Ең лай судың өзін бір түймені басумен тазартатын құрылғы жасалды (видео)
|
Норвегтердің Vitaloop стартапы қолдануға аса қолайлы Defender деп аталатын су тазартушы құрылғысын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл жайында islam.kz порталы techcult ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сапасы сын көтермейтін су құйып, түймесін бассаңыз, ішуге жарамды 480 мл-дей таза су аласыз. Батарея қуаты 100 мәрте тазартуға жеткілікті, ал сүзгісі 200 мәрте пайдалануға жарамды. Defender көлемі - 26,5 x 7,5 см, салмағы - 0,49 келі. Лас суды тазарту уақыты - 45 секунд. Ішінде лас және таза суға арналған екі бөлек камера бар. Тазалау процесі толығымен автоматтандырылған. Тазалау жүйесі бес сатыдан тұрады. Біріншісі - үлкен қоқыстарды бөлуге арналған металл сүзгі торы. Содан кейін кір судың ең кішкентай бөлшектерін ұстап қалатын жұқа тор. Үшінші сүзгі көптеген вирустарды «аулайды», төртіншісі - белсендірілген көмір сүзгісі суды ауыр металдар мен токсиндерден тазартады. Соңғы графен сүзгісі, өндірушінің айтуынша, суды микропластикалық бөлшектерден зарарсыздандырады. Бағасы – 35 доллар.