|
Арктикалық мұз ішінен таңғажайып организм табылды
|
Америкалық Стэнфорд университетінің ғалымдары анықтағандай, арктикалық мұздақ ішінде тірі әрі өте белсенді организм тіршілік етеді – диатомды балдыр. Бұл жайында islam.kz порталы Proceedings of the National Academy of Sciences мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл микроскопиялық, яғни, титтей тіршілік иесі –15 °C температурада да жылжи алады – ядросы бар жасуша үшін бұл рекордтық көрсеткіш. Микроскоппен қарағанда ол мұздың ішінде сырғанап жүргендей әсер қалдырады. Оның жылжу құпиясы – ерекше тетігінде (механизімінде): жасушасы ұлудікі тәрізді шырыш бөледі, осы шырыштың көмегімен жылжиды. Бұл процестің негізінде адам бұлшық етінде кездесетін, қозғалысты қамтамасыз ететін актин мен миозин ақуыздары жатыр. Арктикада табаны күректей 45 күнге созылған экспедиция кезінде (Чукот теңізі маңында) бақылау жүргізілген екен. Ғалымдар мұз кертігін жинап, арнайы әзірленген микроскоптардың көмегімен диатомейлердің мұз ішіндегі микроканалдар бойынша белсенді қозғалысына куә болған. Оның үстіне, арктикалық түрлер өздерінің «жылы» туыстарынан жылдам болып шықты. Бұл тіршілік иесінің эволюциялық тұрғыдан осындай қоршаған ортаға бейімделгенін көрсетеді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңалық мұз астындағы өмір туралы түсінікті өзгертуі мүмкін: мұндай организмдер азық-түлік тізбегінің басқа буындарын қоректендіре отырып, тіпті, мұздың қалыптасуына атсалыса отырып, бүкіл өңірдің экожүйесіне әсер ете алады.