Экзосүлделі шалбар пайда болды (видео)
|
Google X Labs түлегі Кэтрин Зеланд негізін қалаған Skip компаниясы нарыққа жаңа өнім шығарды: бұл арада кіріктірілген гибридті, экзосүлделі MO/GO шалбары турасында сөз болып отыр. Ерекше киім қарапайым шалбардан тізе буындарының бүйірлерінде екі электр сервосының болуымен ерекшеленеді. Олардың көмегімен адамдар өзін 14 келі жеңілірек сезіне бастайды - серволар аяқтың бұлшықет күшін 40%-ға арттырады. Бұл жайында islam.kz порталы techcult ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңа өнім жобадағы материал мен дизайнды таңдауға жауап беретін, сыртқы киімді дамытудағы әлемдік көшбасшылардың бірі - Arc'teryx компаниясымен тығыз ынтымақтастықта шығарылды. Skip әзірлеушілері аккумулятор заряды MO/GO функциясын үш сағат бойы пайдалануға жететінін мәлімдеді. Шындығында, шалбарды пайдалану уақыты ылдилаған кезде ұзағырақ болуы мүмкін. Яғни, еңіске түскенде құрылғы энергияны көп тұтынбайды. Айрықша технология белсенді демалыс пен жаяу серуендеуді ұнататындарға және қозғалу мүмкіндіктері шектеулі, яғни, жүріп-тұруы қиын адамдарға бағытталған. Сынақ кезінде MO/GO шалбары ширек ғасырда алғаш рет әйелге баспалдақпен өздігінен көтерілуге мүмкіндік берді. Жаңа өнім әлі медициналық құрылғы ретінде жарнамаланған емес, десе де оның Паркинсон ауруын емдеудегі әлеуеті қазірдің өзінде зерттелуде. Канада мен Америкада сіз MO/GO артықшылықтарын күніне 80 долларға жалға алу арқылы тексеріп, көз жеткізе аласыз. Сондай-ақ, өзгеше жүйені 5500 долларға сатып алуға болады.