Билл Гейтс: 6 айда 30 млн адамның өмірін жалмайтын індет жақындап келеді (видео)
|
Әлемдегі ең оптимист әрі әйгілі ғалымның айтуынша, келесі он жылдықта адамзатты қиын кезең күтіп тұр: аса қауіпті індет қауға тиген от секілді әлемнің кез келген түкпіріне тез тарап, жарты жыл ішінде 30 млн адамды опат етуі мүмкін. Яғни, жолындағысын жалмап-жұқтап кететін жұт секілді болмақ. Билл Гейтс бұл мәлімдемесін Жаңа Англияның медициналық мерзімді басылымы мен Массачусет медицина қоғамы ұйымдастырған эпидемия тақырыбына қатысты пікірталаста жасады. Сондай-ақ, ол адамзаттың төніп келе жатқан бұл індетке дайын еместігін де жасырмады. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, кезінде әлемде бірінен кейін бірі пайда болған түрлі індеттерді (мәселен, құс тұмауы, Эбола, т.б.) пайда табу үшін әлдекімдердің ойлап тапқаны, т.б. қауесеттердің тарағаны белгілі. Ал полиомиелит және безгек секілді індеттермен және әлемдегі кедейлікпен күресу үшін қаржысын да, уақытын да аямаған ғалымның өтірік айтуы, жалған сөйлеуі мүмкін бе? Бұл – бір. Екіншіден, ол бұл деректі қайдан алды? Бұл турасында ақпарат жоқ, өкінішке қарай. Ғалым осылай дей келе әлем тұрғындарының саны жылдан жылға көбейіп келе жатқандықтан жан аяғы баспаған жабайы орта тарылып барады. Ал кейбір жекелеген оңбаған топтар қарақан басының пайдасы үшін ауруды жасанды жолмен таратып жатқанын жеткізді. Ол, тіпті, мемлекеттік емес мүдделі ұйымдардың жабық зертханаларда кісі өліміне апарып соқтыратын аса қауіпті шешекті жетілдіріп жатуы мүмкін екенін да тілге тиек етті. Алты айшылық алысты осы заманғы технологияның көмегімен алты сағатта-ақ артқа тастайтын бүгінгі күні індет жылдам тарайды. Билл Гейтс ауруларды моделдеу (жетілдіру деп ұқсаңыздар да болады) институты жасаған симуляцияны көрсете отырып, көп ұзамай бас көтеретін жаңа тұмаудың 1918 жылы 50 млн адамды жер жастандырған індет секілді болатынын жеткізді. Кенеттен келетін бұл тұмау әлемді әбігерге салған SARS және MERS вирусы секілді мүлдем жаңа тұмау болмақ. «Егер ел билігіне 30 млн адамды қырып-жоятын қару жасалып жатқаны хабарланса, ол дереу қауіптің бетін қайтару қамына кіріседі. Ал биологиялық қауіпте ондай оперативтілік таныта қоймайды. Әлем соғысқа дайындалғанындай, пандемияға да дайын болуы тиіс»,- деді ол сөз арасында. Вирустық немесе бактериялық қауіп әлемнің кез келген түкпірінен пайда болуы мүмкін. Мейлі ол табиғи жолмен, мейлі ол жасанды жолмен тараса да, оған дайын болған жөн. Билл Гейтс қоры осы салады 12 млн доллар бөлгенін де жайып салды. Төніп келе жатқан қауіпке қалай дайындалу керек? Індет пайда болған ошақты дереу оқшаулау, яғни, карантин шарасы, уақыт оздырмай диагноз қою, оны емдеудің жолдарын іздестіру, т.б.