Деменция кезінде есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған қолданба (қосымша) әзірленді
Деменция кезінде есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған қолданба (қосымша) әзірленді
2 жыл бұрын 1273 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Канададағы Торонто университетінің ғалымдары деменцияда, атап айтқанда, Альцгеймер ауруында есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған қосымша жасады. Бұл жайында islam.kz порталы Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Смартфон қолданбасы HippoCamera деп аталды, себебі ол мидың гиппокампының жадты құру және сақтау функциясын қайталай алады. Атталмыш қолданба, сонымен қатар, мида сақталған естеліктерді кодтауды жақсартады, күнделікті оқиғаларға назар аударады және күшейтеді. Ғалымдар бұл қолданбаның Альцгеймер ауруынан немесе есте сақтау қабілетінің ауытқуынан зардап шегетіндерге көмегін тигізетінін алға тартып отыр. Он аптаға созылған сынаққа қатысушылар HippoCamera көмегімен 24 секундқа дейінгі қысқа бейнелер түсірді, содан кейін сегіз секунд ішінде аудио форматта есте сақтағысы келетін оқиғаны сипаттады. Осыдан кейін пайдаланушылар жадты нығайту үшін HippoCamera-да файлдарды жүйелі түрде ойнатты. Біршама уақыттан кейін мамандар пациенттердің миын МРТ сканерден өткізіп, олардың ми белсенділігін өлшеген екен, ал тәжірибеге қатысушылар олардың жазбаларын қарап, есте сақтау сынағынан өтті. Нәтижесінде бұл бағдарлама қолданушыларға алты ай бұрын болған күнделікті оқиғалар туралы мәліметтерді тек сол естеліктерді жазып алып, ешқашан ойнатпағанға қарағанда 50 пайызға көбірек есте сақтауға мүмкіндік берген. Сөз орайы келгенде айта кетейік, 2021 жылы Ватерлоо университетінің (Онтарио, Канада) зерттеушілері Community ASAP (оны «жедел қоғамдық көмек» деп аударуға болады) деп аталатын мобилді қосымша әзірлеген еді. Ол алжу ауруына байланысты есінен танып жоғалған адамдарды табуға арналған.

0 пікір
Мұрағат