіметтік гранттарға қатысу туралы ұсыныс айтылған екен.

Міне, бұл қазақстандық баланың, қазақ баласының әлемдік деңгейдегі жобасы қазір төрткүл дүниенің назарында десек артық айтпаған болар ек. Ұлықталса, осындай ұлдар ұлықталуы керек-ақ…

0 пікір
Мұрағат