Боливияда бір көл жоқ болып кетті
|
Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан Боливия мемлекеті жеріндегі Поопо атты үлкен көл өзінің су қоймасы ретінде тіршілік етуін тоқтатты. Еуропа аэроғарыш агенттігіндегілер оны төбеден спутник арқылы зерттеп шығудың қорытындысында орасан зор көлемдегі шүңеттің суы жылдар бойы бу болып аспанға ұшып кетуі салдарынан жоқ болғанын айтып отыр.
Эколог ғалымдар сондай-ақ, бұл Поопоның бірінші рет табаны құрғап қалуы емес екенін де алға тартады. Тереңдігі ешқашан 3 метрден асып көрмеген және жиі алмасатын климаттық жағдайға байланысты су қоймасының ауқымы да талай сапар өзгеріске түскен екен. Поопо суының мұның алдында түгел бу болып ұшып кетуі 1994 жылы тіркеліпті. Бірақ осыдан кейінгі бірнеше жылдың ішінде көл айдыны қайтадан қалпына келсе керек. Климатологтар су қоймасының бұл жолғы тып-типыл болуының «ғұмыры» бұрынғы қайсыбір кезеңге қарағанда да ұзаққа созылады деген болжам жасап отыр. «Бәлки, осымен Поопоны мәңгіге жоғалтып алған болуымыз да мүмкін», дейді олар.
Тұзды, тұйық Поопо көлінің аумағы 1100-2500 шаршы шақырымды құрайды. Оған 1962 жылға дейін Титикаке көлінен шығатын Десагуадеро деген жалғыз өзен құйып тұрған. Бірақ өткен ғасырдың ортасы ауа оның дельтасын әртүрлі шөп-шалам басып қалды. Нәтижесінде өзен арнасын өзгертіп, Оруро қаласының маңынан Уру-Уру деген көл жасап шығарды. Кейін Уру-Уру мен Поопоның арасы ағын сумен қосылып жатты. Әйткенмен, онда ағып баратын судың ауқымы мардымсыз болды.
Қазіргі таңда ЕКА Proba-V спутнигі климаттық өзгерістерді зерттеу шеңберінде жер көлемі өзгерісі жөнінде мониторинг жүргізуде. Космос аппаратынан түсірілген суреттер Боливиядағы ауқымы жағынан екінші үлкен көлдің табаны құрғап біткенін растап берді. Ал кенезесі кеуіп қалғанға дейін Поопо көлемі жағынан тек Титикакені ғана алдына жіберіп тұрды.