Дональд Трамп (штрих)
Дональд Трамп (штрих)
6 жыл бұрын 3704 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ол қандай қандай тұлға? Позициясы қандай? Ол АҚШ-ты аса үстем державаға айналдыра ала ма немесе әлемнен оқшаулай ма? Бұл сауалдарға Валерий Коровин есімді сарапшы өзінше жауап іздеген екен. Қазіргі геосаясаттағы ахуалды АҚШ-сыз, соның ішінде Ақ үй қожайыны Дональд Трампсыз елестете алмайсыз. Билік басына келгелі бері күллі әлемді астаң-кестеңін шығарып, шалт әрі батыл шешімдерімен танымал Дональд Трамп, әлбетте, алып державаның емес, дамушы елдердің бірінің басшысы болғанда оның іс-әрекетіне әлем жұртшылығы назар салмас та еді. Бар гәп – осында. Кездейсоқ ештеңе жоқ. Тарих қайталанады. Дональд Трамп АҚШ секілді алып державаның билігіне кездейсоқ келген жоқ. Тобырдың сайлауымен. Ол сол қоғамның ортасынан өсіп-өнген тұлға. Былайша айтқанда, америкалық қоғамның жемісі. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин де геосаясаттағы көрнекті тұлғалардың бірі. Мейлі кім қалай айтса да, қалай жорыса да. Путиннің де билік басына келуі кездейсоқтық емес. Немесе Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды алайық. «Апама жездем сай» - мейлі шалыс бассын, мейлі шектен шықсын, олар өз елінің мүддесін қызғыштай қоритын тұлғалар. Өз елін өрге сүйреу үшін неден болса да тайынбайтын тұлғалар. Бірінен-бірі өткен тұлғалардың саясат сахнасына шығуы да кездейсоқтық дей алмайсыз. Осы заманның жемісі әрі талабы. Сол себепті, қазіргі геосаясаттағы ахуалдың ушығуын басқадан емес, держава басшыларының тұлғалық қасиетінен іздейтіндер көп. Жуырда америкалық сенатор Рэнд Пол Ресейге арнайы ат басын бұрып, ресейлік әріптестерімен кездесіп, Путиннің қолына Дональд Трамптың үшбу хатын табыс етті. Хатта екі елдің одан арғы өзара іс-қимылының тезисі, т.б. жазылған. Жақшаның ішіне алып айтарымыз: мұның бәрі екі елдің «қырғи қабақ соғыс» кезіне жақын қатынасы орнағанына қарамастан орын алып отыр. Дональд Трамптың орнында басқа біреу болса, Ресеймен ат құйрығын әлдеқашан кесісер еді. Мұндай қатынасқа жеткенде. Бұл елеусіз жайт қазіргі АҚШ президентінің қандай тұлға екенін көрсетіп береді. Дональд Трамптың тек Ресеймен емес, Түркиямен емес, Қытаймен ғана емес, сонымен қатар, геосаясаттағы одақтастарына айналған Еуропалық одаққа да ең алдымен АҚШ мүддесін алға шығарып, басын қатерге тігіп, сауда соғысын ашып, күллі әлемге жаманатты болып отырғанына байланысты оны есуас санайтындардың қарасы тек өзге елдерде ғана емес, сонымен қатар, америкалықтардың арасында да көптеп ұшырасады. Соған қарамастан ол жауларымен де дилогты үзбеуге күш салып отыр. Бұл оның прагматик екенін көрсетіп бермей ме? Сөз жоқ, мұндай қасиет тек күшті, өзіне сенімді тұлғаларға тән. Кересінше осы заманғы ең дені дұрыс саясаткер екенін көрсетіп береді. Оның бар айыбы – өзіне жақтас командасының болмауы. Бәрі теріс айналып жатқанда оған қолдау көрсететін ортаның болмауы дер едік. Өздерін либерал санайтындардың өзі Дональд Трампты жақтыра бермейді. Ал Дональд Трамп жауларымен болса да тіл табысуға күш салуы АҚШ-ты алып державаға айналдыруға ең қажетті қабілет дер едік.

0 пікір
Мұрағат