“Харекет” қоры көмекке мұқтаж тағы 6 отбасына баспана сыйлады
|
“Мың теңгеге баспана” деген ұстаныммен құралған “Харекет” қоры он тоғызыншы отбасыға үй сыйлады.Бұл жайында stan.kz ақпарат көзі хабар таратты.
“14-үй Ақтау қаласының маңынан (Жетібай кенті) анасына және 4 құлынына (3 ұл, 1 қыз) пана болып отырған Роза Серғазықызына тапсырылды! Иесіз базада сусыз, жарықсыз, жылусыз (пеші де жоқ), тіпті терезесіз қуыста 2 жыл күн кешіп келген екі ананың айтар алғысы шексіз!
15-үй де осы Маңғыстау облысына қарасты Жетібай кентінен 7 баланың анасы (1-і науқас), Алла қаласа, тағы егіз перзентті дүниеге алып келуге тәуекел етіп отырған Айгүл Әбдіғаниқызы мен жолдасы Қуатбай Бақтыбайұлына бұйырды! Бұл үйді “Харекет” қоры арқылы “Астана” футбол клубының әрі Қазақстан құрама командасының ойыншысы Абзал Талғатұлы Бейсебеков өз қаржысына алып берді!
16-үй Өскемен қаласының тұрғыны, 5 баланың анасы Бейбітгүл Дуанқызына нəсіп болды!
17-үй Түркістан облысы Қазығұрт ауылыынң тұрғыны, əпкелі-інілі (жетім қалған бауырларымыз) Эльмира Бекбосынқызы мен Талғат інімізге нəсіп болды!
Қадірлі ағайын, 18-үй Алматы облысы Ұзынағаш ауылынан 4 қыздың ата-анасы Раман Талғатұлы мен Меруерт Қойбағарқызына нəсіп болды! Раман бауырымызды бұл дүниелік бақытқа бөлеуге атсалысқан барша ағайынға Алланың нұры жаусын!
19-үй СҚО Қызылжар қаласының тұрғыны, 3 қыз (біреуі – сəл науқас) бен 1 ұлдың əкесі Манап Қатранұлына нəсіп болды! Бірнеше жыл бойы ана орнына ана, əке орнына əке болып, төрт құлынын мəпелеп отырған азаматқа Алла жар болсын! Баспана алуға атсалысқан барша ағайынның берекесі артып, бағы жансын!
Есіңізде болсын: “Аллаға көркем қарыз беретін кім бар? Ол (Алла) оған еселеп арттырып береді…”. Біздің мақсатымыз – халықтың демеуімен мұқтаж жандарға (жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі кісілерге, көп балалы, жалғызбасты аналарға, т.с.с.) үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу және осы ісімізді үздіксіз (тоқтаусыз) садақаға айналдыру”, – деп жазылған қордың желідегі парақшасында.
Баспаналы болған барлық отбасы қуанышын жасырмай, қайырымды жандарға алғысын білдірді. Желі қолданушылары да игі істі құптай отырып, құдайдан еселеніп қайтсын деп тіледі.
Бұған дейін қор атынан Қадір түнінде көпбалалы 13-отбасыға баспана сыйланғанын хабарлаған едік.