Биыл обырдан 10 млн-ға тарта адам опат болады
Биыл обырдан 10 млн-ға тарта адам опат болады
6 жыл бұрын 3523 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымының ісік ауруларына қатысты мәселелермен шұғылданатын бөлімше жаңа есебін жария етті. Сарапшылардың келтірген статистикалық дерегіне қарағанда, биыл әлем бойынша 18 млн-дай адам обыр дертіне шалдығады. Олардың дені, дәлірегі, шамамен 9,6 млн-ы осы сырқаттан көз жұмады. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 14 млн болып еді - яғни, сол жылы осынша адам қатерлі ісік дертіне шалдығып, 8 млн-ы аталмыш дерттен дүние салған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының инфекциялық емес аурулар бөлімшесінің жетекшісі, доктор Этьен Круг (Etienne Krug) қатерлі ісікке шалдықпау немесе обыр дертінен ерте бақилық болмау үшін саламатты өмір салтын ұстану керектігін алға тартып отыр. Яғни, темекі шекпеу, ішімдік ішпеу, көп қимылдау, дұрыс тамақтану, т.б. Аталған есепте келтірілген мәліметке үңілсек, обыр дертіне шалдыққандардың, яғни, диагноз қойылғандардың 44 млн-ға жуығы бес жылдан немесе одан да ұзақ уақытқа артық өмір сүре алады. Әлемнің 185 елі бойынша статистикалық есепке негізделген дерекке сенсек, ер-азаматтардың әрбір бесіншісі, ал әйелдердің әрбір алтыншысы өмірінде осы аурумен бетпе-бет келген. Обырдың ішінде, әсіресе, ерлер арасында өкпеның қатерлі ісігі мен әйелдердің сүт безінің рагы өршіп тұр. 2040 жылға қарай әлемде жыл сайын 29 млн адам обыр дертіне шалдығады және олардың 16 млн-ы осы аурудан көз жұмады. 

0 пікір
Мұрағат