|
Дата орталықтар климат дағдарысын тереңдетеді
|
Жасанды зерденің өзегі саналатын дата-орталықтар (ақпаратты өңдейді, сақтайды және таратады) айналасына ауа температурасынан асатын жылу бөліп, «жылу аралы» аумағын қалыптастырады. Жасанды зерде технологиясына сұраныс артып келеді әрі кеңінен тарап келеді. Осындай себепке байланысты мұндай дата-орталықтар жылдан жылға жылдам көбейе береді. Ал бұл фактор өз кезегінде климат пен экологияға теріс әсерін тигізеді. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кембридж университетінің ғалымдары соңғы 20 жылдағы жер бетінің температурасы туралы спутниктік деректерді талдап, оларды бүкіл әлем бойынша шамамен 8 400 дата-орталықтың орналасқан орнындағы ауа температурасымен салыстырып көрген екен. Халықтың тығыздығы сияқты сыртқы факторлардан болатын «жылу аралдарымен» шатастырмас үшін бұл бағыттағы зерттеу салыстырмалы түрде алыс аудандарда орналасқан қондырғылар маңында жүргізілген. Нәтижесінде дата-орталықтардың жанындағы ауа температурасы олар жұмыс істегеннен кейін бірнеше ай ішінде орташа алғанда Целсия бойынша 2 градусқа көтерілгенін көрсетті. Кей төтенше жағдайларда температура 9 градустан жоғары көтерілді. Зерттеушілердің айтуынша, дата-орталықтар генерациялайтын жылу қоршаған ауамен бірге «дата-орталықтардағы жылу аралының феноменін» тудырады. Жоғары температура дата-орталықтан 10 шақырым дейінгі қашықтыққа дейін тараған - бұл ретте жылу әсері шамамен 70% деңгейінде, тіпті, 7 шақырым қашықтықта да сақталды. Ғалымдар тұрғындардың орналасқан орны туралы мәліметтерді ақтара отырып, 340 миллионға жуық адамның күллі әлемдегі дата-орталықтардан 10 шақырым радиуста тұратынын анықтады. Яғни, дата орталық маңында қоныс тепкендер өзгелерге қарағанда ыстықтан көбірек зардап шегетін болады. Жасанды зерде технологиясының таралу қарқынына қарай дата-орталықтар қатары шапшаң өсіп келеді. Осыған байланысты өңделетін әрі таратылатын ақпарат ағыны күрт өсіп келеді, ал бұл жайт мол энергияны қажет етежі және жылу генерациясының ұлғаюына алып келеді. Кореялық дата-орталықтар қауымдастығының мәліметі бойынша қазіргі уақытта Оңтүстік Корея аумағында 58 дата-орталық жұмыс істеп тұр. 2028 жылға таман тағы 76 дата-орталық пайда болады. JLL консалтингтік компаниясы 2025-2030 жылдар аралығында жаһандық дата-орталықтар саны екі есеге артатынын болжап отыр.