Ғаламшардағы ең ыстық жерлердің бірі - Мохава шөліндегі ғажайып (ФОТО, ВИДЕО)
|
Ғаламшардағы ең ыстық жерлердің бірі - американдық Мохава шөліндегі Өлім алқабында 10 жылда алғаш рет гүлдер шешек атты.
Адам сенбейтін табиғат құбылысы аймақта болған нөсер жауыннан кейін басталған, деп жазады epochtimes.ru.
Өткен күзде бұл шөлде дауылдар мен нөсерлі жаңбырлар болып, жергілікті жолдардың көп бөлігін шайып тастады. Жаңбыр суы бірнеше ондаған жылдар бойы шөлге желмен ұшып келген талай өсімдіктердің тұқымдарына өмір берді. Енді алқап көптеген туристерді тартып отырған алуан түрлі гүлдерге толды.
Өлім алқабы ғаламшардағы ең ыстық аумақтардың бірі болып саналады. Шөлдегі орташа ауа температурасы +46 градусты құрайды. Жер бетінде +57 градус болған ең жоғары температура да осы жерде тіркелген. Кей жылдары шөлде жауын-шашын мүлдем болмаған.
Ғалымдар шөлге түскен жауындарды соңғы кезде белсенділігі жоғарылаған Эль-Ниньо құбылысымен байланыстырып отыр.