Ғарышты меншіктеу: қай елдер әуе кеңістігін игеріп алмай тұрып, иемденгісі келеді?
|
Ғарыштық бағдарламасы жоқ сегіз ел өз жерінің үстіндегі ғарыш аумағына бақылау орнатуға шешім қабылдаған. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қазіргі уақытта Ғарыш туралы шартта ғарыш кеңістігін, соның ішінде Айды және басқа да аспан денелерін сырттай егемендік жариялау немесе пайдалану я болмаса басып алу арқылы, сондай-ақ, кез келген басқа тәсілмен ұлттық меншікке айналдыра алмайтыны айтылған. Дегенмен, бұған дейін бірнеше елдер өз аумағы бойынша ғарыш кеңістігінде егемендік орнатуға тырысқан. Атап айтқанда, Бразилия, Колумбия, Кения, Индонезия, Уганда, Эквадор, Конго және Заир ғарыштық аумақтарды заңды түрде иемденуге әрекет жасап көрген еді. Аталған елдер өз аумақтарынан жоғары орналасқан ғарыш кеңістігіне егемендік жариялау туралы келісімге қол қойды. Тіпті, Колумбия мұнымен ғана шектеліп қалмай, бұл келісімді ел конституциясында бекітпек болды. Алайда, аталған елдердің бұл декларациясын Біріккен Ұлттар Ұйымы ғана емес, ғарыштық бағдарламасы дамыған бірде-бір мемлекет мойындамады.
Бұл тарапта ғарыштағы заңдар халықаралық шарттармен реттеледі. Оның негізгісі – 1967 жылы қол қойылған Ғарыш кеңістігі туралы шарт. Оның екі маңызды қағидасы бар:
- ғарыш кеңістігі қарусыздандырылған аймақ, яғни, жаппай қырып-жоятын қаруды ғарыш кеңістігіне орналастыруға болмайды;
- ғарыш кеңістігі мен аспан денелері (және олармен байланысты барлық ресурстар) бүкіл адамзаттың ортақ меншігі болып табылады, сондықтан, қандай да бір мемлекет немесе жеке тұлға иелене алмайды.
Аталмыш ғарыш келісіміне 102 мемлекет қол қойған.