Чек сақталмаған жағдайда тауарды қайтарудың жолдары
Чек сақталмаған жағдайда тауарды қайтарудың жолдары
6 жыл бұрын 3477 Дана Нұрболқызы

Тұтынушылардың көбі тауарды алғанын растайтын чекке селқостық танытады. Бүгінде қай дүкенге кірсең де, ұнағанын алып, түсіне дейін таңдай аласың. Алайда, оның ішінен іздеген затыңның сапалысын таңдап алу - ең маңыздысы. Көп жағдайда сатып алған бұйым сапалы болып шыға бермейді. Мұндай жағдайда тұтынушы не істеуі керек? Алған заттың чегі сақталмаса тауар кері қайтарыла ма? Тұтынушының құқығы қандай? Тауарды неше күнде қайтаруға болады деген сұрақтарға Tengrinews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Сапасыз тауарды қанша уақыт аралығында қайтаруға болады?

Қазақстан тұтынушыларының құқығын қорғау лигасының президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, тауарды 14 күн ішінде қайтаруға болады. Алайда, тауардың сапасы мен сатылымға жарайтындай жаңа қалпында сақталуы тиіс.

"Тауар ұнамай қалған жағдайда ауыстыруға болады, тек оның түрі, яғни, сатушы бұл тауарды қайта сата алатындай болуы керек. Бірақ, кейде бір түнге киімді киіп, тауарға тиіспегенін мәлімдеп, ұнамай қалды дейтіндер де болады. Ол кезде біз арнайы сарапшыларды шақырып, олар киімге сараптама ісін жүргізеді. Егер киім я тауар қолданғаны дәлелденіп, іс сотқа дейін жетсе тұтынушы сараптамаға және шығындарына жұмсалған ақшаны төлеуге мәжбүр болады", - деді Светлана.

Ал сараптама ісі қалай жүргізіледі? Маманның айтуынша, тұтынушы сараптама ісі оның көзінше өтуіне талап етуге толықтай құқығы бар.

"Сарапшыларды тағайындаған кезде ол екі тарапқа да тәуелсіз абсолют маман болуы тиіс. Ал тұтынушы сол тәуелсіз сарапшы тауарға қандай да бір зақым келтірмеу үшін жанында тұруға заң бойынша құқығы бар", - деп мәлімдеді ол.

Тауар бұзылып я сынып қалса қайда барамын? Кімге арыз жазамын? Егер тұтынушының сауда орнынан алған заты сапасыз болып шықса, ол бірден тұтынушылардың құқығын қорғау бөліміне хабарласуы керек. Тұтынушылардың құқығын қорғау лигасының президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, соңғы жылдары ұялы телефонға қатысты шағымданушылар көбейген.

"Жақында бір азамат дүкеннен су жаңа гаджет алғанын айтып келді. Алайда, араға бір ай салғаннан кейін телофонның беті қызыл болып, істен шыққанын айтты. Ол маған дүкенші жаңа деп сендірген, неге бұлай деп шағымдана бастады. Алайда, тұтынушы сатушыға "Бұл қолданылған, маған жаңа сөреден алып беріңіз" десе де құлақ аспағанын айтты. Демек, бұл жерде сатушының кінәсі. Бұл кезде осы оқиғаға қатысты арыз жазу керек", - деді ол.

Кімге, қай жерге барып арыз жазуым керек?

Романовскаяның айтуынша, мұндай кезде зардап шегуші тұтынушының құқығын қорғау бөліміне келіп шағым парақшасын толтырады. Құжатқа қанша сомаға тауар алғанын және оның істен қалай шыққанын, қай кезден бастағынын түгелдей сипаттап жазуы керек. Құжаты екі данада толтырып, бірін өзіне қалдырса, екіншісін тұтынушының құқығын қорғау бөліміне қалдырып кетеді.

"Заң жүзінде тауардың сапасына көңілі толмаған тұтынушы оны кері тапсырып, ақшасын қайтып алуына толық құқығы бар. Ол үшін затты сол жерден сатып алғаныңды растайтын құжат, яғни фискал чек, тауар чегі, түбіртек секілді құжат болуы керек. Осындай құжаттар болған жағдайда жаңа тауарды алған күннен бастап 14 күннің ішінде  ауыстырып немесе ақшаңызды кері қайтаруға сауда орны міндетті. Егер арызда көрсетілген күннің ішінде жауап бермесе, сотқа шағымдана алады. Ал іс сотқа дейін барса, Ұлттық тұтынушылар лигасындағы заңгер тұтынушының құқын қорғауға міндетті түрде көмектеседі", - деді ол.

Тауарды базардан алғанда чек берілмесе не істеймін?

Егер сізде тауарды сатып алғаныңыз жайлы чек болмаса я берілмесе сауда орталығындағы видеобақылау арқылы дәлелдей аласыз. Бірақ, маман тауарды базардан алсаңыз және ол сізге тауарды алғаныңызды растайтын чек бермесе сатушының түрін, қандай бөлімнен алғаныңызды, қай базар екенін суретке түсіріп алуыңыз керектігін айтады.  

Маман ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау заңының 30-бабына сәйкес, сатушының тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері бар екенін айтты. Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандайда бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы сатушыға сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуі тиіс.

Маман ҚР Тұтынушылардың құқытарын қорғау туралы заңыныңда сатушының тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері бар екенін айтты.

Олар:

1. Медициналық мақсаттағы бұйымдарды (дәрілік, емдіәк заттар)

2. Іш киімді

3. Шұлықты

4. Метрлеп сатылатын тауарларды, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, бауларды, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы қоспағанда егер тиісті сападағы азық-түлік емес тауар пайдаланылмаса, оны тауарлық түрі, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, тауар сатып алынған күннен бастап он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Романовская тұтынушы қандай тауар алса да, сатып алар кезде мұқият болғаны абзал деп ескертті. Мұның себебін ол жұрттың тауарды сатып аларда құжатқа емес, сатушының көмегіне жүгінетінімен түсіндірді.

"Көбі құжаттан гөрі сатушыға көбірек сенеді. Кез келген тауардың құжатында оның неден жасалғаны, мерзімі қандай уақытқа дейін жететіні, қандай өнім екені - барлығы жазылған. Алайда, құжат тілі әрдайым түсініктірек әрі сенімді. Әсіресе, құжатқа қол қояр кезде не құжат екенін, заңдастырылған ба, бүге-шігесіне дейін оқып шығу керек", - деп кеңес береді Қазақстан тұтынушыларының құқығын қорғау лигасының президенті Светлана Романовская.

0 пікір
Мұрағат