Баллистикалық зымыран қандай қару?
|
Солтүстік Корея 12 ақпан күні Жапон теңізіне орта қашықтықтағы баллистикалық ракета ұшырды. Бүгін зымыран сәтті сыналды деп ресми жариялады. Сынақ әлемдік қауымдастық тарапынан айыпталды. Дональд Трамп АҚШ-тың жүз пайыз Жапония жағында екенін мәлімдеді. Оңтүстік Корея жауап ретінде өз баллистикалық зымыранын ұшырмақ. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Пхеньянның әрекетін «аса жауапсыз» деп бағалады.
Солтүстік Кореяның немесе басқа да баллистикалық зымырандар сынағы неліктен әлемді дүрліктіреді? Оны түсіну үшін баллистикалық зымырандар туралы біршама мәлімет алғанымыз жөн.
Баллистикалық зымыран – ракеталық қарудың бір түрі.
Ұшу жылдамдығы мен бағыты туралы команда зымыранға «ұшудың актив бөлігі» деп аталатын кезеңде беріледі. «Ұшудың актив кезеңінде» зымыран қозғалтқыштың күшімен ұшады. Ал «ұшудың пассив кезеңінде» қоғалтқыш сөніп, зымыран әрі қарай өз инерциясымен, тартылыс күшінің және ауа кедергісінің әсерімен ұшады. Бұл траектория «баллистикалық» деп аталады.
Баллистикалық зымыран көпсатылы болса, белгіленген кезеңде зымыранның қызмет атқарып болған бөлігі түсіп қалады. Бұл зымыран жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Баллистикалық зымыран орналасатын, ұшуға дайындалатын және ұшатын орын стационарлық (жер бетінде немесе құдықта) және мобильді (машинада, ұшақта, кемеде, сүңгуір қайықта) болады.
Қолданатын аймағына қарай баллистикалық зымырандар стратегиялық және тактикалық болып бөлінеді. Стратегиялық зымырандар қарсылас елдің территориясындағы нысандарды құртуға арналады. Олар ядролық жарылғыш заттар алып ұшады. Ал тактикалықтар соғыс жүріп жатқан аймақтағы нысандарды жою үшін қолданылады.
Ұшу қашықтығына қарай баллистикалық зымырандар былай жіктеледі:
- Қысқа қашықтыққа арналған (500-ден 1000 км-ге дейін)
- Орта қашықтыққа арналған (1000-нан 5500 км-ге дейін)
- Құрлықаралық баллистикалық зымырандар (5500 км-ден жоғары).
Қарулы күштерінде орта қашықтыққа арналған баллистикалық зымырандары бар елдер:
- Солтүстік Корея – Нодон, Тэпходон-1, Мусудан
- Иран – Шахаб-3, Саджил
- Израиль – Иерихон-2
- Үндістан – Агни-3, Агни-4
- Пәкстан – Хатф-5
- Қытай – Дунфэн-21, Дунфэн-25, Дунфэн-26.
АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытайда (Дунфэн-3) орта қашықтыққа арналған баллистикалық зымырандар қарулы күштерден шығарылған.
Құрлықаралық баллистикалық зымырандарға қазіргі уақытта АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытай ие. Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея жасау үстінде.
Әлемдегі ең мықты құрлықаралық баллистикалық зымыран – ресейлік R36M2 «Воевода» (НАТО коды – SS-18 Mod 5 «Satan»). Екінші орында – АҚШ-тың LGM-30G Minuteman-III.
R36M2 «Воевода»
- Максимум ұшу қашықтығы – 16 000 км
- Старт кезіндегі салмағы – 211,1 тонна
- Пайдалы жүктеме салмағы (ядролық снаряд) – 8800 кг
- Ядролық заряд қуаты – 8 Мт
- Ұзындығы – 34,3 метр
- Диаметр – 3 метр.
R36M2
Бұл зымыран КСРО қарулы күштеріне 1988 жылы қабылданды. Қазір Ресейде 88 данасы бар. Қолдануға болатын мерзімі – 2026 жылға дейін.
LGM-30G Minuteman-III
- Максимум ұшу қашықтығы – 13 000 км
- Старт кезіндегі салмағы – 35,3 тонна
- Ұшу жылдамдығы – секундына 7,8 км
- Максимум ұшу биіктігі – 1120 километр
- Ұзындығы – 18,2 метр
- Диаметр – 1,7 метр.
LGM-30G Minuteman-III
Оңтүстік Корея әскерилерінің жорамалы бойынша, 12 ақпан күні Солтүстік Корея ұшырған баллистикалық зымыран «Нодон» болуы мүмкін. «Нодон» орта қашықтыққа арналған зымыран. Солтүстіккореялық ЦТАК агенттігі таратқан ақпаратта көрші елдердің зардап шекпеуі үшін зымыранның шағын қашықтыққа ұшырылғаны айтылған. Мақсат ядролық жарылғыш заттармен (ядролық боеголовка, ядролық оқтұмсық) жабдықталған баллистикалық зымыранды ұшыру және оның қағып түсіру әрекетінен бұлтару мүмкіндігін тексеру болған, бәрі сәтті аяқталды дейді Пхеньян.
Бұл – АҚШ-та Дональд Трамп билікке келгелі Солтүстік Корея жасаған алғашқы зымыран сынағы. Және ол Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің АҚШ-қа сапары кезінде жасалды.
1 қаңтар күні сөйлеген сөзінде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянның құрлықаралық баллистикалық зымыран жасап болуға жақын тұрғанын мәлімдеген болатын.