Ғасыр соңына қарай Қытайдың солтүстігінде тіршілік жойылуы мүмкін
Ғасыр соңына қарай Қытайдың солтүстігінде тіршілік жойылуы мүмкін
6 жыл бұрын 3459 Алтынай Қуанышбек

Климаттың өзгеруі тоқтамаған жағдайда Жер бетіндегі экологияны ең қатты ластаушы ел Қытайдың солтүстігіндегі жазық далалы аймақтарда тіршілік тоқтайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі theguardian.com сайтына сілтеме жасап. 

Келешекте температура көтеріле берсе, планетадағы тіршілікке ең қауіпті жер әлемдегі халық ең тығыз қоныстанған аймақтардың бірі – Қытайдың солтүстігіндегі жазық далалы өңір болмақ. Бұл жер – осынау аса ірі елді азық-түлікпен қамтуда аса маңызды рөл атқаратын алқаптардың бірі.

Соңғы зерттеулер көрсеткендей, ең дені сау деген адамның өзін бірнеше сағат ішінде өлтіретін дымқыл ыстық осы ғасырдың соңына қарай аталған аймаққа бірнеше айналып келмек. Мұның алдын алу үшін ауаға шығарылатын көмірқышқылы газының көлемі аса ірі мөлшерде азаюы тиіс.

«Бұл жер болашақта ыстық толқындар ұратын ең ыстық аймақ болмақ», - дейді жаңа зерттеу жұмысының жетекшісі, Массачусетс технология университеті профессоры Эльфатих Эльтаир.

Бұл болжам үлкен алаңдаушылық туғызады, өйткені Қытайдың айтылып отырған солтүстік далалы өңірінде тұратын 400 миллион адамның көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысады және олардың басқа жерлерде жұмыс істеуге мүмкіндіктері аз.

«Қытай бүгінде ауаға парник газдарын шығару жөнінен әлемде бірінші орында тұрған ел. Бұл жағдай оның өз тұрғындары үшін айтарлықтай қауіпті. Көмірқышқыл газын қазіргі деңгейде шығару жалғаса берсе, бұл ахуал Жер бетіндегі халқы ең көп елдің адамдар ең тығыз қоныстанған аймағында тіршілік мүмкіндігін шектейді», - дейді профессор Эльтаир.

Жаңа зерттеу климаттың өзгерісіне ыстық пен дымқылдық қосылғанда әсері қандай болатынын сараптайды, бұл өлшем «дымқыл колба» температурасы (wet bulb temperature – WBT) деп аталады. WBT Цельсий бойынша 35 градусқа жеткен кезде дымқыл ауа қатты қызып, адам денесі терлеу арқылы өзін салқындату қабілетінен айырылады, сөйтіп көлеңкеде отырған ең төзімді деген адамның өзі алты сағат ішінде өледі.

WBT-ның 31 градустан жоғары болуын АҚШ Ұлттық метеорология қызметі «аса қауіпті» деп бағалайды және «Егер дереу қауіпсіздік шараларын қолға алмасаңыз, қатты ауырып қалуыңыз, тіпті өліп кетуіңіз мүмкін» деп ескертеді.

Nature Communications («Табиғи қарым-қатынас») журналында жарияланған еңбекте айтылғандай, парник газдарын шығару азайтылмаса, WBT бойынша 35 градус ыстық Қытайдың солтүстігіндегі жазық далаға 2070 және 2100 аралығында бірнеше мәрте келеді. Мәселен, Шанхай көмірқышқыл газын нормадан бес есе артық шығарса, WBT бойынша қатты ыстық жүздеген мәрте айналып соғады. Көмірқышқыл газын шығару айтарлықтай төмендеген күннің өзінде WBT бірнеше мәрте жоғары болмақ.

Эльфатих Эльтаир мен оның әріптестері жасаған алдыңғы зерттеу көрсеткендей, жаһандық мұнай өндіру орталығы – Таяу Шығыстағы Парсы шығанағы да климаттың өзгеруі тоқтамаса алдағы уақытта адам тіршілігін тоқтататын ыстықтан зардап шегетін болады. Әсіресе қауіпті аймақтар болып Әбу Даби, Дубай, Доха және Иранның жағалаудағы қалалары саналып отыр. Аса қатерлі 35 градус WBT Иранның Бандар Махшар қаласында 2015 жылдың шілде айында болды. Мұнда ол кезде ауа 46 градус ысып, дымқылдығы 50%-ға жетті.

Ғалымдар 2017 жылы Азияның оңтүстігін де зерттеп, бұл аймақ кей жерлері 35C WBT-ға жетуімен аса қатерлі екенін анықтады. Мұндағы экстремалды аймақтардан тыс жерлердің өзінде, әсіресе Ганга мен Инд өзендері алқабында тұрып, ауыл шаруашылығымен айналысатын 1,7 млрд халықтың төрттен үш бөлігі ғасыр соңына қарай аса қауіпті дымқыл ыстықтан зардап шегетін болады.

Әйтсе де, Эльтаир Қытайдың солтүстігіндегі жазық далалы өңір тіршілікке айрықша қолайсыз жер болатынын айтады.

«Климаттың өзгеруінен туатын зардап жоғарыда айтылған екі аймақпен салыстырғанда мұнда айтарлықтай терең», - дейді ол.

Ол қорқынышты келешекті белгілері қазірдің өзінде көріне бастады. Мәселен, зерттеу экстремалды ыстық аталған аймақта өткен 50 жыл бойы ұдайы көтеріліп отырғанын көрсетті. 2013 жылы бұл өңірде 50 күн бойы аса қатты ыстық болып, Шанхайда 141 жыл болмаған ыстық температура тіркелді.

«Зерттеу мынаны нәрсені көрсетіп отыр. Егер парник газдарын шығару осы деңгейде қала берсе, бірнеше аспект бойынша қауіпті шектер тоқайласады. Нәтижеде Қытайдың ауыл шаруашылығы аймақтарының басым бөлігінде далада жұмыс істеу мүмкін болмайды. Бұл сияқты зерттеулер өте маңызды. Өйткені, ол өкіметтерге фермерлерді қолдап, ауыл шаруашылығын жаңаша басқару арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді бұл зерттеуге қатыспаған ғалым, Ұлыбритания Экология және гидрология орталығының маманы, профессор Крис Хантингфорд.

Зерттеу ең экстермалды температура Парсы шығанағында екенін анықтады, бірақ ол ыстық қазір теңізде бетінде болып жатыр.

«Ал Қытайдың солтүстігіне келсек, ондай ыстықта адамдар өмір сүруде», - дейді Эльтаир.

Әрине, бұл ахуалға негізгі себепші – климаттың өзгеруі. Алайда, Қытайдың солтүстігіндегі жазық далалы өңірде егінді суғару үшін судың аса көп мөлшерде жұмсалуы да айтарлықтай зардабын тигізеді, ол WBT-ға 0,5 градус қосып отыр. Себебі, егінге жайылған су буланып ауаның дымқылдығын арттырады және су буының өзі аса күшті парник газы болып табылады.

Бұл зерттеуді жасау үшін ғалымдар Қытайдың солтүстігіндегі жазық далалы өңірде соңғы 30 отыз жылда болған климаттық өзгерістердің компьютерлік модельдерін егжей-тегжей сараптады. Шын өлшемдерге дәлме дәл сәйкес келген модельдер аймақта 2070-2100 аралығында болатын климаттық ахуалға болжау жасау үшін қолданылды.

Профессор Эльфатих Эльтаирдың айтуынша, парник газдарын шығару азайтылған күннің өзінде, Қытай өкіметі тұрғындарды салқындатылатын үй-жайлармен қамту, жұртшылыққа экстермалды ыстықтың қауіп-қатерін түсіндіру сияқты шараларды қолға алуы керек.

0 пікір
Мұрағат